Қазыбек Иса: Теріс діни ағымдарға заңмен қатаң тыйым салынатын кез жетті!
«Ақ жолдың» сауалы Бас Прокурор Б. Асыловқа
Ұлттық Қауіпсіздік комитеті төрағасы Е.Сағымбаевқа
Осыдан 3 жыл бұрын да біз осы парламентте діни теріс ағымдарға заңмен тыйым салу туралы көтергенбіз. Содан бері не болды, нәтиже қайда? Қайта теріс ағымдар одан бетер күшейіп бара жатқанын көріп отырмыз.
Өткенде елді шулатқан екі келеңсіз жайтты жақсы білесіздер. Оның біреуі қазақтың қасиетті мейрамы Әз Наурызға қарсы қара ниетті біреудің қатты шабуылы! Екіншісі, өзіне ұнамаған әйелін ат ауыстырғандай көңілі қалаған адамға сыйлай салған атышулы имам.
Кеше ғана Ақтөбеде сотталушылардың әйелдері сотқа ниқабпен келді.
«Оларды сол беттерін бүркеген күйі сот ғимаратына кіргізді. Ниқабпен отырып, сотталушының заңды өкілі болуға рұқсат етілді. Ескерту жасалмады» деп жазады Ulysmedia.kz. Қоғамдық орында бетті бүркемелеген киім киюге тыйым салған заң қайда? Заң сақталуы тиіс сот ғимаратында қара жамылғандар қаптап жүрсе, басқа жерде басқа шықпағанда қайтеді?
Иә, берік ұстаным болмағандықтан, ішкі тұтастықтың іруі ұлттықұстынымыздың шіруіне жеткізбек. Ал ол Ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін басымыздан өткен қасіреттер айқын көрсетті.
Ауыр қасіретті бастан кешіріп отырып, сабақ алудың орнына санақ алып отыра беру қашанғы жалғасады?!.
Біз қоғамдағы өте күрделі мәселеге айналған бұл кесепаттың күнде, әр үйде, әр отбасыда кездесуін күтіп, қарап отыра береміз бе? Қазірдің өзінде кеш қалғанымыз айқын. Бірақ кеш қалсақ та, еш қалмау үшін енді заңды қарекетке батыл кірісу керек!
Ұлттық ұғымға қарсы желіде желпініп отырғандардың тамырымызды жегіқұрттай жеп жатқанына ешкім де көлденең көрермен болып отыра алмайды, бәріміз де ертең тақсыретін тартуымыз мүмкін.
Сондықтан Атазаңымызға айқын жазылған мемлекеттің зайырлы болуы қайырлы боларын нақты іспен көрсетуіміз керек.
1.Наурызға, Ұлттық дәстүрімізге, ұлттық ұғымымызға қарсылық - ұлтқа, мемлекетке ашық қарсы шабуыл!
Ендеше біз неге қазаққа қарсы ашық шабуылға қол қусырып, қарап отыруымыз керек?!.
Әлеуметтік желілерде қазаққа қарсы теріс пиғылдылар әрбір:
-Ұлттық мүддеге қарсылық,
-Ұлттық тұтастыққа іріткі салу,
-Ұлттық ұстанымдарды жоққа шығару,
-Исламның дәстүрлі Ханафи мазхабына тас ату,
-Ұлттық мүддені қорғап жүрген қоғамдық, рухани ұлт қайраткерлеріне күйе жағу арқылы қоғамға ықпалы зор тәлімді тұлғалық институтты ыдырату әрекеттерін жасауда. Осындай елге тигізер есепсіз пандемиялық ылаңы шектеусіз екі аяқты вирустар алдында ұлттық ақпараттық қауіпсіздігіміз дәрменсіздік танытуда. Сондықтан, Ел түбіне жетер қауіпті індетке шұғыл заңмен қатаң тосқауыл қоятын кез жетті!
Солардың кесірінен Ұлтынан, дәстүрлі дінінен безгендер, иман келтіріп, әруақ тербеген ата-бабасын ақымақ, әке-шешесін айкәпір көргендер өз тамырын өздері отап жатқандарын сезбейтіндер!
2.Ұлтты ұйыстыратын, жұртты көркем мінезді имандылыққа шақыратын уағыздың орнына у ағызып, ұлтқа қарсы шығып отырғандарды қалай ұстаз деуге болады? Уағызды кім көрінген айту қашан тоқтайды? Оларға Қазақстан діни мұсылмандары басқармасы қандай шешім, қандай бәтуа шығарып отыр?
Тіпті ең қасиетті болып саналатын асыл дініміз исламды ең қауіпті ағымға айналдыру үшін барын салып жатқандар қазір қайтадан күшейіп келеді. Терісін ауыстырып алған теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз майданда мыңдаған жастарымызды қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, ұлтты жою үшін қазаққа қарсы қауіпті күштерге айналдырып жатыр.
3.Батыстың өзінде, мысалы Испанияда халықтың дәстүрлі діни сенімін құрметтеп, Құранға, Мұхаммед пайғамбарға тиіскендерді заңды түрде түрмеге жауып жатыр. Ал біздің құдайдан қорықпайтындаржелілерде желігіп, Аса Құдыретті Алланы, қасиетті Құранымыз бен пайғамбарларды мазақ етіп, ауыздарына келгенін айтуда? Исламға қарсы белсенділік танытып, ұлттық санаға манипулияци жасауға тырысып, діни сенім мен құндылықтарға күмән туғызуда.
Әкесі тәңірші, ұлы уахабист, келіні кришнайт, қызы иегованы иектеп жүрген отбасылардың трагедиясын көріп отырып, енді кімге қарап,кімнің бәтуасын күтіп отырмыз?
Жалпы елімізде радикалды деп танылған салафизм мен уахабизм және сонымен қатар иегова куәгерлері, бахаи сенімі, кришнаиттер және тб теріс ағымдағы секталар өріп жүр.
Еліне барлық діни ағымдарды кіргізген көп дінді, билеушілері мен күзетшілеріне дейін көп тілді елдер картадан жойылып кетті! Біздің ел бұдан сабақ ала ма, жоқ па?
4.Радикалды діни ағымдарға заңмен тыйым салу – Ұлттық қауіпсіздік мәселесі.
Мемлекет ең алдымен Ұлттық қауіпсіздікті қорғауға міндетті.
Біріншіден, радикалды ұйымдар қоғам тұрақтылығына қауіп төндіреді, елге іріткі салады.
Екіншіден, мемлекет өз азаматтарының қауіпсіздігін қорғауға міндетті.
Ол үшін қоғамдық тұрақтылықты сақтау керек.
Бұл – мемлекеттің негізгі функцияларының бірі.
Үшіншіден, егер мемлекет мұндай қауіптерге қарсы әрекет етпесе, бұл әлеуметтік қақтығыстарға; экстремистік әрекеттерге; қоғамдық тұрақсыздыққа алып келеді.
Қауіп төніп тұрғанда заң арқылы шара қолдану – ең дұрыс шешім.
Төртіншіден, заңмен тыйым салу – бұл бостандықты шектеу емес, қауіптің алдын алу.
Бұл - дінге қарсы емес, керісінше, дінді қорғау үшін теріс мақсатты ұйымдарға қарсы бағытталған шара.
Сондықтан діни радикализмге қарсы саясат – кез келген құқықтық мемлекеттің қауіпсіздік стратегиясының маңызды бөлігі.
Бұл мұхитта адасқан кеменің соңғы SOS дабылы!!!
Бұл біздің соңғы мүмкіндігіміз...
Бұдан кейін кеш болады!
Құрметпен, «Ақ жол» фракциясы депутаттары.
Abai.kz