Header Banner
Жұма, 13 Наурыз 2026
Жаңалықтар 96 0 пікір 13 Наурыз, 2026 сағат 17:01

АҚШ Ресей мұнайына санкцияларды уақытша жеңілдетті

Сурет: сайт мұрағатынан алынды

Мәмілелерді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін арнайы лицензия Қаржы министрлігінің сайтында жарияланды.

АҚШ 11 сәуірге дейін Ресей мұнайы мен мұнай өнімдерін сатуға қатысты санкцияларды уақытша жеңілдетті. Бұл 12 наурызға дейін танкерлерге тиелген қара алтынға қатысты болмақ, деп хабарлайді шетелдік БАҚ.

АҚШ Қаржы министрлігінің басшысы Скотт Бессенттің сөзінше, мұндай шешімді президент Дональд Трамп қабылдаған. Осылайша әлемдік энергетикалық нарықтағы тұрақтылықты сақтау және мұнай бағасының күрт қымбаттауына жол бермеу көзделіп отыр.

Министр X әлеуметтік желісіндегі жазбасында бұл "нақты әрі қысқа мерзімді шара" екенін мәлімдеді. Бессент тиісті қадам Мәскеуге қаржылық тұрғыдан айтарлықтай пайда әкелмейді деп отыр. Себебі Ресейдің мұнай-газ саласынан түсетін негізгі табысы өндіріс орындарында алынатын салықтар арқылы қалыптасады. Сонымен қатар ол мұнай бағасының өсуін қысқа мерзімді және уақытша құбылыс деп бағалады. АҚШ Қаржы министрінің сөзінше, ұзақ мерзімде бұл жағдай Вашингтон үшін тиімді болуы мүмкін.

Fox News телеарнасының хабарлауынша, 12 наурыздағы жағдай бойынша әлемнің 30 түрлі нүктесінде тұрған танкерлерде Ресейге тиесілі 124 миллионға жуық баррель мұнай бар. Телеарна дерегіне сәйкес, Ормуз бұғазындағы жағдайды ескергенде бұл көлем 5-6 күндік мұнай жеткізіліміне ғана жетуі мүмкін.

Abai.kz

0 пікір