Жұма, 30 Қаңтар 2026
Аласапыран 168 0 пікір 30 Қаңтар, 2026 сағат 13:58

Украинадағы соғыс қашан аяқталады?

Сурет: economist.com сайтынан алынды.

Әне-міне, Ресейдің Украинаға қарсы соғысының жалғасып жатқанына толық төрт жылға жуықтайды.

Жуырда Америкалық «CSIS» зерттеу орталығы (Center for Strategic and International Studies): «Ресей Украинадағы соғыста өлгені мен жараланғандарын қоса есептегенде 1,2 млн адамын жоғалтты», - деп жазды. Ал Украинаның адам шығыны 600 мыңнан асады.

«CSIS» зерттеушілерінің айтуынша, Ресейдің жалпы адам шығыны 1,2 миллионның шегінен асқан. Соның ішінде 325 мыңы қаза тапқандар. Қалғандары ауыр жараланған, аяқ-қолдарынан айырылғандар, және қайта соғысқа жарамсыздар сапында. Із-түссіз жоғалғандар да осы 1,2 млн-ның есебінде.

«CSIS» зерттеушілері: «Екінші дүниежүзілік соғыстан бері әлемнің бірде-бір елі соғыста мұншалық адамын жоғалтқан жоқ», - дейді.

Кеше АҚШ президенті Трамп бүгін бүйдеді:

- Мен жеке өзім Путиннен Киев пен басқа қалаларды бір апта бойы аязға байланысты атқыламауды сұрадым. Ол келісті, - дейді.

Президент Зеленский Украина мен Ресей арасындағы энергетикалық бітім кеше түнде күшіне енетінін хабарлады. Оның айтуынша, бұл келісімге Абу-Дабиде қол жеткізілген.

- Біз бітімнің орындалуына үміттенеміз. АҚШ энергетикалық бітімді қамтамасыз етеді деп сенеміз, - деді. Ал алдыңғы күні Киевтегі Зеленский Мәскеудегі Путинді жүзбе-жүз келіссөзге шақырған.

Кеше Мәскеу жекпе-жектен жалтарды. «Путин Зеленскиймен кездесуден бас тартпайды. Бірақ, Зеленский Мәскеуге келсін», - деді.

Тақырыпқа тұздық:

Wall Street Journal 2026 жылға арналған 3 түрлі ең ықтимал сценарийді атап жазады:

БІРІНШІ СЦЕНАРИЙ: Тараптар майдан даласы мен дипломатия үстелінде әбден тығырыққа тіреледі және ұзаққа созылған келіссөздер болады…

Wall Street Journal бұл сценарийді ең ықтимал деп атайды. Трамп әкімшілігі “Путиннің Украинаны толық бақылау идеясынан бас тартатынына” және “Украинаның Донбасстың қалған бөлігінен бас тартатынына”, және тараптар бейбітшілікке келісетініне бәс тігуде.

Қазір Украина бұл идеяға қарсы. Ал Ресей Батыс әскерлерінің Украинаға орналастырылуына қарсы. Ал бұл - бейбітшілік жоспарының негізгі бөлігі саналады.

ЕКІНШІ СЦЕНАРИЙ: Украина адами ресурстық дағдарысқа тап келсе, Киевтің позициясы әлсірейді…

Украина үшін қазір негізгі қауіп - халық пен сарбаздардың соғыс пен оның ауыр зардаптарынан қажып, шаршауы. Қазір Украина армиясы жаяу әскердің жетіспеушілігін дрондармен өтеп жатыр, бірақ Ресей жақында осы “технология шайқасына” қызу араласып кетті.

Сонымен қатар, Украинада қазір шығыста да, оңтүстікте де орыстарды толық тоқтата алатын күш жетіспейді. Егер әскердің һәм халықтың төзімділігі таусылса, Киев АҚШ-тың әлсіз кепілдіктері мен Мәскеудің қатал шарттарын қабылдауға мәжбүр болады.

ҮШІНШІ СЦЕНАРИЙ: Ресейді жан-жақты қалжырату…

Ресей экономикасы қазір айтарлықтай тоқырауда, жоғары пайыздық мөлшерлемелер бизнеске соққы боп тиюде, ал Ресей мұнайының бағасының төмендеуі және Украинаның мұнай өңдеу зауыттарына толассыз шабуылдары Кремльдің кірістерін қысқартуда.

Ресейдегі бизнес һәм әскери-саяси элита Мәскеудің Қытайға тәуелділігіне және әскери-өнеркәсіптік кешенің әлсіздігіне өте-мөте наразы. Кремль қазір бет бақтырмай тұрғанымен, Ресей мәңгілік соғыса алмайды. Қатаң санкциялар соғысқа түбі тұсау болады. Мәскеу мұны неғұрлым ерте мойындаса, келіссөздер де соғұрлым шынайы дискуссияға айналып, бейбітшіліктің сұлбасы көріне бастамақ.

Abai.kz

0 пікір