Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2655 0 пікір 13 Қазан, 2009 сағат 08:07

Ақберен Елгезек. Жоғалған кеңістік – 1. 1904 жыл.

Қоғамның ақыл-ойы тоқырауға ұшырап, алты бақан ала-ауыз болғанда, құмырадай кеудедегі Тәңіри рух бұлқынып, «қуатты оттай бұрқырап» көтеріліске шығады. Бұл көтеріліс сарсаң күйге түскен саналарға сапар шеккен қантөгіссіз, қарусыз бейбіт шеру сияқты. Ашық түйсік пен сергек сананың иесі ғана ғана ол шеруді жүрегімен қарсы алмақ. Қарсы алмаса, түсінбесе, айтқан сөзге құлақ түрмесе, көтерілісті бастаған ұлы рух иесі «қайғы шығып ілімнен, ыза шығып білімнен, зар шығарып тілінен» аласұра - алқынып, асанқайғыланған ойыменен ала-құла даланы адақтап кезіп, түк шықпаған соң, «ашуы - ашыған у болып, ойы кермек» татып, ақыры «моласындай бақсының жалғыз қалады». Ал, Пірге ермеген, оны ұлттың рухани көсемі ретінде сезінбеген халық - надан болып қала береді, оның көкжиегі ешқашан кеңеймейді, көсегесі де ұзақ уақыт көгермек емес.

Қазақ атты халықтың тылсым дүниедегі рухани эгрегоры солғын тартып, ғарышқа жұтылардай болғанда жан бүлігін, білімсіздік пен арсыздыққа қарсы қағаз бетіндегі күресін тұңғыш бастаған Абай.

Қоғамның ақыл-ойы тоқырауға ұшырап, алты бақан ала-ауыз болғанда, құмырадай кеудедегі Тәңіри рух бұлқынып, «қуатты оттай бұрқырап» көтеріліске шығады. Бұл көтеріліс сарсаң күйге түскен саналарға сапар шеккен қантөгіссіз, қарусыз бейбіт шеру сияқты. Ашық түйсік пен сергек сананың иесі ғана ғана ол шеруді жүрегімен қарсы алмақ. Қарсы алмаса, түсінбесе, айтқан сөзге құлақ түрмесе, көтерілісті бастаған ұлы рух иесі «қайғы шығып ілімнен, ыза шығып білімнен, зар шығарып тілінен» аласұра - алқынып, асанқайғыланған ойыменен ала-құла даланы адақтап кезіп, түк шықпаған соң, «ашуы - ашыған у болып, ойы кермек» татып, ақыры «моласындай бақсының жалғыз қалады». Ал, Пірге ермеген, оны ұлттың рухани көсемі ретінде сезінбеген халық - надан болып қала береді, оның көкжиегі ешқашан кеңеймейді, көсегесі де ұзақ уақыт көгермек емес.

Қазақ атты халықтың тылсым дүниедегі рухани эгрегоры солғын тартып, ғарышқа жұтылардай болғанда жан бүлігін, білімсіздік пен арсыздыққа қарсы қағаз бетіндегі күресін тұңғыш бастаған Абай.

Абай дүниеге келгенде ХХІ ғасырда дүние есігін қағатын сіз бен біз әлмисақ жақта өресі биік, адамгершілік пен ізгілікке толы дайын қоғамда туыламыз деп қатты қуанғанбыз. Оны өкінішке орай ұмытып қалдық. Іштей, жүрекпен, тамырмен, бар жан-жүйкеміздің әр талшығымен, биоқабыршағымызбен қазақты өле жаздап сүйсек дағы, оған Абайдың қасіретін кешіре алмаймыз. Мүмкін енді ешқашанда кеше алмаспыз. Абай жарық дүниеге нұрдың ұшынан шық болып тамғанда, біз өзіміздің бабаларымызды «енді бәрі басқаша болады!» - деп жұбатқан ек...

Бір әңгімемізде Таласбек ағам /Әсемқұлов/ қазақтың барлық тарихы қанқұйлы күндерден ғана құралған дегені бар еді. Бұлбұл құс зымыстан көрмей, гүлстанның қадірін білмес. Біз гүлстан түгілі, оның гүлзарынан аңқыған жұпарын да құшарлана иіскеген жоқпыз әлі. Иә, қазақтың тарихында қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болған емес. Алла Абайдың жүрегіне жалпы Алаш жұртының мыңжылдық рухани жарасын жұқтырып қана қоймай, күллі ғаламдық зілмауыр мұңын жұп-жұмыр жалғыз басына үйіп-төгіп бере салған. Сол арқылы бізге де шапағатын төкті. Оны да ұмытып қалдық. Жоқ, ұмытқан жоқпыз, түсіне алмадық дегеніміз дұрыс шығар. Жан тілегін тән тілегі жеңіп кетті.

Шіркін-ай, біз Абайдың кезінде өмір сүрсекші, оны алақанға көтеріп алып ардақтайтын едік-ау деп қоям. Ол ойыма өзім де сенбеймін. Сіз түгілі, өзім де күлемін. Бұның бәрі жүрегімдегі иманымның қауқарсыздығынан, кіп-кішкене, білімсіз миымның солқылдақтығынан туындайтын эмоциялар. Себебі, мен де тура сіз сияқты «самородный сары алтынды саудасыз берсе» де менсінбейтін кәдімгі қазақпын.

Қазақтығымыздан шығады, рас енді, өте көңілшек ұлтпыз. Абайды білмей тұрып, кеудемізді керіп онымен мақтанамыз, әуелі! Ұлы рух аспани дүниеге көшкелі бері, аттай бір ғасыр өтсе де, өзгергеніміз шамалы. Ауылға барсаңыз да, қаладағы қазақты көрсеңіз де киімі мен көлігі ғана өзгерген ХІХ ғасырдағы нағыз қандасыныңызды көресіз. Тек үңіліп, ден қоя, дұрыстап қараңызшы. Түк өзгермеген. Заманның желі - зуылдақ. Әрине ол бұрынғыға қарағанда білімдірек шығар, техниканы меңгерген, компьютермен таныс, шетел жаңалықтарынан хабардар және тағысын тағылар. Бірақ, рухани болмысы жағынан ХІХ ғасыр мен одан арғы замандардадағы қазақтың тырнағына да татымайды. Маған да, айнаға қарасаңыз да сол қазақты көресіз. Әйтседе, мінезіміз сол қалпы. Дарақы, қуақы, тойшыл. Абайшыл емес мүлде.

Пушкин бақилық сапарға аттанғанда орыс халқы оны «біздің поэзиямыздың алтын күні батты!» - деп күңірене жоқтаған болатын. Ескендір Пушкин көзі тірісінде-ақ өз елінің сүйікті ақынына айналып, патша-ағзамының алдынан бір-ақ шыққан еді. Пушкинді қазаққа өзінен асыра таныстырған, өзіне қарағанда Алашқа едәуір жақындатқан Абайды біз болсақ әлі де зерттеп, зерделеп жатырмыз. Ұлы Ибраһимнің саф алтындай поэзиясы мен ғаламдық парасатын жүрегімізге ұялата бастадық деу ерте. Десек те бір адым алдыға жасадық. Оған да шүкір.

«Пушкин жолын» ешкім жазған жоқ. Ұлы Мұхтар өмірлік мұраты болған «Абай жолын» жазбағанда жағдайымыз қандай болмақ еді? Абайдай данамыздың бар екенін де білмей кетуіміз мүмкін ғой. Болмаса, Шыңғыстаудың бөктерінде болыпты бір қара шал, өлеңдері ескі сарынмен жазылған, ұйқастары жырғап тұрған жоқ, әйтеуір ақынға кенде емес елміз ғой деп, мың-екі мың данамен шығатын, сосын ешқайда таралмайтын антологияға кіргізе салар ма едік, кім білсін.

Орыстар Пушкинді «біздің бәріміз» дегенде, «Абай біздің піріміз!» - деп жар салдық. Жөн-ақ. Дегенмен, Абай феномені қазаққа әлі де толық ашылмағандай сезіледі. Абай атты құбылыстың құпия жақтары мен тылсым тұстары өткен шақ пен жоғалған кеңістікте қалықтап қалып қойды. Кеңістік өз бетімен көшіп жүр, уақыт шапқылап бізге жетіп келді. Бұл уақыт - Абайдан жырақтау уақыты.

Жылтыр-жұқа, жеңіл-желпі, әр саланың жүрдім-бардым біліміне ие жаңа қазақ Абаймен басын қатырғысы жоқ. Ол ерте-ертеде, ешкі жүні келтеде, қырғауылы қызыл екен, құйрық-жүні ұзын екен заманында, халықтың санасы қараңғы, түйсігі тұман, көкірегі надан болған кезде ғұмыр кешкен қара шал ғой, оның қазір бізге берері не? - деп қоя ма бүгінгі замандасымыз? Солай айта отырып, жоғалған кеңістіктен бөлек, «жарқ етпес қара көңілімен», қоп-қою рухсыздық мұнарына еніп бара жатқанын білмейді. Ал, адамға ең алдымен заманауи білім емес, рухани ілім керек. Себебі, «кім жүрер тіршілікте көңіл бөлмей, бақи қоймас фәнидің мінін көрмей».

Раймонд Моудидің «Өмірден кейінгі ғұмыр» атты кітабында клиникалық өлімді басынан кешірген бір адам, есін жиғанда айтыпты-мыс: «Бақи екіге бөлінеді екен. Бір шетінде сұп-сұр қою кеңістікте құлазыған рухтар ебіл-дебіл күйде жарыққа жете алмай, «беті» төмен қарап, жосып жүр. Бұлар кімдер? - деп мені қарсы алған жап-жарық шардан сұрадым. Ол маған бұлар тірісінде рухын қуаттандырмаған, фәниде арзанқол білімге ұмтылып, қара бас қамына бола беймағлұм тіршілік жасаған, парасаттың ұшқынын да сезбеген ғаріптер - деді».

Осыдан тұра 105 жыл бұрын қазақтың жері Абайдың қасиетті табанын сезбей, абдырап қалды. Елі Абайдан айырылған кезде ғана жетімдіктің ащы жасын жүрегімен сезді. Әлі де көңілі жетім. Абай халқының алдындағы перзенттік борышын өтеп кетті. Ендігі іс қазақтың санасында деп шапанының етегін желпілдетіп, ғайыпқа сіңіп, жүре берді.

Марс планетасы бағзы дәуірде өсімдік пен жануарға, тамаша тап-таза ауаға бай ғалам еді. Құдай атқан бір күні оған бір алып ғарыш денесі соғылып, зор екпінімен Күнді айналып келе жатқан планета бір сәтке іркіліп қалады. Сонда оның атмосферасы қатты жылдамдықпен келе жатқан бойда, ары қарай жөңкіліп кете барған екен. Марстың бетінде ауа қалмағандықтан бір мезетте тіршілік атауылысы қырылған деседі астрономия ғылымы.

Абай - қазақтың атмосферасы секілді. Қара шал болмағанда біз не жұтар едік? Қазақтың рухани әлеміне «қызыл астероид» соғылып, жүрегімізден Абайды айырғысы келді. Болмады. Жаратқанның қазаққа деген жанары оң екен. Олай болса, бүгін қызыл астероидттің тозаңы сейіле бастады. Енді Абайға оралатын күн жетті. Нағыз қазақтың қаны тамырымызда қайта айналсын. Абайшыл болайық, абай болайық!

«Ішім өлген, сыртым сау» кейпінен арылсақ, ел болуға үмітіміз жоқ емес.

Жалғасы бар...

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1492
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3261
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5584