Көсемнің көзін жою операциясы...
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясы аясында Израиль истребительдері Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменейдің резиденциясына ондаған бомба тастап, көсемнің көзін жойды. Батыс БАҚ-тары бұл шабуылдың қалай ұйымдастырылғанын анықтап жазыпты...
«БІЗ ТЕҺЕРАНДЫ ИЕРУСАЛИМ СЕКІЛДІ ЖАҚСЫ БІЛДІК»
Financial Times-тің жазғаны: Израиль Хаменейді көптен бері аңдыған. Теһерандағы көшелердегі камераларды бұзып кіріп, олардан алынған мәліметтер жылдар бойы Тель-Авивтегі серверлерге беріліп отырған. 28 ақпанда бомбаланған резиденцияға аятолланың шенеуніктері мен күзеті келгенде де, Израиль оларды сырттан бақылап отырған. Тіпті Иран шенеуніктерінің көліктерін қайда қойғанына дейін біліп отырған.
Израиль барлауының қызметкері FT басылымына: «Біз Тегеранды Иерусалимді білгендей жақсы білдік», — дейді. Оның айтуынша, Израильде Теһеран туралы мәліметтер резиденцияны бомбалаудан әлдеқайда бұрын болған.
Хаменейді нысана етіп алған Израиль аранайы жоспар құрып, тыңғылықты әрекет еткен. Израильдің әскери доктринасына Хаменейдің көзін жою операциясы арнайы енгізілген. Ол бойынша Хаменейдің орналасқан жерін екі жоғары лауазымды офицер растауы тиіс болған. Сонымен қатар Израильге америкалықтар көмектескен.
Израиль генералы Дэн Кейннің айтуынша, америкалық әскерилер Израильдің «жолын тазалап» берген. Кибершабуылдар жасау арқылы, Иранды «көру, байланысу және әрекет ету» қабілетінен айырған.
ЦРУ-ДЫҢ РӨЛІ ЖӘНЕ «АДАМ ФАКТОРЫ»
BBC, FT, NYT басылымдарының жазғаны: Хаменейдің көзін жою операциясына ЦРУ тікелей қатысқан. АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы аятолланың орналасқан жері туралы ақпарат жинаған. Операция кезінде Израиль Иран басшылығындағы адамдарға, ал АҚШ әскери нысандарға жауапты болған.
Израиль барлауында радиотехникалық барлау мәліметтері болған. Көшелердегі камералар мен ұялы байланыс желілеріне бұзып кіріп, деректерге қол жеткізген. Осылайша, Хаменейдің жүріп-тұрғаны жайлы, жиналыстың қашан және қайда өтетіні туралы ақпараттарға толық қол жеткізілген.
Ал АҚШ-та бұдан да құнды дереккөзі болған. Ол – ішке енгізілген тыңшы. ЦРУ Хаменейді айлап бақылаған. Америкалық барлау 28 ақпан күні таңертең оның резиденциясында маңызды кездесу өтетінін және оған аятолланың өзі қатысатыны туралы мәлімет алған. Осы ақпаратты алған соң, одақтастар шабуыл уақытын шұғыл өзгертуге ұйғарады. Сөйтіп, ешкім күтпеген жерден таңғы уақытта соққы жасалады.
ТРАМП: «АЯТОЛЛА ӨЗІН ҚАУІПСІЗ СЕЗІНІП, ТАҢҒЫ АСЫН ІШІП ОТЫРҒАН»
BBC-дің жазғаны: Израиль истребительдеріне Теһеранға дейін ұшу үшін шамамен 2 сағат қажет, бірақ олардың нақты қай қашықтықтан бомба тастағаны белгісіз. БАҚ истребительдер жергілікті уақыт бойынша 09:40-та резиденцияға 30-ға жуық қуатты бомба тастағанын хабарлайды. Таңғы уақыттағы соққы тактикалық тұтқиылдыққа мүмкіндік берді. Шабуыл нәтижесінде резиденция толығымен қираған, бұны жерсеріктен түсірілген суреттер растайды.
АҚШ президенті Дональд Трамп Fox News эфирінде Ирандағы операция барысында тек сенбі күні 49 топ-шенеунік өлтірілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Хаменей шабуыл болған күні таңертең өзін қауіпсіздіктемін деп санап, жақын адамдарымен таңғы ас ішіп отырған.
Сарапшылардың пікірінше: Бұған дейін де өзге елдің аумағында қарсыластарының көзін жою операцияларын жүзеге асырған Израиль мен АҚШ арнайы қызметтері соңғы жылдары айтарлықтай табысқа қол жеткіздіү солардың бірсыпырасы: 2024 жылы «Хезболла» лидері Хасан Насралланы, кейін «ХАМАС» қолбасшысы Яхья Синвар мен «ХАМАС» басшысы Исмаил Ханияның көзін жойды.
«Моссадтың» бұрынғы басшыларының бірі Сима Шайн: «Біздің осыған дейінгі «пейджерлер операциямыз» бен осы жолғы операцияларымыз сөзсіз, әлемнің назарын аударарлық сәттілікке ие болды», - дейді.
Abai.kz