Туризм Алматыға 110 млрд теңгеден астам табыс пен 200 млрд теңгеге жуық инвестиция әкелді
Туризм Алматы экономикасындағы үлесін арттырып, негізгі қаржылық көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім көрсетіп келеді.
2025 жылы көрсетілген туристік қызметтердің көлемі 15,2%-ға артып, 110,9 млрд теңгеге жетті.

Салаға тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 198,8 млрд теңге болып, 39,4%-ға өсті. Инвестицияның басым бөлігі қалааралық жолаушылар теміржол тасымалына, өнер, ойын-сауық және демалыс саласына, жолаушыларды құрлықпен және әуе көлігімен тасымалдауға, орналастыру және тамақтандыру қызметтеріне, сондай-ақ жеңіл автокөліктерді жалға беру мен лизингке бағытталды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша туризм саласынан түскен салық түсімі 27,2%-ға өсіп, 84 млрд теңгеге жетті. Негізгі үлесті қоғамдық тамақтану, спорт, демалыс және ойын-сауық, сондай-ақ уақытша орналастыру қызметтері қамтамасыз етті.
Аталған көрсеткіштер туристік саланың тұрақты дамып келе жатқанын және оның Алматы экономикасына елеулі үлес қосып отырғанын көрсетеді. Бұл туризмнің қала өсімінің басым бағыттарының бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Осыған байланысты туристерді тартуға, инвестициялық белсенділікті ынталандыруға және шаһарды халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған Алматы қаласы Туризм басқармасының кешенді маркетингтік саясатын іске асыру ерекше маңызға ие болып отыр.
Abai.kz