Сейсенбі, 31 Наурыз 2026
197 0 пікір 31 Наурыз, 2026 сағат 17:03

Полиция департаменті: Әділетт Молдахан бұрын тонау ісі бойынша сотталған

Сурет: stan.kz сайтынан алынды.

Түнгі Алматыда Әл-Фараби даңғылында орын алған жол апаты көпшілікті шошытты. Оқиға кезінде бірнеше автокөлік, оның ішінде Zeekr, Достық даңғылынан бастап заңсыз жарыс ұйымдастырып, сағатына 250 шақырым жылдамдықпен жүйткіп өткен. Апат салдарынан үш адам қаза тауып, жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Кейбір көліктердің жалған нөмірмен жүргені анықталып, олардың ішінде полицияға қатысты жоғары лауазымды тұлғалардың көліктері болуы мүмкін екені айтылды.

Бұл жол апатына байланысты заңгер Әділетхан Молдахан алғаш рет ашық пікір білдірген еді, алайда күтпеген жағдайға тап болып, ұсталуы көпшіліктің назарын аударды. Оның әріптесі Нұртуған Өмірзақ әлеуметтік желідегі жазбасында: «Түнгі 23:45. Біз полиция департаментінің алдына келдік. Әділетхан тергеуге шақырылды. Адвокат куәлігін көрсеттік, бірақ ішке кіргізбей отыр», – деп хабарлады.

Қоғамда қазір қызу талқыланып жатқан тақырып – Әділетхан Молдаханның ұсталуы және оның бұрынғы қызметі. Threads әлеуметтік желісінде оның бұрыңғы ішкі істер саласының қызметкері болғаны, кейін қылмыстық іске байланысты қызметінен алынғаны жөнінде ақпараттар тарады.

Біз Алматы қалалық полиция департаментіне ресми хабарласып, Әділетхан Молдахан не үшін ұсталғаны, оның қазіргі статусы және бұрынғы қызметі туралы сұрадық. Полиция департаменті жауап берді:

Әділетхан Молдаханға бұған дейін көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, тергеу амалдары жалғасуда. Оның бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны расталған. 2023 жылы адамдар тобымен бірлесіп, тұрғын үй сатып алу үшін ақша алған азаматқа шабуыл жасап, автокөлігін тоқтатып, ірі көлемдегі ақшаны заңсыз иемденгені үшін сот оны пробациялық бақылау арқылы бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға кесті. Ол ішкі істер органдарынан теріс себептермен босатылған.

Полиция департаменті құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидасын ұстанып, осындай әрекеттер жасаған тұлғаларды қатарынан шығару бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп отырғанын атап өтті.

Abai.kz

0 пікір