Сейсенбі, 9 Қыркүйек 2025
Ой түрткі 372 0 пікір 9 Қыркүйек, 2025 сағат 13:20

Адал деген қазаннан кейде доңыздың басы шығады...

Сурет: Өмір Шыныбекұлының әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Бір күні жұмыстан үйіне келген бір кісі, үйде әйелін жылап отырған жерінен көреді де, жылауының себебін сұрайды.

Әйелі:

– Үйіміздің алдындағы ағашқа қонған құстар мені орамалсыз көруі мүмкін. Бұл ісім Алла алдында күнә болар деп ойладым, соған жылап отырмын, – дейді.

Ер адам әйелінің Алладан қорқатын тақуалығына қатты сүйсініп, оны құшағына алып, маңдайынан сүйіп, құрал-сайманын алып, әйелін мазалаған құстар қонатын ағашты тамырымен қопарып тастайды.

Күндер өтіп жатады. Ер адам белгілі уақытта жұмысқа барып, белгілі уақытта қайтатын. Бір күні жұмыста күтпеген ақау болып, ол үйге ертерек оралады. Ешкімге сездірмей есікті ашып, әйеліне тосын сый жасағысы келіп, үйге кіргенде… үш ұйықтаса түсіне кірмеген масқара көрініске куә болады.

Құстардың өзін орамалсыз көруін арға дақ деп санаған әйелі мұның ақ төсегінде ойнасымен "ойнап" жатыр екен..

Бұл өз көзіне өзі сене алмай аңырып қалады да, аздан соң есін жиып, әйелі мен оның ойнасына білдірмей, өзіне қажетті затын жинап алып, үнсіз шығып басы ауған жағына кете барады.

Ұзақ жол жүріп, ақыры бір қалың халық жиналған жерге келеді. Жиналған жұрт абыр-сабыр, түсініксіз бір гуілдеп жатыр екен. Ол біреуден не болып жатқанын сұрайды.

Сөйтсе патшалықтың қазынасы ұрланыпты. Ұры табылмайынша, патша барлық халықты сарайдың алдына жинап ұстауға бұйрық беріпті.

Сол көпшіліктің арасынан оның назарын аяғының ұшымен ақырын басып келе жатқан бір кісі аударады. Мынаның қылығына таң қалған жігіт, "Бұл кім?" - деп, жұрттан сұрайды.

Олар:

– Бұл – осы патшалықтың ең тақуа, ең діндар адамы. Ол табанын толық басса, байқаусызда құмырсқа басып кетем бе деп қорқады. Сондықтан Алладан қорқып, осылай жүріп келеді, – дейді.

Сол сәтте әлгі ер адам:

– Уа, халық! Мен ұрыны таптым! Мені патшаға апарыңдар! - деп, айқайлап жібереді.

Оны патшаға алып барады. Ол патшаға:

– Қазынаны ұрлаған осы мынау діндар. Егер ол емес болса, менің басымды кесіңдер, – дейді.

Патшаның алдына әлгі діндарды адамды алып келеді. Қысқа ғана тергеуден кейін, шынында қазынаны өзі ұрлағанын мойындайды.

Бірақ патшаның көкейінде сұрақ қалады...

– Сен бұрын-соңды көрмеген бұл кісінің ұры екенін қайдан білдің? – дейді патша.

Біздің кейіпкер:

– Уа, тақсыр!

Ізгілік істеп, сауап алғысы келген кейбіреулер, Алладан қорқу сезімін асыра көрсетеді. Бірақ ол – шын тақуалық емес. Сол «асыра қорқуымен» өзге бір күнәсін, айыбын тұмшалап жүреді! - деп жауап береді.

Аңыздың түйіні - шектен шыққан жасандылық – шынайылықты жасыратын перде ғана.

Ливия халқының тәмсілі

Өмір Шыныбекұлының әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Abai.kz

0 пікір