Бейсенбі, 18 Қыркүйек 2025
Жаңалықтар 214 0 пікір 18 Қыркүйек, 2025 сағат 13:46

Елдегі кинотеатрларда неше фильм көрсетілді?

Сурет: Инстаграм желісінен алынды

Жыл басынан еліміздегі кинотеатрларда прокатқа неше шетелдік және отандық фильм шығарылды? Бұл сұраққа ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті жауап берді.

«Жыл басынан 60 отандық фильм (оның ішінде 10 ұлттық фильм), 200-ден астам шетелдік фильм кинопрокатқа шықты. Сонымен қатар, биыл Министрлік және Кино орталығының қолдауымен түсірілген 10 ұлттық фильм қазіргі қазақ қоғамындағы өзекті мәселелерді, ұлттық болмысты және жас ұрпақ тәрбиесіне оң әсер ететін идеяларды кино тілімен жеткізуді мақсат етеді, - делінген Мәдениет комитетінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Атап айтқанда, ауыл тіршілігін суреттейтін «Тезек», көкпарға арналған «Fake-овый Арман», отандық футбол жайлы «90+1», Татарстанмен бірлесіп түсірілген «Тарлан», құмар ойынға тәуелділік мәселесін көтеретін «Игроманка», роуд-муви жанрындағы «Joqtau» және ағза трансплантациясы тақырыбын қозғайтын «Ароматное сердце», алғашқы апат туралы «Қайтадан» көркем фильмдері жарыққа шықты. Сонымен қатар Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы оператор қыздардың ерлігіне арналған «Қара қыз», балалар контентін насихаттауға арналған «Алтын адам» анимациялық фильмі көрермен назарына ұсынылды.

«Жыл соңына дейін мемлекеттің қолдаумен түсірілген бірнеше ұлттық фильмнің прокатқа шығуы жоспарланған. Айта кету керек, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы шет мемлекеттер мен ел аймақтарында «Қазақ киносының күндерін» ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Биыл жыл басында басталған іс-шара Қарағанды, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарында өткізілді. Алдағы уақытта кино күндері өзге қалалар мен өңірлерде де жалғасын табады. Шараның басты мақсаты – шалғайдағы ағайынға ұлттық киноның бүгінгі даму деңгейін таныстыру, көрермен мен кино өнері арасындағы байланысты нығайту және отандық кинотуындыларды кеңінен насихаттау, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Abai.kz

 

0 пікір