Ана тілімізді қорғайық!
Ана тілін Абайдың тілі деп жүрміз. Ана тілі Абайдың тілі ғана емес, ақынның әжесі Зеренің, анасы Ұлжанның, әйелі Ділданың, ақын жырына арқау болған Әйгерім мен Тоғжанның да тілі. Біздің немереміз бен шөбереміздің тілі. Орыстар родной язык, татарлар туған тіл, матур тіл деп атаған тіл қазақта ғана ананың тілі. Ұрпақ аман болса, ана тілі атанған жеті атаға жалғасатын қазақ тілі дами беретіне дау жоқ.
Алайда менің ана тілім жансақтау бөлмесінде жатыр. Кейбіреулер оның жаназасын да күні бұрын шығарып қойған. Бірақ, ол әлі тірі. Тамыры соғып тұр. Қаны қайнап тұр.
Енді аяғына тік тұрады. Жарасы жазылады. Біраз уақыт өңі жүдеу болса да көп ұзамай қалпына келеді. Тек жақсы күтім керек. Қажымұқанның білегіндей мықты, Абайдың ақылындай терең, Кенесарының мақсатындай айқын, Махамбеттің жебесіндей өткір тілім өлмейді. Мен соған сенімдімін.
Сөз байлығы дегеннен шығады, орыстың Нижний Новгород каласында тұратын есімі елеусіз бір жазушысы «Ольгин остров» деген повесть жазып, онда тек қана «о» әрпінен басталатын 16 мың сөзді қолданып, Гиннестің рекордтар кітабына енген көрінеді. Сол жазушының келесі кітабы «Приключения пехотинца Павла Петрова» деп аталады. Бұл кітапта 86 мың сөз «п» әрпінен басталады.
Бір әріптен басталатын сөздерді ойнату қазақ халқында да ежелден бар. Мысалы «Таз таранғанша той тарқайды». Осы тіркесті Олжас Сүлейменов орыс тіліне аударыпты. Бір ғажабы, мағынасы да, түрі де өзгермеген, қаз-қалпында қалған. «Пока плешивый прихорашивается, пир пройдет».
Бір байқағаным, ана тілімізде «П» әрпінен басталатын сөздер көп екен. Мысалы: пайғамбар, патша, періште, пенде дегендей. Пәле, пәтшағар деген де сөздер бар.
Орыс тілінің түсіндірме сөздігіне қарасам, шет тілден кіргені бар, өздері қолданып жүргені бар, осы «П» әрпінен басталатын президент, парламент, педагог, поэт секілді әдемі сөздерден көрі жиі айтылатын жаман сөздер де аз емес екен. Мысалы: предатель, подонок, паскуда, подлец, проститутка, паршивый, падаль, прихвостень, проходимец, т.б.
Бір әріпті ғана сөз қылып жатырмыз. Жалпы алғанда қазақ тілі мен орыс тілінің түсіндірме сөздігін оқып көрсеңіздер, қазақ тілі өте бай, шұрайлы, ал орыс тілінде әдемі сөздер жеткіліксіз.
Орыс тілінің түсіндірме сөздігін ашып көрсеңіз, алфавиттің алғашқы әрпі «А»-дан бастап осындай сөйлемдер құрастыру оңай еместігі тайға таңба басқандай байқалып тұрады. Орыстың осы әріптен басталатын сөзінің өзі бірен-саран, тіпті жоқтың қасы. Өйткені көпшілігі кірме сөздер, өзге тілден алынғаны, басқаның көрпесін жамылғаны көзге айқын шалынады.
Сәбит Дөнентаевтың «Қазақтарға қарап» деп аталған өлеңінің барлық жолы, барлық сөзі «Қ» дыбысымен басталып отырған. Өлеңдегі:
Қамалған қараңғыда қалың қазақ,
Қайратсыз, қамсыз құрып қалдың, қазақ,
Қарулап, қуатсызды қуаттаңдар,
Құрдан-құр қампитқанша қарын, қазақ, – деген жолдарға таңдай қақпай тұра алмайсың.
Орыс тілінің қаншалықты жұтаң екенін жер-су атауларынан да байқауға болады. Мәселен, өзен бойындағы елді мекендерді олар Заречный (Өзен сыртындағы), Затобол (Тобыл өзені жанындағы), Приречный (өзен маңайындағы), Приозерный (көл маңайындағы) деп атайды. Көкшетау өңіріндегі Шортандыны Шучье, Шабақтыны Чебачье, Сұлукөлді Красивое, Тереңкөлді Глубокое деп тікелей аударма жасай салады. Немесе Ивановка, Алексеевка, Александровка, Петровка деген секілді кісі есімдеріне жалғау жалғай салады. Тілдің таяздығы осыдан-ақ білінеді.
Орыстар полковник дейді, подполковник дейді. Қазақы ұғыммен қарасақ полковник дегені қол басқарған, яғни полк басқарған қолбасшы дегенге саяды. Ал подполковик полковниктің астындағы, яғни дәрежесі одан төмен деген сөз. Олай болса генералды генерал демей, надполковник, яғни дәрежесі одан жоғары деп те айтуға болады ғой. Ұзын сөздің қысқасы, қазақтың Шыңғыс хан заманынан келе жатқан онбасы, жүзбасы, мыңбасы және қолбасшы деген сөздері орыс тіліндегі баламалардан мың есе артық.
Ірі ұлттардың шағын ұлттарға әлімжеттік жасағаны тарихи жер-су атауларын өзгертуден айқын көрінеді. Мәселен, Тәнір-тауды қытайлар Тян-Шянь деп атады. Орыстар Көкшетауды Синегорье, Абылайдың ақ алаңын Ясная поляна, Шортандыны Шучье, Жеке батырды Спящий рыцарь деп атай бастады. Жеркіндікті орыс тіліне аудармаса да Байқоңыр деп өзгертті. Жайық өзені Урал, Еділ өзені Волга болды. Мұндай мысалдар жүздеп саналады.
Жақында бір ауданда ономастикалық комиссияның мәжілісі өтті. Сондағы бір таң қалғаным қазақтың байырғы жер-су атауларын келімсектер қаз қалпында орыс тіліне аудара салыпты. Мысалы: Қисықкөл – Кривое, Құмдыкөл – Песчаное, Тереңкөл – Глубокое, Тасты – Каменка, Ақжар – Белояровка, Тұздыкөл – Соленое. Айта берсек толып жатыр. Сол тарихи атауларды қайтару қазіргі ұрпаққа парыз. Орыстар қазақтарды киргиз-кайсаки деп атап, қазақ атауын казактарға теліді. Қазақтардың ұрпағы мүны ұмытпауы керек.
Орыс тілін бай тіл дейтіндер қателеседі. Мәселен олар таңғы асты завтрак дейді. Сөздің түбірі завтра, яғни ертең. Асты ертең ішеміз деген мағынада. Түскі асты обед дейді. Обьедение дегені тойып жеу деген мағынада. Ужин сөзің Даль өзінің сөздігінде «уг», яғни «юг» деген сөзден шыққан деген анықтама береді. Күн батқанда ішетін асты осылай атаса керек. Біздің қазақ оны кешкі ас дейді. Қай тілде түсінікті әрі мағыналы, өздеріңіз пайымдай беріңіздер.
Жас кезімде шөп шабуға барғанда тың игеру жылдары келген механизаторлар арасында жиі болатынмын. Сондағы еститінім кіл боқтық сөздер еді. Орыс тілі боқауыз сөздерден құралады екен деп ойлайтынмын. Боқтық айтпайтын Сұлтан есімді қазақ азаматы болды. Ол өзіне ұнамай қалған жағдайда «боқауыз болды ғой» дейтін. Керауыздарды көргенде сол сөз есіме жиі түседі.
Көпшілік назар аударатын тағы бір үлкен мәселе бар. Орыс тіліндегі мультфильм кейіпкерлері Маша мен аюдың іс-әрекеті қазақ баласына қызық па? Олар құлыншақ пен ботаны, қозы мен лақты көргісі келеді. Керқұла атты Кендебай, Күн астындағы Күнікей қыз, Ер Төстік пен Тазша бала секілді кейіпкерлер болмаса қазақ баласының санасына сәуле түсуі қиын.
Жат елдің салты мен ғұрпын, идеологиясын насихаттауға неге тосқауыл қойылмайды? Теледидардан балалар мультфильм көріп отыр. Қазақ тілінде. Бірақ, кейіпкерлері торайлар. Осыны ана тілімізге аударып, кішкентай көрермендерге ұсынып отырғандардың бастарында тауықтың миындай ми бар ма екен? Қазақ жерінде дүкенде балалар ойыншықтары сатылып жатыр. Соғыс техникасының сыртында озбыр орыстың «Z» деген белгісі бар. Отарлаушылар осылай өз идеологиясын тықпалап жатыр. Бала бақшаларда тағы да орыс ертегісі айтылады. Қазақ баласына қазақ ертегісі одан әлдеқайда қызық емес пе? Бала бақшаларды түп-түгел мемлекеттік тілге көшіру керек екені айдан анық.
Орыс тіліндегі сөйлемдердің өзін жынысқа бөлу дегенді түсіну қиын. Мұндай бөліністі білмейтін қазақ тілінің мүмкіндігі әлдеқайда кең екені айтпаса да түсінікті. Бірақ, оқытушы қыз-келіншектерді мұғалима, мәжілісті басқарған төрағаны төрайым деп атау ара-тұра болса да тілімізде ұшырасады. Кезінде әйел азамат деген сөз азаматша деп айтылғанын да білеміз. Қалай болса да бұлардың бәрі кейін кірген сөздер. Орыс тіліне еліктеуден туған сөздер. Сөздердің түп негізінде ер мен әйелге деген көзқарас жатыр. Ер мен әйел теңдігін насихаттап жүрміз дейтін орыстар іс жүзінде оған қарама-қайшы, әйелді немесе еркекті төмендететін, басқаша айтқанда ерекшелейтін сөз саптауға жүгінсе, нағыз тепе-теңдік біздің ана тілімізде сақталған. Ата-текке де «ов» немесе «ова» деген жалғауды жапсырудың мүлде қажеті жоқ секілді.
Ахметбек Өміртаев деген азаматпен Қостанай облыстық радиосында бірге қызмет істедік. Жаңалықтарды орыс тілінен қазақшаға аударғанда алдына жан салмайтын. Марқұм, жер барып хабар бермесін, ащы суды жақсы көретін. Қызып жүрген күндерінің бірінде мынандай бір шумақты табан астында суырып салып айтқаны жадымда қалыпты:
Сұрасаң, менің атым Ахметбек,
Басымда болушы елі ақыл ептеп.
Сендерден, о, достарым, бір тілегім,
Өлгенде көмерсіңдер ақиреттеп.
Сол Ахаң радиода бастық болып отырған Поляков деген орысты Далабай, тілші болып қызмет атқаратын Морковцев деген орысты Сәбізбай дейтін. Қазір тірі болса, ол, сөз жоқ, Путинді Жолдыбай, Медведевті Аюбай деп айтар еді.
Мені қатты қынжылтатын жағдай – көк жәшікте жиі сөйлейтін тілшілердің сөз құрауларындағы сөйлемдердің сүрлем секілді болғаны. Лебіздері – сабан, сөздерінің мәні жоқ, іліп алар дәні жоқ. Ана тілімізді былғап болды. Әншілерге шөп те өлең, шөңге де өлең болды. Ал екі қазақтың орыс тіліндегі әңгімесін қазақ тіліне аударып беріп отырған теледидарға не дейсің? Қойқорадан қиды ойып алып жатқан секілді әсер етеді. Кімге өкпелейсің?
Ресейлік БАҚ-ның Қазақстанның ақпараттық кеңістігіне ықпалынан да арыла алмай отырмыз. Қостанай облысындағы жүзден астам газет пен журналдың таза қазақ тілінде шығатыны бірен-саран. Аудандық және қалалық газеттердің аты қазақша да, заты басқа. Мәселен, Қотанай облысында Қарабалықта «Айна», Қостанай ауданында «Көзқарас», Қостанай қаласында «Қостанай» деген газеттер жарық көреді. Материалдардың басым бөлігі орыс тілінде, қазақ тілінде ара-тұра не жалғыз бет, не айқарма беттер беріледі. Біздің қазақ соған да мәз.
«Көршің соқыр болса, көзіңді қыс» деген мәтел қазіргі уақытта бізге арнап айтылған тәрізді. Ал көрші мемлекеттегі қазақтардың не мектебі,не театры, не ана тілінде шығатын басылымы жоқ. Оған сұрау салып жатқан Қазақ үкіметі де жоқ. «Әлди, бөпемнің» орнына «Баю-баюшкиді» айтып жүрген қазақ келіншегі баласына ана тілінде тәрбие бере алмайды. «Катюшаны» айтып орыс делегациясын қарсы алған қазақтардың да мемлекетке көк тиындық пайдасы жоқ.
«Колобок» деген орыс ертегісін біздің аудармашылар бауырсақ деп аударыпты. Оның дұрыс аталуы жұмыршақ. Негізгі мағынасы қолы боқ дегенді білдіреді. (Мұрат Аджидің «Қыпшақтар» кітабында). Бауырсақ деу көңілге қонбайды, нанға да, тілге де обал. Ас атасы нанды қастерлеген қазақ баласын осылай тәрбиелеу ақылға сия ма?!
Қостанай мемлекеттік университетінде Медиа орталығын басқарып жүрген жылдары Астанаға бұрынғы Президентпен өтетін баспасөз мәслихатына шақырды. Бір ай бұрын облыстық ішкі саясат басқармасы қызметкерлері қандай сұрақ қоятынымды алдын-ала жазып алды. Баспасөз мәслихаты өтерден бір күн бұрын Ақорданың баспасөз қызметі сауалдарымызды тексеруден өткізді. Менен сауалды орыс тілінде қоюды талап етті. Қалың орыстың ортасында жүргенімді, сондықтан орыс тілінде сауал қоюдың орынсыз екенін айтып, қажет десеңіздер екі тілде қоятын жағдайым бар дегенді айттым.
Кездесу кезінде кезек тимеді. Оның себебі баршаға түсінікті еді. Алдын-ала дайындалған сценариге тосын сауалым бөгет болған екен. Көк жәшікте сайрап тұрған басшыға содан бері таң қалмайтын болдым.
Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясының басшысы Талғат Алдыбергенов деген бір қазақ журналистің қазақша қойған сауалына ана тілінде жауап бере алмай міңгірлеп тұрғанын бейнебаяннан көрдік. Әлеуметтік желідегі дерегі дұрыс болса ата тегін Алдыбергенов деп жазыпты. Қазақ және орыс тілін еркін біледі деген де мәлімет бар. Қазақта Алдыберген деген есім де жоқ қой. Мүмкін Алдаберген шығар. Ата тегін де дұрыс жаза алмайтын осындай мәңгүрт қалай басшы болғанына таңым бар.
Орыс әскері жасап үлгермеген орыстану саясатын орыс мектебі мен тілі, поптары жалғастырды. Енді оларды шала қазақтар қолдап отыр. Кейбір жаңа қазақтар да орыс тілінің дамуына кетәрі емес. Әкесі қазақша, шешесі орысша сөйлейтін үйде баласы қай тілде сөйлейді деп ойлайсыз. Оған қоса көшеде де, көк жәшікте де, бала бақшада да, мектепте де орыс тілі басым болса ана тілі ананың да, баланың да тілі болмайды. Ендеше қанымызға ата салтынан, ана кеудесінен сінген ана тілімізді қорғайық!
Атазаңға өзгеріс енгізіп жатқан комиссия ең басты мәселеге – 7 баптың 2 тармағын алып тастап, Қазақ Республикасының мемлекеттік тілі тек қана қазақ тілі деп көрсетілуі керек деген көпшілік тарапынан түсіп жатқан ұсынысқа қолдау жасауы керек.
Ақылбек Шаяхмет,
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессоры, халықаралық шығармашылық Академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, Махмұт Қашқари атындағы түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты.
Abai.kz