Сәрсенбі, 11 Ақпан 2026
Жаңғырық 281 0 пікір 11 Ақпан, 2026 сағат 12:56

Жоққа шығаруды жоққа шығару

Сурет: автордың жеке мұрағатынан алынды.

Қожа Ахмет Йасауи – берісі  қазақ, арысы ислам дінін қабылдаған түркі жұртының рухани-мәдени болмысын қалыптастырған киелі де қасиетті Тұлғасы, Ұлы Әулиесі, Темірқазығы.

Сол үшін де оны халық Әзіреті Сұлтан деп атады. Ол кісінің түркі халықтарының тарихи тағдырындағы атқарған қызметі ешнәрсемен өлшеуге келмейтін құбылыс. Түркі халықтары өзінің тілінен, рухани-мәдени болмысынан ажырап, жер бетінен жоғалуға аз қалған шақта тарих сақнасына шығып, түркінің өлген рухын қайта тірілтіп, қайтадан ұлы халыққа айналдырған болатын. Ол кісінің еткен еңбегі бір түркінің рухани болмысын тірілткенімен шектелмейді. Жалпы адамзат баласының жүрегін қайтадан Рухани әлеммен байланыстыруы еді. Егерде сол заманда Қожа Ахмет Йасауи Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы қайта байланыстырмағанда адамзат басына ақырзаман апаты сол XIII-XIV ғасырларда келу ықтималдығы бар еді. Сондай Ұлы тұлғаның соңында қалған рухани мұрасы арқасында түркі халықтары орта ғасырларда ұлы халыққа айналып, Алтын Орда сияқты ұлы мемлекетті дүниеге келтірді. Адалдық пен Әділдікті ту еткен мемлекет аз ғана уақыт ішінде әлемге үлгі боларлық әділетті қоғамды орната білді. Абсолюттік билікті көксеген әз-Жәнібек ханның Йасауи жолына қарсы шығуы, йасауийа тариқаты өкілдерін қуғынға салып, саяси сахнадан кетіруі Алтын Орда мемлекетінің күйреуіне ықпал етті. Жәнібек хан өзі жүргізген саясаттың құрбаны болды. Одан кейінгі Евразия кеңістігіндегі Алтын Орданың бөлшектелуінен пайда болған мемлекеттер Йасауи жолынан шегінуіне байланысты тарих сахынасынан кетті. Өзбек ұлысының үшке бөлінуі, Қазақ хандығының күйреуі астарында  Йасауи жолынан шегіну жатты. Оның соңы Кеңес өкіметінің орнап, атеистік қоғам орнату бағытындағы саясаты қазақ халқын рухани тамырынан ажыратып, Құдайсыз қоғамды дүниеге келтірді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының алғашқы кезеңінде халық өзінің рухани тамырына енді жете бергенде уаххабилік идеология келіп, қазақ руханиатының өзегі болған Йасауи жолы қайта қуғынға түсті. Мұның соңы қаңтар оқиғасына ұласқаны белгілі. Мұның астарында қазіргі қазақ қоғамы рухани тұтастығынан айырлып, тобырға айналу процесі жүріп жатқанын сезінген Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тығырықтан шығудың жолы қазақ руханиатының өзегі болған Қожа Ахмет Йасауидің рухани мұрасын жаңғыртып, қазаққа қайтару қажеттігін түсінді. Ол кісі «Ясауитану» ғылыми-зерттеу орталығын ашу туралы тапсырма беріп, осыдан бір жыл бұрын ол ғылыми-зерттеу орталығы «Әзірет Сұлтан Ұлттық қорық-музейі» құрамындағы зерттеу орталығы ретінде жұмысын бастады. Алайда, бұл орталықтың ашылғанына қуана алмай қалдық. Егерде «Орталық» ұстанған  бағытынан айнымайтын болса, онда бұл орталық «Ясауитану орталығы» емес, Ясауидің рухани мұрасын жою орталығына айналады. Себебі, бұл «Орталықтың» қазіргі ұстанған бағыты Қожа Ахмет Йасауи бабамыздың артына қалдырған рухани мұрасын жоққа шығаруға бағытталып отыр. Олай дейтінім «Орталықтың» зерттеу бағыты әуел бастан айқындалып қойған. Оны айқындап, белгілеп берген американдық ғалым Девин Девис пен тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Муминов. Девин ДиУис тарапынан жазылған «Орталық Азияда Ислам және йасавийаның мәдени тарихы» атты кітабы (мақалалар жинағы) «Орталықта» жүргізілетін зерттеу жұмыстарының бағыт-бағдарын айқындайтын негізгі ұстанымға айналып отыр. Бұл кітаптың осындай мақсатта жазылғанына күмән жоқ. Ең бастысы бұл кітап, Стамбулдағы «Исламдық зерттеулер орталығы» (ИРСИКА) тарапынан аударылып, сол жақтан баспаға шығарылып, Түркістанға жеткізілді. Алғашқы аудармада қателіктер бар деп, қайтадан өңделіп шығарылды. Ол да Стамбулда басылды және сол жақтан басылып. Түркістанға жеткізілді. Сондай еңбек қылып, шығын шығарып, белсене әрекет жасауына ықпал еткен қандай күш? Қаржысын кім өтеп жатыр? Және ол не үшін қажет? – деген сұрақтар туындайды. Бұл сұрақтың жауабы олардың Йасауи бабамыздың рухани мұрасына деген көзқарасында екен. Олардың ұстанған ғылыми тұжырымдары бойынша «Диуани Хикмет» те, Қожа Ахмет Йасауи жазды деген басқа шығармалар да ол кісінікі емес, көшірме. Ең бастысы Қожа Ахмет Йасауидің артында өзінің қолымен жазылған ешқандай рухани мұра қалған жоқ. Сондықтан ол көшірмелерге сеніп болмайды, - деп есептейді. Егерде осы Девин ДеУис мен Әшірбек Муминовтың ұстанымдарын негізге алатын болсақ, онда біз Қожа Ахмет Йасауиді зерттеуді тоқтатып, бұл бағыттағы іс-әрекеттерден толық бас тартуымыз керек. Егерде зерттеуші Йасауи мұрасын бұрыннан зерттеп, Йасауи мұрасының құндылығын, ерекшелігін таныған жан болмаса, атағы әлемге танылған Д.ДеУис, А.Муминов сияқты ғалымдардың ұсынып отырған пікірлеріне қарсы тұра алмасы хақ. Оның үстіне «Орталықтың» ғылыми қызыметкерлерінің негізі жастар. Йасауидің рухани мұрасымен таныс, ақ-қараны ажырата алатын мамандардың саны санаулы ғана. Осыдан-ақ,  зерттеу орталығының ұстанған ғылыми бағыты қай бағытқа кетіп бара жатқанын аңғару қиын емес. Сондықтан бұл «Орталықтың» мақсаты – Йасауи бабамыздың рухани мұрасын жаңғырту емес, жоюға бағытталып отыр деп айта аламыз.

Д.ДеУис пен А.Муминов «Диуани Хикмет» Йасауидің өз шығармасы еместігін дәлелдеп, бұл шығармаға сенуге болмайды деген пікірді ұсынып отырғанын айтық. Олар өздерінен бұрын «Хикметтердің» Йасауидің өзінікі еместігін дәлелдеген Ф. Копурулу екендігін алға тартады сонымен бірге өздері де осы позицияда екендігін жасырмайды. Ол былай дейді: «Диуани хикматты» қарастырудағы осы мәселелермен қатар, Копурулу әлдеқайда маңызды сұрақты ескерусіз қалдырды: «Диуан» шын мәнінде Ахмад Йасавидің еңбегі ме? Менің Йасавийа дәстүрін зерттеуім бұл еңбекті ешқандай мағыналы түрде Ахмад Йасавиге тиесілі деп қарастыруға болмайтынына көз жеткізді(м). Басқа зерттеушілер атап өткен мәселелерден де маңыздырақ деп санайтыным – «Диуанның» айқын жинақтық сипаты және сақталған қолжазбалардың кеш мерзімі, Йасави кесенесіне қатысты анахронистік сілтемелер, көптеген ақындардың өлеңдерінің қосылуы  және оның таза шағатай тіліндегі сипаты ... қарастыруы туралы ешқандай мәліметтің болмауы болып келеді» деп кете береді. Сайып келгенде «Хикметтердің» Йасауи атамыздыкі емес деген қорытынды шығарады. Ендігі кезекте Йасауи бабамыздың рухани мұрасын жоққа шығарушы авторлардың пікірлеріне біртіндеп жауап берсек деген ниеттемміз.

Енді біз әңгімені «Хикмет» Қожа Ахмет Йасауидің өзінікі ме, әлде жоқ па? - деген сұраққа жауап беруден басталық. Біріншіден, «Диуани Хикмет» Қожа Ахмет Йасауидің өміріне қатысты нақты тарихи деректер бере алатын тарихи шығарма. Алдымен осыны ескеруіміз керек. Егерде «Хикметті» ой таразысына салып оқыған кісі бұл шығармадан көптеген тарихи мәліметті алуға болатынын сезінеді. Мысалы, 2-хикметте мынадай жолдар бар:

«Рахметінде пайда болдым, нида келді,

«Зікір айт»-деді, тән-жүйем әсерленді.

«Перзентім»-деп хақ Мұстафа үлес берді,

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

 

Төрт жүз  жылдан кейін шығып үмбет болғын,

Неше жылдай жүріп, халыққа жол көрсеткін.

Он төрт мың мүджтахиттер қызмет қылсын,\

Сол себептен алпыс үшке кірдім жерге.» (2-хикмет) Бұл жерден қандай тарихи дерек көріп тұрсың деп, дау айтатындар табылады. Алайда, Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның 632 жылы дүиеден өткенін есептеп, оған 400 жылды қосатын болсақ, онда   Қожа Ахмет бабмыздың 1040 жылдар шамасында дүниеге келгеніне көз жеткіземіз. Ол кісі 125 жыл өмір сүргендігін өзінің «Хикметтерінде» баяндайды. Басқа жазба деректер де оны қуаттайды.

«Хикметтердегі» тарихилық бір бұл емес, қаншама деректер бұл «Хикметтердің» сол XI-XII ғасырларда жазылғанын дәлелдейді. Мысалы, бірінші «Хикмет» былай басталады:

«Бисмллә деп баян етейін хикмет айтып,

Тәлибтерге інжу-гаухар шаштым міне.

Риазатты қатты тартып. қандар жұтып,

Мен «Екінші дәптер» сөзін аштым, міне.» Бұл хикмет жолдарында Йасауи бабамыз нені айтып отыр? «Екінші дәптер» дегеніміз не? Осы сұраққа жауап бере алсақ, онда бұл «Хикмет» жолдарының қашан жазылғанына көз жеткізе аламыз. Бұл сұраққа жауап беру үшін Қожа Ахмет Йасауи дүниеге келген кезеңдегі адамзат қоғамының рухани  ахуалына көз салуымыз керек. Рухани әлем мен адамзат қоғамы арасындағы байланыс үзіліп, адамзат қоғамы материалдық болмыс жетегінде кетіп, азғындық жолына түскен болатын. Себебі, Мұхаммед пайғамбар пайғамбарлардың соңы, ақырдың пайғамбары болған соң адамзат баласына ол кісден кейін пайғамбар келмейді. Пайғамбарлардың міндеті енді Қожа Ахмет Йасауи бабамыздың мойнына жүктелді. Мұның өзі Жаратушы тарапынан әуел бастан жоспарланып қойылған болатын. Пайғамбардың (сАс) Қожа Ахмет рухын миғражда көруінің өзі Ол кісінің мына дүниеге сол кезеңде жайдан-жай келмегенін білдіреді. Ол туралы Сүлеймен Бақырғани өзінің «Хикметінде» былай дейді:

«Субхан Ием Өзі еді, Мұстафаға бұйырды,

Арыстан бабам жеткізді, шайхым Ахмет Йасауи.» Бұл жолдар Қожа Ахмет Йасауи бабамыздың Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты қайта қалпына келтіріп, адамзат қоғамының өмір сүруін жалғастыруды Йасауи бабамыздың мойнына артқан Ұлы Жаратушының Өзі екендігін, Йасауи бабамызға Ислам дінін шариғат деңгейінен тариқат деңгейіне көтеру міндеті артылғандығын көпшілік түсінбейді. Қожа Ахмет Йасауиге дейін халық шариғатпен өмір сүрді. Мұхаммед (сАс) пайғамбармен келген рухани қуат сарқылған соң, адамзаттың Рухани әлеммен байланысы үзілді. Адамзат қоғамы материалдық болмыс жетегінде кетіп, рухани азғындыққа ұшырады. Ол туралы «Хикметтің» өн бойында жырланады. Бірінші «Хикметтегі» Йасауи бабамыздың  «Екінші дәптер»  деп отырғаны осы тариқат жолы болатын. Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты қалпына келтіру ғана адамзатты ары қарай өмір сүруге мүмкіндік берді. Олай болмағанда адамзат басына ақырзаман сол XIII-XIV ғасырларда келу ықтималдығы бар еді.

Бұдан басқа тарихи оқиғаларды меңзейтін Хикметтер жоқ емес. Мысалы, 101-хикметтегі оқиғаларды сараптап қарайтын болсақ, ол оқиға қарақытайлардың шабуылы кезінде болған оқиға екенін түсінеміз. Ол Хикмет жолдарында бұл оқиға былай баяндалады:

«Ей, достар, ақыр заман болды көргін,

Дінсіз, кәпір бұл ілемге толды көргін.

Хақ құлдығын қойып барша дінсіз болды,

Соның үшін Қаһар азап қылды көргін.

....

Ораза, намаз, иман, ислам қолдан кетті,

«Куллу йаумун батарун» деген хадис өтті.

Пайғамбар айтқандары келіп жетті.

Бұл дүниені қараңғылық басты көргін.

...

Күн көрмеген есіл ару, әйел-бала,

Жүректері қорқып болды, жүз жаралы.

Жақсылықтың есігін жапты Сұлтан бізге бола,

Мұңлық болып, кәпірге қор болды көргін.» Бұл «Хикмет» жолдары 1125 жылғы қарақытайлардың шабуылына ұшыраған кезеңді айтып отыр. Қожа Ахмет Йасауи атамыз сол кезеңдегі тарихи оқиғаларға куә болғандығын осы «Хикмет» жолдарында баяндап отыр. Егерде сол оқиғаларды өз көзімен көрмеген болса, осылай жазар ма еді? Бұл мысал да «Диуани Хикметтің» Йасауи бабамыздың өз қолымен жазғандығын дәлелдейді.

Ең бастысы «Диуани Хикметтегі» рухани ұстаным қазақ халқының рухани-мәдени болмысын толығымен қамтуында жатыр десек артық айтқандық емес. Сондықтан оған мысал келтіріп те қажеті жоқ. Қазақ қоғамындағы «жесірін жылатпау, жетімін қаңғытпау», дәстүрі мен түрмесі болмауының өзі Йасауи бабамыздың рухани ықпалының қаншалықты терең болғандығын дәлелдейді. Рас, «Диуани Хикмет» жинағы құрамында шәкірттерінің шығармалары барлығын жоққа шығаруға болмайды. Алайда, «Хикметтің» барлығы Қожа Ахмет Йасауидің өзінікі емес деген тұжырымды ұсыну Қожа Ахмет Йасауидің әруағына, ол кісінің рухани мұрасына қарсы жасалған қианат деп түсінуіміз керек.

Ендігі кезекте Д.ДеУис тарапынан жазылған «Қазақстан мен Орталық Азияда Ислам Йасавийаның мәдени тарихы атты» мақалалар жинағындағы мақалаларға жасалған ішінара жасалған қысқаша сараптауымызды назарларыңызға ұсынбақпын. Алайда, алдымен бұл кітапты жариялап, жаңадан ашылған «Ясауитану» орталығына әкелудегі басты мақсат не болды? – деген сұраққа жауап беріп көру керек. Негізгі мақсат – Қожа Ахмет Йасауи сынды ұлы тұлғаның тұлғалық болмысына, тарихтағы роліне көлеңке түсіріп, жай бір сопы ретінде көрсету. Бұл мақсатты Д.Де Уис мырза жақсы атқарып шыққан. Біз оны автордың «Йасави Ахмат» атты мақаласынан көре аламыз. Ол мақалада автор былай дейді: «Ахмад Йасавидің Орта  Азиядағы сопылық шайх ретінде тарихи тұлға болғаны туралы еш күмән жоқ болғанымен, оның өмірі туралы ақпарат өте аз. Оның қай жылы қайтыс болғаны белгісіз, бірақ қайтыс болған жылы ретінде көбінесе 562/ 1166-1167 м.ж. болжалды, бірақ бұл дата оның сопылық силсиларындағы орны туралы даулы мәлімдемелер негізінде ұсынылған және негізсіз болып табылады. Оның өмір сүрген кезеңі туралы әңгімелерде айтылған жанама дәлелдер оны XII ғ,асырдың соңы мен XIII ғасыр басында өмір сүрген деп көрсетеді. Йасави аймақтық шайх ретінде тұрақты түрде суреттеледі, әсіресе, «Түркістан» деп аталатын аймақпен, яғни ішкі Азия даласының көшпенді түркілеріне дейінгі қалалық Мауаранахр өркениеті арасындағы шекаралық аймақпен байланыстырылған». (436 б.) Міне, осы үзіндінің өзінен автордың Қожа Ахмет Йасауидің өмір сүрген кезеңі мен тарихи роліне күмән келтіріп отырғанын көре аламыз. Мақсат – қазіргі дейін қалыптасқан Йасауидің тарихтағы роліне көлеңке түсіріп, ол кісінің еңбегін біртіндеп жоққа шығару.

Кітапта «Қожа Ахмад Йасави исламды таратушы әулие ретінде Орталық Азияның түркілерін исламдандырудағы сопылырдың ролін қайта қарастыру» деген атпен берілген мақалада жоғарыда келтірілген күдік пен күмәнді одан ары қарай ұлғайта түседі. Автор былай дейді: «Бірінші тұжырым Ахмад Йасавидің қазіргі заманғы сопылық ақын ретіндегі беделіне негізделген, ол түркі тілінде діни немесе мистикалық өлеңдер жазған деп есептеледі. Барлық ықтималдықпен оған тиесілі деп саналатын поэзия оның өмір сүрген уақытынан әлдеқайда кейінірек жазылған. Және кез-келген жағдайда тарихи тұрғыдан онымен байланыстыруы мүмкін емес. (570 бет)

Көріп отырғанымыздай, автордың әр бір мақаласы Йасауи тұлғасына күмән келтіруді мақсат етінін көрмеу мүмкін емес.

Автор ойын ары қарай былай жалғастырады: «Қысқаша айтқанда, Ахмад Йасавидің даладағы көшпелілер арасында исламдануға қатысы болған деген ұғым оның өмір сүрген ықтимал тарихи кезеңіне де, оның белсенді болған әлеуметтік саяси контексіне де сәйкес келмейді. Шындығында, бұл ұғым сопылар мен көшпелілер туралы стериотиптік түсініктерді, сондай-ақ Ахмад Йасави сопы шайхына емес, (адамдар мен динозаврлар сияқты, қазақтан Ахмад Йасавимен бір кезеңде өмір сүрмеген), Ахмад Йасавидің  кесенесіне кейінгі көшпелілердің қазақтардың берілгендігінен туындаған анахронистік болжамдарды көбірек көрсетеді.

Бұл кезеңде, Ахмад Йасавидің исламдастырушы ретіндегі беделінің қандай де бір аспектісін сақтап қалуға болатын-болмайтынын сұрауымыз мүмкін. Менің мақсатым сол бейнені сақтап қалу емес, өйткені ол бейне өте нашар суреттелген деп ойлаймын. Дегенмен, йасавийа дәстүріннің кейбір аспектілері исламдастыру процесіне қатысы бар екенін көрсетеді, бірақ ол исламдастыру бұрынғыдай көріністе емес,  керісінше, исламдандыруды тарихи процесс ретінде жақсырақ түсінуге бағытталған тәсілдермен байланысты». (573 б.) Осылай деп автор бұл мақалада Йасауидің, йасауийа тариқатының түркі халықтарының тарихи тағдырында ешқандай ролі болмағандығын, қазіргі айтылып жүрген әңгіменің барлығы ойдан шығарылғандығын дәлелдеп отыр. Сонымен бірге, өзінің мақсатын «Менің мақсатым сол бейнені сақтап қалу емес,» деп, ашық айтып, барынша Йасауи ілімінің сол кезеңдегң түркі қоғамына ешқандай ықпалы болмағандығын дәлелдеуге күш салады. Одан ары қарай Д.ДеУис мырза ойын ары қарай былай жалғастырады:

«Бұл процес бірнеше әңгімелер жиынтығын қамтиды, олар Ахмад Йасавиді исламдастырушы әулие ретінде суреттеп, моңғол дәуірінің басқа исламдандыру әңгімелерінде кең тараған мотивтер мен баяндау құрылымдарын еске түсіреді. Әрине, бұл тек әңгімелер болып саналады. Және оларды «не болғанын» сипаттайтын нақты дәлел ретінде қабылдамай, Ахмад Йасавидің билеушілер немесе халықтарға исламды жеткізу ролін жаңсақ түсіндіріп алудан сақ боуымыз керек. Сонымен қатар, бұл әңгімелердің монғол дәуірінің өнімі екенін ескерсек, олар бізге осы кезең мен сопылардың түркілерге көшпенділерге немесе жалпыға исламды жеткізудің басты құралы болған деген ойын жоққа шығара алатын моңғолдардан бұрын кезеңінің арасындағы маңызды айырмашылықты еске салады». (574) Девин ДеУис мырза осылай деп халық арасына таралған тарихи аңыздардың маңызын жоққа шығарып, оның орнын басқа дерек көздерімен толтырғысы келетінін жасырмайды. Сонда, халық арасында ғасырлар бойы қалыптасқан ауызша тарих пен шежірелерді, «Насаб-нама» нұсқаларындағы баяндалатын тарихи деректерді жоққа шығарғандағы мақсаты не? Мәселенің барлығы Йасауи жолы өкілдерінің ролін жоққа шығарып, түркілерді рухани өзексіз тобыр ретінде суреттеу негізгі ұстаным болса керек. Сонда біз сол орта ғасырлардан қалған тарихи деректер мен аңыз-әңгімелерге сенбегенде кімге сенуіміз керек? Онсыз да қазақтың бар тарихы шетжерлік тарихи деректер негізінде жазылып отыр.

Орталық Азия түркілері арасындағы Ахмад Йасавидің шәкірттері. Ерте көзқарастар, қарама қайшы дәлелдер және йасавийа силсиласының пайда болуы.

«Жақында Ахмад Йасавиге қатысты табылған ең ерте сілтеме туралы мақалада, мен оның кейінгі өмірібаяны мен фольклорлық бейнесін қалыптастырған түрлі элементтеріне қарамастан, бастапқыда ол орта Сырдария аңғарындағы Йасы қаласында салыстырмалы түрде «нормативтік» сопылық шайх болғанын айттым. Сонымен қатар, ол осы аймақта қауым- басқарушы ретінде танылған. Бұл туралы сенімді дәлелдер бар». (ДеУис, 2013).

Бұл жерде Д.ДеУин мырза Қожа Ахмет Йасауи бабамызды қатардағы көп сопы шайхы ретінде қарастырып, ол кісінің ислам дінін шариғат деңгейінен тариқат деңгейіне көтеріп, Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты қайта қалпына келтірген, сөйтіп адамзаттың тарихи тағдырына ықпал еткен  шешуші тұлға болғандығын мойындағысы келмейді. Ең бастысы Ислам дінінің шариғат тариқат деңгейіне көтерілуі,тариқаттың тарих сахнасына шығуы Йасауиден басталатынын еске алмайды.

«Мен сондай-ақ, Йасавий сопы тариқатының ерекше түркілік құбылыс ретінде «беделіне» қарамастан, оның өмірбаяны мен әдеби мұрасы негізінен парсы тілінде жазылғанын атап өттім ((ДеУис, 1999). Шынында да, Йасави тариқатының кейінгі тарихында, XV-XVIII ғасырлар аралығында парсы әдебиеті мен мәдениетімен немесе Орталық Азияның қостілді шындықпен сәйкестендірілген маңызды тұлғалар болды. Бұл себептердің бірі – осы контексте Ахмад Йасавидің тікелей  шәкірттері мен оларға байланысты сопылық қауымдастықтардың дәстүрін ары қарай дамытудағы ең ерте кезеңнен не үйренуге болатынын қарастыру. Менің ойымша, біздің тұжырымдар екі жақты. Бір жағынан, йасавийа дәстүрі толығымен түркіленген Орталық Азия аймақтарында – Сырдария аңғарында және мүмкін Хорезмде дамығын кезеңі болған. Екінші жағынан, Йасави дәстүрі әдетте ғылыми және танымал әдебиетте байланыстырылатын орталардан мүдем өзгеше ортада дамығынын көреміз (587-588 бб)».

Бұл жерде автор Қожа Ахмет Йасауи өзінің шығармаларын парсы тілінде жазғандығын алға тарту арқылы ол кісінің  түркі тілі мен мәдениетінің рухани өзегі болғандығын жоққа шығаруға бағытталған мақсатын көруімізге болады.  Егерде Йасауи бабамыздың ондай пиғылы болса, өзінің «Хикметінде» «Міскін, әлсіз Қожа Ахмет, жеті атаңа рахмет,

Парсы тілін біледі, құб айтады түркіні» - деп айтпаған болар еді. Олай болса, автордың мақсаты қалайда Қожа Ахмет Йасауи мен түркі халықтарының арасына сына қағып, қазіргі қазақ болмысынан оқшаулауды өз міндетіне алған сияқты. Автордың одан кейінгі ойлары оншалықты түсінікті болмағандықтан, оларға ылайықты жауап бере алған жоқпын. Бірақ осы жазғандарының соңына қарай Йасауи дәстүрі «түркіленген Орталық Азия аймақтарында, Сырдария аңғарында және мүмкін Хорезмде дамыған кезеңі болған. Екінші жағынан, Йасави дәстүрі әдетте ғылыми және танымал әдебиетте байланыстырылатын орталардан мүдем өзгеше ортада дамығынын көреміз» - деуінің өзі автордың  Йасауи ілімі мен тариқаты белсенді әрекет еткен аймақ материалдары негізінде емес, парсы тілінде жазылған материалдар негізінде жазып отырғанын мойындайды. Мәдениеті мен тілі бөлек халықтың деректері негізінде жазылған кез-келген мақала объективті шындықты бере алады ма? Оның үстіне ортағасырлардағы түркі үстемдігіне қарсы күрескен халықтың түркілердің рухани болмысының өзегі болған Йасауи жолына, йасауийа тариқатына байланысты дұрыс пікір жазуы мүмкін бе? Мүмкін емес. Олай болса, парсы деректеріне сүйеніп мақала жазып отырған Д.ДеУис мырзаның жазғандарына сену мүмкін емес.

«Қазіргі мақсат үшін бұл Ахмад Йасавидің тікелей шәкірттерінің белсенді болған кезеңін шамамен XIII ғасырдың бірінші жартысына орналастырады. Олар жиі болжанғандай Селжуктар немесе тіпті Хорезмшахтар дәуірінде емес, монғол дәуірінде белсенді болған. Басқаша айтқанда Йасавийа дәстүрінің пайда болуы мен даму үшін монғол билігіндегі Орта Азия болды.» (589 б.)

Бұл жазғандарына қарағанда Д.ДеУис мырзаның Йасауи атамыздың қайсы кезеңде өмір сүргендігінен хабарсыздығын көреміз. Қожа Ахмет Йасауи Қарахандық билеушілер заманында өмір сүріп, сол заманда тариқатын қалыптастырды. Ол кезде ол кісі негізінен тек шәкірттер дайындаумен айналысты. Шыңғыс хан дәуірінде негізінен ол кісінің шәкірттері белсенді әрекет жасады. Бұл тақырыпты кеңінен қозғап, талдау жасауға  болар еді. Әрине оған мүмкіндік жоқ.

Д.ДеУин мырза негізінен парсы тіліндегі деректермен жұмыс істегені, көбіне  Али Сафидің «Рашахат айн ал-хайат» атты шығармасына арқа сүйегенінен хабардармыз. Алайда автор, бір «Рашахат» көп сауалдарға жауап бере алмайтынын ескермейді. Біз оны автордың мына мәселеде көп шатасқанына қарап, баға бергіміз келіп отыр. Ол кісі былай дейді:  «Ахмад Йасавиге мұрагерлік еткен төрт мұрагердің алғашқы екеуі тек есімдер ғана болып табылады. Біріншісі, Мансұр Ата Арслан Бабаның (және арғы тегі, екі делал арқылы Зәңгі Атаның, кейінірек Йасавинің  силсиласында көрінетін) баласы болған және Йасавидің шәкірті болмай тұрып-ақ өзінің мистикалық білімін әкесінің қол астында бастағаны айтылады. Ол Арслан Бабаның бұйрығымен және ол қайтыс болғаннан кейін ғана жасайды. Бұл жерде Мансур Ата мен Арслан Баба арасындағы байланыстың өзі проблемалық болып табылады. Өйткені Арслан Баба кейде Ахмад Йасавидің «сопылық шебері» ретінде бейнеленгенімен, ол көбінесе қалыпты сопылық ұстаз ретінде танылады.» (589 б.) Егерде осы мәселені талдап шығатын болсақ, онда автордың Арыстан баб пен Арыслан қожаның арасындағы айырмашалықты ажырата алмайтынын көреміз. Арыстан Баб Мұхаммед (сАс) пайғамбардың аманатын бала Ахметке жеткізуші сахаба.. Ол кісі аманатты тапсырысымен дүниеден көшеді. Ол кісінің тікелей пайғамбар (сАс) сахабасы екендігін дәлелдейтін құжаттық дәлелдер бар. Наджм ад-дин Умар ибн Мұхаммад ибн Ахмад ан-Насафидің «ал-канд фи зикр улама-и Самарканд» атты шығармасында Исфиджаб уалайатының Бараб деген жерінде Пайғамбардың (сАс) бір сахабасы бар екендігін, аты Абу Жағфар Мухаммад ибн Настур ар-Руми екендігі, оның Пайғамбармен (сАс) Табук соғысында бірге болғандығы жазылған. Ол кісіден Пайғамбардың бірнеше хадисін жазып алады. Ол хадистер кезінде «Хадис» жинақтарына кірген. Бірақ соңғы жылдары ол хадистерді жалған хадис ретінде хадистер құрамынан шығарылғанын растап соңына мөр басылған кітаптың суретін көрдім.

Ал, Арслан қожа болса, Қожа Ахмет Йасауидің әкесі Ибрахим шайхпен бірге туған Іляс шайхтың ұлы. Олай болса, Арслан қожа Йасауи атамызбен немере туысқан болып шығады. Осы Арслан қожаның ұлы Мансұр Ата Йасауи атамыздың алғашқы шәкірті. Йасауи бабамыз Меккеге барғанда қасына серік болып, еріп барады да, Кіші Азияға барған түріктер арасында ұстазының рұқсатымен қалып қояды. Қазір Мансұр Атаның қабірі Түркияның Елазиг қаласы жанындағы Харпут атты елді мекенде. Мансұр Атаның ұрпақтары әлі күнге Түркиядағы негізінен Қадарийа тариқатының және ол тариқатқа қоса бес тариқаттың тізгінін қолдарына ұстап отыр. Олардың ішінде Йасауийа тариқаты да бар. Ол кісіге Йасауийа тарқаты 2015 жылы көктемде беріледі.

Қоқан қаласынан табылған «Тарих-нама» атты қолжазбада Қожа Ахмет Йасауидің жиені Ахмет сопыны  1003 жылы Арыслан қожаға ертіп, Қаялық еліне аттандырғаны жазылады. Демек, бұл дерек те Йасауи атамыздың 1040 жылдар шамасында дүниеге келгендігін растайды. Бұл деректер Арыслан қожа да, Мансұр Ата да тарихта болған, йасауийа тариқатын түркі әлемінің әр тарапына тарату жолында күш салған тұлғалар болғандығын көрсетеді. «Диуани Хикметте», «Насаб-намаларда» Қожа Ахмет Йасауидің тоқсан тоғыз мың шәкірті болғандығы, олардың ішінде 12000 муджтахид шәкірттер болғандығы туралы айтылады. Сонша шәкірт тәрбиелеп, жол көрсеткен Ұлы ұстаздың ілімінің бағы Шыңғыс хан келгеннен кейін ашылғаны рас. Шыңғыс хан келіп, Сыр бойын өзінің қарамағына алғанша қаншама қысымға түсті. Түркілердің өзінің рухани өзегін қайта қалпына келтіргені алдымен Хорезмшаһтар мемлекетіне ұнамады. Йасауи жолына қолдау көрсетіп, қарсы шықпай билікте отырған Қарахандық билеушілердің барлығы дерлік талқандалып, Хорезмшаһтар мемлекеті билігін мойындауға мәжбүр болды. Қайтадан араб-парсы тілдеріне қолдау көрсетіліп, түркі тілі мен мәдениетіне қысым көрсетіле бастады. Осы кезеңде жергілікті халық Шыңғыс ханға бет бұрды. Қысымға ұшыраған халықтың өкілдері Шыңғыс ханға қашып барды. Құлжа өлкесінің халықы қарақытайларға да, Күшлік ханға да бағынбайтын Бұзар тегін атты билеушісі бар мұсылман мемлекетін құрды. Іле өзені бойындағы Алмалық қаласын басып алып, Бұзар тегін өзіне Тоғрыл хан деген ат алып, Шыңғыс ханмен байланыс орнатты. Зерттеуші Қ.Өмірәлиев  «Ахуал Чынгыз хан уа Ақсақ Темир» атты кітапта Шыңғыс ханды хан көтеруге барған билер осы мемлекеттен барған деп есептейді. Сол билердің көпшілігі сол Йасауи жолының өкілдері болса керек.  Олай дейтініміз Отырар қаласын алуға жәрдем берген Йасауи жолы өкілдері болатын. Шыңғыс хан билігі орнағаннан кейін олар Шыңғыс ханның қоластында қызмет етті. Шыңғыс хан мемлекетінің мемлекеттік жүйесінің дұрыс қалыптасуын қамтамасыз етті. Мемлекеттің басқару жүйесі Оғыз ханнан қалған мемлекттік жүйені қайталап, көне түркілік сипат алды. Жошы ұлысы билігіне Өзбек хан келгенде Йасауи жолы мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерілді. Қазіргі қазақ халқы құрамындағы ру-тайпалардың, жүздердің қалыптасуы осы кезеңнен бастау алады. Ру-тайпалар мемлекеттің іргетасын қаласа, жүздер мемлекеттің рухани-мәдени болмысын қорғайтын негізгі тұтқа болып қалыптасты. Йасауи жолының құрылымдық жүйесіне Алтын Орда мемлекетінің құрылымдық жүйесін сай қалыптастырылды. Қазіргі қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, мәдениеті осы кезеңде толық қалыптасып үлгерді. Бұл мемлекет адамзат тарихындағы ең әділетті мемлекет ретінде тарих сахнасына шығып, Алтын Орда деген ат алды. Алайда, бұл мемлекеттің өмірі ұзақ болмады. Өзбек хан дүниеден өтісімен ұлы Жәнібек хан шешесінің көмегінің арқасында таққа отырып, ағасы Тыныбек пен інісі Хзырбекті өлтіріп Алтын Орда тағына отырды. Мақсаты абсолюттік билікке жету болған Жәнібек хан Йасауи жолына, йасауийа тариқатына қарсы шығып, мемлекеттің діни-идеологиялық бағытын толығымен өзгертті. Мемлекеттік идеология болып шафиғи мазхабы қабылданды. Рухани билікті қолдарына ұстап отырған Йасауи жолы өкілдері-билер биліктен шеттетіліп, қуғынға салынды. Мақсат барлық рухани талаптармен абсолюттік билікке мүмкіндік бермейтін билер институтын жойып, абсолюттік билікке жету болды. Йасауи жолының сол кезеңдегі жетекшісі Асан Қайғы бастаған билер соңдарына ерген халықты ертіп, қазіргі Ұлытау жерінде Алаш мемлекетін дүниеге келтірді. 1356 жылы Жәнібек хан өзінің ұлы Бердібектің қолынан өлгеннен кейін Алаш мемлекеті қайтадан барып, Алтын Ордаға қосылды. Бірақ Алаш мемлекетінің тарихта болғандығын айғақтайтын Алаша ханнан басталатын шежіре қалды. Осы Алаш тұсында Асан Қайғының соңына ерген халық қазақ деп айтыла бастады. Қазақ деп Йасауи жолына адал халық қана қазақ атанды.

Бердібектің билігі ұзақ болған жоқ. 1359 жылы Сарай төңкерісі кезінде ажал құшты. Сол 1359 жылдан 1980 жылға дейінгі аралықта Алтын Орда тағына 25 хан келіп кетті. Жошы ұрпақтар арасындағы тақ тартысынан шаршаған Йасауи жолы өкілдері-билер Маураннахрда Әмір Темірді билік басына әкелді. Оның алдына Шыңғыс хан империясын қайтадан қалпына келтіру міндеті қойылды. Әмір Темір өз уәдесіне адал болды. Алдымен Алтын Орда мемлекетін қалпына келтірудді қолға алды. Маңғыстаудағы Тойқожа оғланның ұлы Тоқтамысқа Алтын Орда тағын тартып әперіп, Алтын Орданы қалпына келтірді. Үздіксіз Алтын Орда тағы Жошы ұрпақтары арасында жүрген соғыстан қалалар қирап, сауда-саттық тоқтаған болатын. Тоқтамыс хан аз ғана жылдың ішінде мемлекетті қайтадан қалпына келтірді. Мемлекет қайтадан күш ала бастады. Алайда, Тоқтамыс Темірдің алдында, Йасауи жолына адал болу туралы уәдесін ұмытып, Йасауи жолына, Әмір Темірдің өзіне қарсы шығып, соғысты бастады. 1389 жылы  Түркістанға келіп Қожа Ахмет Йасауи кесенесін қиратты. Тоқтамыстың ол әрекетіне Әмір Темір 1392 жылы Булгар жерінде талқандап, кері қайтты. Ол кезде Тоқтамыс Литва жеріне қашып кеткен болатын. Тоқтамыс араға жыл салып, Әмір Темірге қарсы жорығын қайта бастады. Оның мұндай әрекетіне шыдамаған Әмір Темір Иран жерінен тікелей Кавказ арқылы келіп, Алтын Орда мемлекетін талқандады. Тоқтамыстың әскерін қаржыландырып, отырған саудагерлер мен қолөнершілерді қатты жазаға тартты. Тек Еділ бойы емес, Қаратеңіздің солтүстік жағалауындағы қалаларды да түгелімен қиратты. Енді орыс жеріне барып, ондағы қалаларды қиратпақ болып, Владимир қаласын қоршауға алғанда, Тәңір Тағала тарапынан «орысты шаппа» - деген бұйрық түсіп, кері қайтуға мәжбүр болды. Оның себебін кейін түсінген Әмір Темір бармағын шайнады. Тоқтамысқа қанша ашуланса да, мемлекетті толығымен жоюының қажеті жоқ еді. Алтын Орда соғысынан түскен қаржыны  түгелімен Қожа Ахмет Йасауи атасының басына алып кесене салуды жөн деп тапты. Бұл Йасауи ілімін сақтап қалудың бір жолы еді. Алтын Орда ыдырап, мемлекет бөлшектенгеннен кейін пайда болған мемлекеттер де, Йасауи жолынан бас тартамын деп, мемлекеттіктерінен айырлып отыр. Әбілхайыр ханның да Йасауи жолынан бас тартуы бір мемлекеттің үшке бөлінуіне әкелді. Қазақ хандығы, Шайбанилер мемлекеті, Ноғай ордасы осы кезеңде тарих сахнасына шықты. Осы мемлекеттердің барлығы Йасауи жолынан бас тартқан соң мемлекеттігінен айырлып отырды.  Міне осындай түркі халықтарының тарихи тағдырында шешуші мәнге ие болған тариқатты түкке алғысыз етіп, ол тариқатты қалыптастырған Йасауи атамыздың өзін көптің бір етіп көрсету кімге қажет болды? Не үшін? – деген заңды сұрақ туындайды. Оған бір ғана жауап бар. Ол біздің шетелдік «жанашырларымыздың» қалайда қазақ халықына өзінің рухани өзегін таптырмауды мақсат еткен аждаһаның әрекеті екендігіне менің титтей де күмәнім жоқ. Кешегі уаххабизм, салафизм барлығы сол жаһандану технологтарының манипуляциялық әрекетінің нәтижесі болатын. Ел Президенті соған қарсы тұратын күштің қайда екенін дәл анықтап, Ясауитануды қолға алу керектігін айтты. Барлық жағдайда туындайтын қиындықтардан шығудың қосымша тетіктерін қарастырып қоятын әдеттері бойынша жаһандану манипуляторлары сопылық тариқаттар тарихын зерттейтін Д.ДеУистің жазғандарын іске қосты.  Осы мәселені бүге-шігесіне дейін зертеп жүрген Д.ДеУистің мына жазғандары Ясауитану ғылымын адастыру үшін таптырмайтын құрал болды. Өкінішке орай, ғалымның бұл жазғандары кедергісіз Ясауитану ғылыми орталығының стратегиялық бағытына айналып шыға келді. Егерде  біз бұл жаһандану манипуляторларының ұсынған бағытынан бас тартып,, «Ясауитану» ғылымын өз қолымызға алмасақ онда ертеңгі күні халық ретінде жер бетінен кетеріміз анық. Олай дейтінім Йасауидің ілімі қазақ халының генетикалық коды. Сондықтан есімізді жиып, етегімізді жауып, қазақтың рухани болмысының өзегін қорғай алмасақ, онда ертеңі жоқ халыққа айналатынымызды әр қазақ баласы сезінуі керек. Онсызда қазіргі күні жаһандану технологтарының қазақ халқына қарсы жасаған әрекеті салдарынан рухани азғындыққа ұшыраған халықтар санатына қосылып келе жатырмыз. Осыдан бірнеше күн бұрын бір танысымды кездестіріп қалдым. Ол кісі қаладағы мектеп мұғалімдері мен ата-аналары қатысқан жалпы қалалық жиналыстан келе жатқанын, оқушылар арасында рухани азғындық шегіне жеткенін, ең бастысы 12-13 жас арасындағы қыздар арасында жүктілік көбейіп кеткенін күйіне айтып берді. Тура сол күні бір подкаста спикер Бейнеу қаласында бір мектептен сол 12-13 жасар қыздар арасында жүктілік көбейіп кеткенін айтып, жағамды ұстатты. Мұның барлығы сол өзіміздің босбеулігіміз бен шетел десе, өзегіміз үзіліп тұратын осалдығымыз.  Осыдан біраз жыл бұрын шетел мектеп бағдарламасын өзгертуге қаржы берді деп, қалпағымызды аспанға аттық. Жаппай мектеп оқулықтарын қайта жазып, бұрынғы бағдарламалардан бас тартық. Нәтижесінде адам емес жақсылық пен жамандықты, адамдық пен арамдықты ажырату үшін бас ауыртпайтын, ізгілік, имандылық, сүйіспеншілік деген киелі ұғымдардан мүлде хабары жоқ биороботтарды дайындауды қолға алдық. Міне, енді соның жемісін жеп жатырмыз. Бұл бір мектеп саласы ма? Жоқ. Біздің қоғамдық өмірдің бар саласы осындай арылмас дертке душар болған. Бұл кеселден арылудың жалғыз жолы халқымыздың рухани өзегі – Йасауи жолы. Ал, сол жолдың өзі мынадай қатерге ұрынып отырғаны мені осындай мақала жазуға мәжбүр етті. Әйтпесе, мен Д.ДеУисті де, кітабын қазақшаға аударып берген Әшірбек Муминовты да жақсы білемін. Әшірбек жас болса да, ғылым саласында маған жол көрсетіп, ұстаз болған адам. Солай бола тұра, мен өзімнің жеке басымның қарым-қатынасын ұлттық мүддеден артық қоя алмадым. Олар да мені түсінер деген ойдамын. Ал мақаланың атының «Жоққа шығаруды жоққа шығару» деп аталуы Йасауи бабамыздың рухани ілімін жоққа шығармақ болған мырзалардың арам пиғылдарын жоққа шығару болды.

Пайғамбарлардың ролі Алланың әулиелердің достарына жүктелетін кез келді. дейін  Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты пайғамбарлар атқарып келді. Мұхаммед (сАс) пайғамбар соңғы пайғамбар, пайғамбарлардың мөрі. Ол кісіден кейін пайғамбар келмейді. Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты жалғастырып келген пайғамбарлармен келген рухани қуат 400 жылға ғана жетеді. Егерде Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланыс қайта орнатылмайтын болса, онда адамзат қоғамында азғындық белең алып, адам баласы ақырзаман апатына ұрынады.

Зікірия Жандарбек,

тарих ғылымдарының кандидаты, ясауитанушы

Abai.kz

0 пікір