Тоқаев тамыз конференциясына қатысты

Мұғалім өз пәнін жетік меңгеріп қана қоймай, педагогикалық тәжірибеде жаңа технологияларды да қолдана білуі керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз конференциясында мәлімдедіі.
«Алда әлі де ауқымды жұмыс бар. Босаңсуға болмайды. Үкімет пен әкімдер бұл жұмысқа баса мән беруі керек. Мысалы, білім беру мекемелерін тиісті интерактивті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету керек. Оқытуға арналған цифрлық платформалар мен электронды оқулықтар барлық оқушыға қолжетімді болуға тиіс. Бұл ретте оқыту материалдары түгел мұқият сарапталуы керек», - деді Президент.
Ол балаларға жастайынан жасанды интеллект технологиясын оқыту маңызды міндет екенін атап өтті.
«Бұл – болашақта жастарымыздың бәсекеге қабілетті озық маман болуына қажетті бірден-бір дағды. Бұл педагогтерге де қатысты. Мұғалім өз пәнін жетік меңгеріп қана қоймай, педагогикалық тәжірибеде жаңа технологияларды да қолдана білуі керек. Жалпы, білім беру саласын мүлдем жаңа сапалы деңгейге шығару үшін цифрландыру мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдаланған жөн», - деп жалғастырды сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдермен өткен жиында.
Президент мұғалімдердің тұтас елімізді технологиялық тұрғыдан жаңғырту ісінде алдыңғы шептен табылып, біздің қоғамды нағыз прогрессивті әрі дамыған ұлтқа айналдыруға ерен үлес қосатынына сенім білдірді.
Сондай-ақ Тоқаевтың сөзінше, бүгінде еліміздегі мектептердің 95 пайыздан астамы жылдам интернетпен қамтылған. Аталған көрсеткішті 100 пайызға жеткізу керек. Жерсерік жүйелерінің мүмкіндіктерін осы мақсатқа пайдалануға болады. Мұны жай ғана инфрақұрылымға теңдей қол жеткізу мәселесі емес, әлеуметтік әділдіктің маңызды идеологиялық қағидаты ретінде қарастырған жөн.
Abai.kz