Жобалық кеңсе ЭКСЖ жоспар-кестесін орындау бойынша артта қалған өңірлерді атады
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жобаның Жобалық кеңсе отырысында 2026 жылға арналған жоспар-кестеден артта қалып келе жатқан Қазақстанның өңірлері аталды.
Жылумен жабдықтау саласында Маңғыстау облысы антирейтингтің абсолютті көшбасшысы атанды – мұнда бұған дейін 47 км желі салу жоспарланған еді. Сәуір айының басындағы жағдай бойынша жоспардың орындалу көрсеткіші 0%. СҚО-да 22 шақырымның 2-еуі ғана тапсырылды (жоспар-кесте 9%-ға орындалды). ШҚО-да бекітілген 39 км-дің 8-ін ғана салып, жоспар-кестені 20% ғана орындады. Үздік алтылыққа (топ-6) Жамбыл облысы (17 км-дің 3 км-і, жоспар 21%-ға орындалды), Алматы облысы (5 км-дің 2 км-і, жоспар 32%-ға орындалды) және Абай облысы (14 км-дің 5 км-і, жоспар 32%-ға орындалды) кірді.
Электрмен жабдықтау саласында Абай облысы артта қалушылар тізімінің көш басында тұр: 422 шақырым жоспарланса да, орындалу көрсеткіші 0%. Солтүстік Қазақстан облысында 1 636 км-дің 62 км-і тартылды – кестенің орындалуы 4%. Антирейтингтің үшінші сатысында Қызылорда облысы тұр – 373 шақырымның 67 шақырымы немесе 18%-ы орындалды. Үздік алтылыққа Қарағанды облысы (947 км-дің 204 км-і, жоспардың 22%-ы), Павлодар облысы (486 км-дің 147 км-і, 30%) және Батыс Қазақстан облысы (4 176 км-дің 1 753 км-і, 42%) енді.
Сумен жабдықтау саласында антирейтингті Қызылорда облысы бастап тұр. Мұнда іс-шаралар жоспары бойынша бекітілген 22 км желінің 1 км-і ғана тартылған (орындалуы 3%). Одан кейін 69 км-дің 5 км-ін орындаған Павлодар облысы орналасқан (орындалуы 7%). Антилидерлер үштігін 44 км-дің 6 км-ін орындаған Астана қаласы түйіндейді (орындалуы 13%). Шымкентте (109 км-дің 23 км-і, 21%), БҚО-да (34 км-дің 8 км-і, 23%) және Алматыда (145 км-дің 37 км-і, 25%) жағдай сәл ғана жақсырақ.
Су бұру саласында іс-шаралар жоспарының орындалуы бойынша Батыс Қазақстан облысындағы жағдай ең нашар болып тұр – жоспарланған 21 км-дің ешбірі де орындалмаған, сәйкесінше 0% көрсеткішпен өңір «көш бастап» тұр. Маңғыстау облысында жағдай сәл ғана жақсырақ: жоспарланған 29 км-дің 0 км-і орындалса да, жоспардың орындалуы 1%-ды құрады. Астанада жоспарланған 29 км-дің тұтас бір километрі сәтті аяқталып, жоспар бірден 3%-ға орындалды. Сондай-ақ Ақмола облысы (48 км-дің 5 км-і, 9%), Абай облысы (38 км-дің 4 км-і, 10%) және Солтүстік Қазақстан облысы (20 км-дің 3 км-і, 13%) жоспарларды іске асыруға асығар емес.
Естеріңізге сала кетейік, 3 сәуірде өткен жобалық кеңсе отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозумбаев 2027 жылға қарай әкімдіктер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы «қызыл аймақты» толығымен жоюы тиіс екенін атап өтті. Уақытылы орындалмаған және сапасыз орындалған жағдайда дербес жауапкершілік шаралары қолданылады.
Анықтама: «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы республика бойынша 2029 жылға дейін іске асырылылады. Жоба коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 40%-ға дейін төмендетуге және апат қаупін 20%-ға қысқартуға бағытталған.
Abai.kz