Жұма, 15 Тамыз 2025
Аймақ 219 0 пікір 15 Тамыз, 2025 сағат 18:31

Жетісу облысы құрылғаннан бері облыста 276 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны жаңғыртылды

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Жетісу облысы құрылғаннан бері облыста 276 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны салынды және жөнделді, соның 104-і биылғы жылдың үлесінде. Соның нәтижесінде әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының жаңару деңгейі 55,8%-ға жетпек, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Білім беру саласында 2002-2025 жылдары 41 мектеп жаңарды, соның ішінде биыл 4 жаңа мектеп салынса, 6-уы күрделі құрылыстан кейін пайдалануға беріледі.

Соңғы үш жылда денсаулық сақтау саласында 162 жоба қолға алынды, бұл ретте 75 нысанның құрылысы биыл аяқталады, соның 44-і - «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынуда.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Спорт саласында көрсетілген мерзім ішінде 39 нысан қолданысқа берілсе, биыл 7 нысан, атап айтқанда дене шынықтыру-сауықтыру кешені, көркем гимнастика залы, блокты-мобульді спорт кешендері ел игілігіне ұсынылады. Соның нәтижесінде халықты спорт инфрақұрылымымен қамту 64%, дене шынықтырумен және спортпен айналысатын тұрғындар саны 42% жетті. Ал мәдениет саласында жыл соңында облыс құрылғаннан бері жаңғыртылған нысандар саны 34-ке барады.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, заманауи әлеуметтік нысандардың салынуы, әсіресе, ауылдық жерлерде халықтың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартты.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

– 1970-ші жылдардың басынан зейнетке шыққанға дейін осы ауылда медбике болып жұмыс істедім. Ол кезде мұнда бар-жоғы бір акушер мен бір фельдшер қызмет көрсететін шағын медициналық пункт болатын. Қазір бізге дәрігерлік амбулатория салып берді. Қызмет көрсететін медицина қызметкерлерінің саны да едәуір артты. Қазір амбулатория заманауи медициналық құралдармен, аппараттармен жабдықталған. Бұрын анализдерді Жаркентке апарып тапсыруға тура келетін. Енді тұрғындардың қаралуына да, медицина қызметкерлерінің жұмыс істеуіне де өте қолайлы жағдай жасалып отыр, – дейді Панфилов ауданына қарасты Ақжазық ауылының тұрғыны Бағдағүл Ахметова.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Жалпы, өткен жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 2,9 есе өсті. Бұл ретте халықты тұрғын үймен қамтуға да ерекше мән берілді. Үш жыл ішінде шамамен 1 млн. шаршы метр тұрғын үй немесе 4994 пәтерлік 295 үй пайдалануға берілді.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Abai.kz

0 пікір