Сәрсенбі, 15 Сәуір 2026
115 0 пікір 15 Сәуір, 2026 сағат 22:55

Бейбіт Исабаев Қаратал ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді

Жетісу облысында «Талдықорған – Үштөбе» автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстары басталды. Сол сияқты соңғы үш жылда Қаратал ауданында  облыстық маңызы бар 120 шақырым жол, елді мекендердің 54 көшесі жөнделіп, 30 ауылда жарық шамдары орнатылды. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан тұрғындарымен кездесуі барысында айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесу кезінде Бейбіт Исабаев алдымен облыста атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Мәселен, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,2%-ға, құрылыс – 9,7%-ға, сауда – 3,5%-ға, байланыс – 5,8%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру – 11%-ға, көлік және қоймалау қызметтері 1,4 есеге ұлғайған. Облыс экономикасына 12,8% өсіммен 610,9 млрд. теңге инвестиция тартылды.

- Облыстағы республикалық маңызы бар жолдар 100% жөнделді. «Талдықорған – Үшарал», «Үшарал – Достық» жолдары пайдалануға берілді, «Сарыөзек – Көктал – Қорғас» жолы жаңғыртылды. 2025 жылдан бастап «Алматы – Талдықорған» жолына күрделі жөндеу жүргізілуде, 2027 жылы аяқталады. Сонымен қатар «Талдықорған – Үштөбе» автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары басталды. Соның нәтижесінде облыстық маңызы бар жолдардың жақсы жағдайдағы үлесі 96%-ға жетеді, - деді Б. Исабаев.

Өңір басшысының айтуынша, облыс құрылғаннан бері газдандыру деңгейі 27%-дан 67%-ға жеткізілді. Бүгінгі таңда Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласына дейінгі 110 елді мекен газдандырылды. Қалған 16 елді мекенді газдандыру жұмыстары биыл аяқталады. Сонымен қатар өткен жылы «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы бітіп, Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының 84 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жеке инвестициялар есебінен жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленді. Газ тарту жұмыстары биыл басталады. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде  2028 жылы облыста 210 елді мекенге газ тартылып, газға 652 мыңнан астам тұрғын немесе жалпы халықтың 93,8%-ы қол жеткізе алады.

Өз сөзінде тұрғын үй құрылысы, туризм, абаттандыру, әлеуметтік сала және басқа да маңызды бағыттарға тоқталған Бейбіт Исабаев мұнан соң ауданның дамуы туралы баяндама жасау үшін сөзді аудан әкімі Ұлан Досымбековке берді.

Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, өнеркәсіпте 4,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Негізгі капиталға 21,8 млрд. теңге инвестиция тартылды. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту аясында ауданда 3 мыңға жуық бизнес субъектілерінен бюджетке 1,3 млрд. теңге салық түскен.

- Өткен жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 13,3 млрд. теңгені құрады. Тұрғын үй құрылысы 126% артық орындалды, яғни 19 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді. Аудандағы 35 елді мекеннің 34-і орталықтандырылған ауыз сумен, 16-сы табиғи газбен қамтылған. Ауылдарды газдандыру жалғасады. Сондай-ақ Үштөбе қаласы тұрғындарын сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында былтыр магистралды жылу трассасына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, сапасы жақсарды, - деп атап өтті Ұ.Досымбеков.

Сол сияқты әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, өткен жылы Тастөбе ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектеп пен Бастөбе сервистік-техникалық колледжі күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар 5 мектепке ағымдағы жөндеу жасалды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 6 ауылда медициналық нысандардың құрылысы жүргізіліп қолданысқа берілді, орталық аудандық аурухананың «В» блогына, Жаңаталап ауылындағы дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар былтыр Жасталап ауылында және Үштөбе қаласында жедел жәрдем қосалқы станциясына арналған ғимараттар қолданысқа берілді. Ал биыл Кәлпе ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізілуде.
Оған қоса мәдениет және спорт салаларында да нысандар жаңғыртылуда.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев:

- Қаратал ауданы өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді орындап, оң нәтижелерге қол жеткізді. Бұл – баршаңыздың бірлескен еңбектеріңіздің жемісі. Десек те алда атқарылатын міндеттер әлі де көп. Ауданға инвесторлар тартып, ет-сүт өндірісі мен балық өсіруді және оларды терең өңдеуді қолға алу керек. «Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегімен шағын және орта бизнесте өнеркәсіп санын арттыруды аудан әкіміне жеке бақылауда ұстауды тапсырамын. Ауданда ирригация жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, енді су үнемдеу технологияларын қолдануды және егістік аумағын ұлғайту қажет, - деген Бейбіт Исабаев сол сияқты пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, құрылысы жүріп жатқан нысандардың уақытылы және сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сол сияқты облыс әкімі Президент жүктеген міндеттер аясындағы мұндай шаралардың барлығы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға оң ықпал ететінін жеткізді.

Мұнан соң тұрғындар сауалдарын қойды. Мәселен, жетім балаларды қамқорлығына алған патронат ана, «Байтақ» партиясының Қаратал аудандық филиалының төрағасы Гүлнар Қабылбекова балалар музыка мектебін салу туралы ұсынысын айтты. Бұл ретте облыс басшысы ауданда мәдениет үйінің құрылысы жоспарланып отырғанын жеткізіп, мәдениет нысаны мен музыка мектебінің қайсысы бірінші кезекте қажет екенін айқындауды және мәселені қарастыруды аудан басшысына тапсырды.

Осы күні азаматтар үшін жеке қабылдау өткізген Бейбіт Исабаев олардың тұрғын үйге және жол құрылысына қатысты сұрақтарына жауап беріп, мәселенің заң аясындағы шешімдерін түсіндірді.

Abai.kz

0 пікір