Нағыз абайтанушылар кімдер?!
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шығармашылығы мен даналығын толық зерттеу әлі де өзекті мәселе. «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Алшынбекұлы Абай шығармашылығын ақын ретінде ғана емес, «Толық адам» ілімі арқылы ұлт санасының қалыптасуына ықпал еткен ойшыл ретінде қарастырады. Біз ғалыммен сұқбаттасып Абай шығармашылығын зерттеудің өзекті тұстары, жаңа Абай орталығының рөлі, тарихи және қазіргі шетелдік миссионерлік ықпалдар, сондай-ақ абайтанудың заманауи мәселелерін талқыладық.
– Жабал Алшынбекұлы, Абай атындағы ҚазҰПУ жанынан ашылған «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры ретінде айтыңызшы, біз осы Абайды танып болдық па? Кей пікіріңізде «Абайды әлі толық зерттеген жоқпыз» дегенді айтасыз. Бірақ ең көп зерттелген, жазылған, басқа тілдерге аударылған Абай емес пе? Шын мәнінде, Абай шығармашылығына келгенде қай тұс назардан тыс қалды?
– «Біз Абайды әлі танып болмадық па?» дегенді былайша түсінуіміз керек, әрине Абайды ақындығы, оның өскен жері, ата-анасы, тіпті ол туралы жазылған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы туралы зерттеулер жеткілікті. Мұндағы зерттелмей қалған, аз зерттелгені Абайдың даналығы яғни хәкімдігі. Қазақ елін отарлаған орыстың патшалық империясы да, Кеңес одағының коммунистік партиясы да Абай даналығын айтқызбауға, зерттетпеуге күш салып, мүмкіндік бермеді. Алаш ұландарының «Оян қазақ» ұранына Абайдың даналық сөздері қосылса қазақ халқы құлдыққа дес бермей, тез есін жинап, еркіндікке шығуына жол ашылып кететінін «отаршылдар» білді, Сондықтан санасын сансыратып, тұншықтыруға күш жұмсады. Бір ғана мысал, абайтанудың негізін қалаған Мұхтар Әуезовтің өзі де Абайдың даналығы, әсіресе қарасөздері туралы еңбегінде көсіліп, ойындағысын шешіліп айта алмаған, анығы айтқызбады. Абайдың қарасөздері туралы алғаш рет профессор Ханғали Сүйіншәлиев кандидаттық диссертация қорғаса, 52 жылдан кейін 2004 жылы ұстазым Мекемтас Мырзахметұлының жетекшілігімен мен қорғадым. Бұл осы зерттеудің барысында туындаған ой-пікірім.
– «Елімізде Абайтану институты ашылуы керек. Ол Конфуций институты деңгейінде мәдени-білім орталығы ретінде құрылғаны жөн» дейсіз. Мұның қызметі қандай болу керек?
– Еліміздегі үлкен қалалардың біреуінен республикалық дәрежедегі Абай орталығын ашу керек. Әзірге әр жерде ашылған Абай орталықтары әртүрлі деңгейде Абай шығармашылығын насихаттауда. Ал республикалық Абай орталығына абайтанушы ғалымдарды қатыстырып, бір жүйеге келген, ғылыми зерттеліп тұжырымдалған Абайдың даналығын яғни «Толық адам» ілімін ұсыну қажет. Абайдың «Толық адам» ілімі туралы Мұхтар Әуезов ойларын құпия бүркемелеп, ғылыми еңбегінде әрі «Абай жолы» эпопеясында там-тұмдап ғана айта алды. Мұхтар Әуезовтің бүкіл еңбектерін ұзақ жыл зерттеген ойы зерек, танымы терең абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы алғаш рет Абайдың «Толық адам» ілімін ғылыми айналысқа енгізді. М.Мырзахметұлының «Абайтану» он томдық ғылыми еңбегін мектеп оқушыларына, жоғары оқу орындары студенттеріне, тіпті көпшілікке лайықтап, танымдық кітаптар, оқулық, көмекші оқу құралдарын дайындап шығару керек. Абайдың «Толық адам» ілімі туралы еліміздің жас баласынан еңкейген кәрісіне дейін белгілі дәрежеде күнделікті өміріне пайдасы тиетіндей мағлұматы болуына қол жеткізуіміз қажет. Абай даналығын өзіміз жете меңгеру арқылы ғана шет елдерде ашылған Абай орталықтары арқылы Абайды ғана емес қазақтың тілін, мәдениетін насихаттауға мүмкіндік туады, нәтижесіз науқандық саяхатнама емес, сонда ғана нәтижелі, өнегелі іс-шараға айналады.
– Былтыр Абайдың 180 жылдығы елімізде, қорытынды ретінде Абай облысында кең көлемде аталып өтілді. Абайтанушы ғалым ретінде осы рухани, мәдени шараның ортасынан табылған шығарсыз...
– Абай облысындағы Абайдың 180 жылдығы мерекесіне қатыса алмадым. Оған дейін біздің Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Семейдегі Абай музейі бірлесіп ұйымдастырған екі-үш іс-шарада дәріс оқыдым. Осыдан он жыл бұрын облыстық әкімшілік зиялы қауымды, облыстың абайтанушыларын және елдегі Құнанбай ұрпақтарын қатыстырған жиында дәріс оқып едім. Алла қаласа, Абай облыстық әкімшілігі қолдаса Абайдың «Толық адам» ілімі туралы дәріс оқып, Абай даналығын жаңаша түсінуге серпіліс жасауға ықпал етсем деген ойым бар. Себебі, Абайдың 180 жылдығымен өзімнің 70 жылдық мерей тойым қарсаңында «Абайдың «Толық адам ілімінің» негіздері», «Абайды қорғау – Қазақты қорғау», кітабымды және «Абайды зертте, таңырқат», «Мекемтас Мырзахметұлы – Абай жолымен» ғылыми жинақ дайындап, баспадан төрт кітап шығардым. Яғни Абай еліне айтарым да, дайындығым да бар деген сенімдемін. Төрт кітаптың негізгі айтары – Абайдың «Толық адам» ілімі!
– «Абайтанудың үш алыбы – Мұхтар, Қайым, Мекемтас» деп баға береміз. Одан кейінгі тізім қалай жалғасады? Жалпы, қит етсе өзін «абайтанушы» санайтындарды осы санатқа қосар ма едіңіз?
– Мұхтар Әуезов, Қайым Мұқамедханов, Мекемтас Мырзахметұлының айнымас тақырыбы Абай болып, бүкіл шығармашылық ғұмырын арнады, бұларға ешкім таласа алмайды. Абай шығармашылығынан ғылыми еңбек жазып диссертация қорғаған Қойшығара Салғарин, Тұрсынжан Шапай, Мақсат Әліпхан, Бауыржан Ердембеков, Марат Бекбосынов, Айжан Қартаева, Дәурен Мұхамедиев т.б. зерттеуші ғалымдар «абайтанушымын» десе жөн дер едік. Абай туралы бір-екі мақала жаза салып «абайтанушымын» дейтіндерді қалай мойындайсың, олардың қатары 150, 175, 180 жылдықтарда тіпті көбейіп кетеді...
– Мәселен, Асан Омаров сіздің «Олар мен үшін қазақтың, Абайдың мүддесін емес, өздері үшін қымбат әлдебір топтың мүддесін көздеушілер секілді көрінеді» дегеніңізге «Бұл әлде шектен шыққан қызғаншақтық па?» деп жауап берген еді. Қысқасы, сіз оларды, олар сізді мойындамайтын сияқты. Шын мәнінде, Абайды басқа ғалымдардан қызғанасыз ба?
– Абайды шынайы зерттеген ғалымды көрсем қуанамын. Себебі Мұхтар Әуезовтің «Абай мұхит, мен одан шөміштеп ғана алдым» дегеніндей барлығымызға жетеді. Абай сан қырлы, сан саналы ілімнің иесі, оны әдебиетші, педагог, психолог, философ, өнертанушы, тағысын тағы кім зерттесе де артық болмайды. Қайта өз саласы бойынша Абайды басқалардың терең тануына жол ашады. Мысалы, академик-экономист Оразалы Сәбден ағамызды абайтанушы деп ауыз толтырып айтар едім. Ол кісі өз саласымен байланыстырып Абайды зерттеді, зерттеп ғана қоймай сол еңбектерін қазақ, ағылшын, орыс тілінде кітап етіп шығарды. Бір сөзбен айтқанда, Абайдың әлемге танылуына өзіндік үлесін қосып жүр. Міне, бұл қызғаныш емес, қызығуға тұратын мақтаныш! Ал Асан Омаровтың сөзі емес, ісіне қарайықшы. Осыдан бірнеше жыл бұрын Түркістан қаласында ғылыми конференцияда мен секция жетекшісі, ол Дін комитетінің уәкілі ретінде кездестік. Ол пікір айтам деп ортаға шығып «Мектепке арнап «Дін оқулығын» шығардым» деп өзінің кітабын жарнамалады. Оған «киелі Түркістан қаласында тұрсың, сені «кришнаит» деп мақала жаздым, егер менің айтқаным, дәлелім дұрыс болмаса осы ортада «мен мұсылманмын» деп сөзімді жоққа шығаршы» дегеніме ешнәрсе айта алмады. Есесіне, міңгір-міңгір етіп мінберден түсе жөнелді.
– Күрескер азамат ретінде Қанағат Жүкешовтің Абайды «кәсіби философ емес» деген пікірін де, М.Телібековтің көзқарасына да ашық қарсы шықтыңыз. Сондай-ақ Досым Омаровтың Абайды кришнаит бағытында түсіндіруге ұмтылып, «Абайтанудың рухани мұрасы» атты кітап жазғаны қоғамда үлкен дау тудырды. Бұл еңбектің сол кездегі Халықаралық Абай клубы президентi Роллан Сейсенбаев тарапынан ерекше қолдау тапқаны да белгілі. Осының бәрін ескерсек, сіз үшін бұл күрестің бағасы қандай болды? Ақыр соңында кім ұтты деп ойлайсыз?
– Жақында жазған «Абайды қорғау – Қазақты қорғау» деген кітабымда ағайынды Асан және Досым Омаровтың қалай «кришнаит» болғанын, «Абай діннің шеңберіне сыймайтын тұлға» деп дінсіз еткенін, жалған Кришнаның үш құдайын, Карма заңдылығын насихаттауын, М.Телібековтің жалған Мұсылмандар Одағын құруы, тәңіршілдікті уағыздауы, Р.Сейсенбаевтың жалған пайғамбар Ахмедиді дәріптеуі, К.Жүкешевтің қазақтың ауылын, тілін, Ислам дінін қаралап, Еуропаны мадақтап «қазақты орыстілді қазақтар ғана өркендете алады» деп әлдекімдердің айтағына еруінің бастауында шетелдік дұшпандарымыздың бізге қарсы ұйымдастырған «ақпараттық соғыс» жоспары болғанын әрі оны жүзеге асыруға арнайы дайындықтан өткен Борат, Чарльз Уеллер сияқты «жансыздары» жұмыс жасағанын нақты дәлелмен, жан-жақты талдап көрсеттім.
Бұл «жансыздардың» дайындығының күштілігі, елді бүлдіру мен адам санасын арбап сенімге ие болудың айла-амалын «кәсіпқой маман» ретінде меңгергендігін маған қарсы философ-академиктер Әбдімәлік Нысанбаев, Ғарифола Есімов, Тұрсын Ғабитов бастаған қазақ философтарының қарсы шығуы, кейбір биліктегі шенеуніктердің «Ж.Шойынбеттің мақаласын баспаңдар, телеарнаға сөйлетпеңдер» деп нұсқау беруі, қызметіме қысым жасауынан анық көзім жетті.
Менің бағыма қарай Мекемтас ұстазым ғана емес профессорлар – Тұрсынбек Кәкішев, Айгүл Ісмақова, Көшербай Сағатов, Аманжол Найманбай, генерал Мұрат Қалматаев бастаған жанашыр-қолдаушыларым болды. Бұл күресте жеңімпаз болмайды, бірі кетсе екіншісі келеді, сондықтан кім талмай-жалықпай күш-қайратын жұмсап, ілім-білімді меңгеріп, мақсатты күрес жүргізсе, елінің дұрыс жолды таңдай білуіне титтейде пайдасы болса сол ұтады. Бізде шетелден арнайы дайындықпен келген «миссионер жансыздардың» іс-әрекетіне дер кезінде танып-талдау жасау әлі де болса жеткіліксіз. Олар алдау-арбау, үгіт-насихатын тез жүргізеді, қаржылай қолдауды тиімді жұмсайды, жоспарын орындап өз елдеріне қайтады да өнімдерін яғни «адасқан қазақты» қазаққа жұмсап бақылау жасайды. Қажет болса, өздері келіп, не болмаса шақырып алып «ақыл-кеңес» беріп отырады.
– Жалпы, сіз абайтанушы ғана емес, кезінде діни миссионерлермен де белсенді түрде күрес жүргізгеніңіз есте. Абайға тіл тигізу, ұлт, мемлекеттік тіл, дін мәселесінде өре түрегелетін сізді кейінгі 10 жылда іздегеніміз рас. Неге көрінбей кеттіңіз?
– Мен көрінбей кеткен жоқпын, қайта қазақты, Абайды қорлаған жауларға қарсы күресімді жаңа сатыға көтеріп, күшейте түстім деп ойлаймын. Бұлай жасауыма сол кездегі Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Серік Пірәлиевтің: «Жабал ұстазың М.Мырзахметұлы екеуің бізге кел, Абай ғылыми-зерттеу орталығын ашамыз» деуі себеп болды. Орталық ашылды, университеттің бүкіл факультетіне Қазақстанда алғаш рет жаңа «Абайтану» пәнін енгіздік. Яғни, Абай орталығында Абайды зерттеу мен даналығын оқытуды қатар алып жүрдік. Абайтану – қазақтану пәні. Студенттерге Фарабиден Абайға дейінгі ұлттық құндылықтарды оқыта отырып, тілімізді, мәдениетімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді бүгінгі күннің талабына сай қалай дұрыс пайдаланамыз, дамытамыз дегенді сіңіріп келеміз. Америкадан келген «жансыз миссионер» Чарльз Уеллер академик Ғ.Есімнің жетекшілігімен «Қазақ ұлтын көп дінді, Кеңес Одағына дейін мемлекеті болмаған тіпті 300 жыл бойы мәдениеті болмаған «жабайы» халық» деп диссертация жазып, 22 профессор-философтардың қолдауымен философия ғылымының кандидаты атанды. Чарльз Уеллер қазір Вашингтон университетінің профессоры атанып, «Абайтану» орталығын ашып, Зәуре Батаева секілді «адасқан қазақтарды» қасына жинап «Абай дана емес, қарасөзді ол жазбаған» деп неше түрлі жалған, негізсіз сөздерді айтқызып, мақала жаздыртуда. Таңқаларлығы академик Ғарифолла Есім Чарльз Уеллердің және «адасқан қазақтардың» айтқандарын терістеп, қарсы шыға алмайды. Мұны қалай түсінуге болады?
Өкінішке қарай, бұл елімізде «адасқан қазақтардың» саны біреу ғана емес, әрі бұлар өз саласының лидері саналатындар. «Миссионер-жансыздар» кімді арбауды жақсы біледі? Бірде Серік Пірәлиев: «Жабал, дұшпандарың не деген көп. Қайта-қайта хабарласып мазамды алуда, қызметтен қумайсың ба» деп ескертуші еді. Қуанатыным, Секеңнен кейінгі ректорлар Такир Балықбаев, Дархан Біләлов, проректор Жанатбек Ішпекбаев, қазіргі ректор Болат Тілеп пен проректор Мақсат Жақау Абайдың «Толық Адам» ілімінің мән-маңызын түсініп, қолдау білдірумен келеді. Абай университетінде Абайдың «Толық адам» ілімін студенттерге оқыту мен ол арқылы тәрбиелеу барлық факультеттерде жүйелі жүргізіліп келеді. Қазақты қорғау – ор азаматтық борышың, Абайды қорғау – ғалым ретіндегі міндетім! – Былтыр ұстазыңыз, белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы өмірден өтті. Ғалым «Абайды өмір бойы зерттедім. Бірақ сонда да түсіне алмадым...» деген еді. Неге бұлай айтты екен?
– Иә, ғұлама ғалым, шын мәнінде қазақтың абызы атанған ұстазым дүниеден өткеніне бір жылдан асып барады, «Абайды түсіне алмадым» деуі ұстазымның ғылымға, Абай шығармашылығына асқан жауапкершілікпен қарауы. Елу жылдан аса шәкірт болып қасында жүргенімде, әр барғанымда Абай туралы бір жаңалық айтатын. «Болды, толық меңгердім» деген сөз аузынан шыққан емес. Осынша уақыт ағайдың дәрісін тыңдасам да, Абадың өзі түгілі, ағайдың деңгейінде Абайды білем деп айта алмаймын. Ұстазым тоқсаннан асса да соңғы күндеріне дейін қолынан кітабы мен қаламы түскен жоқ. Не деген ғылымға деген сүйіспеншілік, адалдық десеңші.
Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы
«Жас Алаш» газеті
17 ақпан 2026 жыл
Abai.kz