Сәрсенбі, 27 Тамыз 2025
Айбын 326 0 пікір 27 Тамыз, 2025 сағат 15:08

"Қайратқа" қайрат берген кім?

Сурет: Қайраттың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Футболдан Алматының "Қайрат" командасы Еуропа Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты. Іріктеу кезеңінің плей-офф кезеңінде "Қайрат" Шотландияның "Селтик" командасын пенальти сериясы арқылы жеңді.

Екі матчта да қос команда 0:0 есебімен тең түсті. Ал пенальти сериясында "Қайрат" қақпашысы Темірлан Анарбеков қақпасын голдан үш рет сақтап қалды. Осылайша Алматының "Қайраты" Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды.

"Қайрат" Қазақстанның футбол тарихында чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан екінші клуб атанды. 2015 жылы "Астана" клубы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған еді.

kazfootball.kz сайтының дерегінше, "Қайрат" футбол клубына Дубайда тіркелген Globex Energy FZE арқылы кәсіпкер Қайрат Боранбаев (70%) және Алматы тұрғыны Айжан Калдарбекова иелік етеді. 2015 жылдан бері "Қайрат футбол клубы" ЖШС 8,419 млрд теңге салық төлеген.

Бұрынғы президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев 2023 жылы наурызда "ірі көлемде бөтеннің мүлкін иемденді", "қылмыстық жолмен алынған ақшаны жымқырды" деп танылып, 8 жылға соттаған еді. Түрмеде отырған кезде "Қайрат" клубы Боранбаевтың иелігінде қала беретіні хабарланған. Сол жылдың соңында Боранбаев қамаудан босап шыққан. Ол былтыр Қазақстан ұлттық паралимпиада комитетінің президенті қызметіне қайта сайланған.

Жарыс алдында Қайрат Боранбаев ойыншыларға: "Олардың қолында - тарих, біздің қолымызда - болашақ бар" деп жігер берген екен.

Abai.kz

 

0 пікір