Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4098 0 пікір 29 Қазан, 2009 сағат 06:27

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ. «Келін»: Көру. Түсіну

Мен кейде сыған деген халыққа басымды игім келеді. Адамзат баласы жаппай техногенді тіршілікке ұмтылып жатқанда табиғаттың бауырынан ажырамай, көшіп-қонып, азығын жолдан тауып жүретін сығандар өмірлік пәлсапасы терең ел сияқтанып көрінеді. Көлденең жұртқа сүйкімсіз сығандар Жер-анаға қиянат қылмайтын бірден-бір халық екені есіме түседі, өйткені. Бір кездерде біз де бөрілермен бауыр болып, құстардың тілін түсінетінбіз, шақырымдық жердегі аң-құсты иісінен сезіп, бұлтқа қарап ауа-райын болжайтынбыз... Тәңірі жаратқан табиғатпен етене түсініс тікте, үйлесімде, бірлікте, тепе-теңдікте өмір сүргенге не жетсін, құдая...

Мен кейде сыған деген халыққа басымды игім келеді. Адамзат баласы жаппай техногенді тіршілікке ұмтылып жатқанда табиғаттың бауырынан ажырамай, көшіп-қонып, азығын жолдан тауып жүретін сығандар өмірлік пәлсапасы терең ел сияқтанып көрінеді. Көлденең жұртқа сүйкімсіз сығандар Жер-анаға қиянат қылмайтын бірден-бір халық екені есіме түседі, өйткені. Бір кездерде біз де бөрілермен бауыр болып, құстардың тілін түсінетінбіз, шақырымдық жердегі аң-құсты иісінен сезіп, бұлтқа қарап ауа-райын болжайтынбыз... Тәңірі жаратқан табиғатпен етене түсініс тікте, үйлесімде, бірлікте, тепе-теңдікте өмір сүргенге не жетсін, құдая...

Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмі түркілердің (қазақтардың емес, бірден айтайық) он сегіз мың ғаламмен қоян-қолтық күн кешкен осы дәуірі жайында әңгімелейді. Сөзсіз, көркем түсірілген бұл фильмнің тілі метафораға бай. Режиссер адам өмірін жан-жануарлармен параллель арқылы көрсетеді. Мерген жалғыз отырған Келінге кіріп келеді: есік алдындағы үкі аппақ тышқанды жұтып жібереді. Келін босанады: ауладағы ит күшіктерін бауырына алады, т.т. Жануарлар әлемі адамдармен тілдесіп, Жаратқанның, ардың, абыройдың үнін жеткізеді: қызыл моншақ сыйға алған жесір Келіннің мылқау қуанышын түндікке қонған қарғаның үні басады... Түркілердің тотемі - көк бөрінің жортып жүргені жиі көрсетіледі. Адаммен қатар өмір сүретіндердің арасында ең маңызды тіршілік иесі - осы деген ойды оқисыз. Осы секілді көркемдік ұстындар тайға таңба басқандай анық, түсінікті. Оператордың жұмысы қиялының кеңдігімен есте қалды. Жұтынып отырып қарайтын әдемі көріністер, ракурстар көп. Бір құбылыстың өзі мүмкіндігінше жан-жақты түсірілген. Мысалы, бірде камера төмен құлдыраған екі еркекпен бірге дөңгелесе, бірде құлдилап келе жатқан қар көшкініне төменнен жоғары қарайды.

«Қазақфильмді» реквизиттер, киімдер, декорациялар үшін марапаттауға болады. Шын мәнінде әсем, көркем дүние түсірілген. Сонымен бірге, фильмде қодастардың пайдаланылғаны архаикалық аураны сезіндіріп тұр. Еділ Құсайыновтың сиқырлы сазы да көрерменін арбап алады. Тілсіз кино болғандықтан, кейіпкерлер арасындағы тартыс қимылмен, әсіресе, бет қимылымен жеткізілетіні түсінікті жайт. Осы орайда, Ененің рөліндегі Тұрахан Сыдықованы айрықша атауға болады. Оның жүзіндегі реніш, «әй, болмады-ау» деген жаратпау, жек көру - бәрі-бәрі жүрегіңізге дөп тиеді. Фильмде бір ауыз сөз айтылмаса да, бәрі тайға таңба басқандай.

 

Дегенмен, шығарманың негізгі тіні - ұнатқан жігітіне шыға алмай, теңгесі көптің етегінен ұстауға мәжбүр болған Келіннің жан қиналысы емес, кешірерсіздер, жыныстық өмірі секілді әсер қалдырады. Алдымен оған күйеу жігіт қол салады. Одан кейін жас жұбайлармен бір шаңырақ астында тұратын Қайны «қиналады». Қайныға әмеңгерлікке берілген Келін бұғанасы бекімеген қайнысын місе тұтпайды. Сөйтіп жүріп Мергенмен табысады. Одан кейінгі түнде Қайныдан теріс бұрылады. Енді әбден «титықтаған» жас бала ешкіні қораға алып кіріп, бір кадрдан кейін дамбалын түзеп шығып келе жатады.

Осы эпизод туралы дау туғанда Тұрсынов: «Қорада не болғанын мен көрсеткен жоқпын, арғы жағын әркім өзі ойлансын», - дейді. Қарапайым қулық. Әйтпесе фильмнің өн бойындағы параллельге қол қойып отырып, осы кадрға келгенде күй шақырып бір біріне артылған қодастар тегін көрсетілген болып шыға ма? Білмеймін ғой, біздің түсінікте малмен шатысу деген азғындықтың ең сорақысы деп есептелетін. Ал, режиссер «Цезарь» кинотеатрында жиналған көрермендердің алдында (фильм осы кинотеатрдың «Артхаус - Культовое кино» бағдарламасы бойынша көрсетілген): «Біздің ауылда ешкіге жету үшін өсу керек» деп қарап тұр. (Өзімен кетсін). Дегенмен, «көне түркілердің жыныстық өмірі туралы» фильмнің аяғы картинаны ақтап шықты деуге болады. «Екі баласын жұтқан» кесір келінді өлтірмек болып, тамағына жабысқан Ене енді бір сәтте оны босатып жібереді. Өйткені, оның құрсағында (кімнің баласы болса да) нәресте бары есіне түскен. Бұл дүниеде өмірге сәби әкелуден, ұрпақ жалғастығынан маңызды ештеңе жоқ. Фильмнің негізгі идеясы осы секілді. Мергеннің ұлына қасқырдың сүтін сауып берген Ене Келіннің қолына бақсылық аса таяғын ұстатады да, өз жөнімен кете барады. Былай қарап тұрсаң, бәрі дұрыс. Ал, былай қарасаң... түркілер тексіз болып шығады. Осы бізге керек пе? «Қазақты жарылқаймын» деп жүрген Ермек Тұрсынов осыны неге ойланбайды?

Қазақстанның жер-жерінен табылып жатқан қорымдарға қарағанда, ата-бабаларымыз адамы түгілі оның тұлпары мен ер-тұрманын да арулап жерлеген. Аруағын дәл біз сияқты сыйлайтын халық дүниеде жоқ шығар. Ал, мына фильмде өлген Күйеудің денесіне сурет шимайлағаннан кейін (көне түркілер ацтектер мен майялар емес сияқты еді ғой), оның мүрдесін киізге орап алып, шешесі әрі де сүйрейді, бері де сүйрейді... Ақыры балбалдардың ортасындағы тастың үстіне қалдырып кетеді. Сол кезде әлдеқандай алып құс келіп, туыстарының көзінше денені шұқып жей бастайды. Менің жанымда отырған, бір кездегі өктем ұлттың өкілі осыған дейін-ақ «вот так, казахи жили, все в одной юрте» деп қытығыма тиген. Ол өзі айтып отырған «қазақтардың» баласын үйлендіре сала енші бөліп, қараша үй болса да тігіп беретінін білмейді ғой, ондай тектілікті қазаққа қимайды да. Енді мына көрініске қарап: «Что называется, на съеденье богам» деп мәз-мейрам болады. «Жетіскен екенсің» деймін. Таң қаларлығы, ол қазақты өзінен артық білемін деп есептейді. Ал, мына картина қазақтар туралы емес, қазақтардың, жалпы түркілердің арғы ата-бабалары туралы ғой. Табиғатпен етене тіршілік кешкен халық аң-құсты сыр-сипатына байланысты қадірлей де білген. Түркілер аса жоғары бағалайтын қыран құс өлексені жемейді. Ал «құзғынға жем болыпты» деген ең аянышты нәрсе емес пе еді? Қайтқан адамның жүзін жасырмайтын ба еді топырақпен? «Қыстың күнгі таулы жер қазуға келмейді» деген - сендіретін дәйек емес. Керек десеңіз, ғалымдар Алтайдан табылған Алтын адамның бұзылмай сақталуын жер тоңазып тұрған кезде жерленуімен байланыстырады. Оны қойшы, Күйеудің ардақты туыстары ары қарай қайтті дерсіз? Көктемде келіп Ене туған баласының қурап қалған сүйегін жинап, қапқа салып алды. Құдды бір отын теріп жүргендей. Режиссер көркемдік қиялын қайда бағыттаса да еркі ғой, бірақ «көркемдік шындық», қисын (логика) деген ұғымдарды да естен шығармайық. Бұл фильмге көне түркілер туралы деп айдар тағудың басты себебі, әрине, қайткен күнде де көркем түсірілген дүниені ақтап алу. Бұл ой көріністермен де бекітілген: мәселен, кейіпкерлердің қасқыр сүтін ішкені. Немесе қазір сан-саққа шашырап кеткен түркітектес ұлттардың салт-дәстүрлерінің тегіс қамтылғаны. Өз басым авторлық киноны сыйлаймын, киногерлердің еңбегіне шын ниетіммен басымды ием. Бірақ комплекстерден арылып, он екі мүшесі бүтін кино түсіретін уақыт жеткен шығар деп есептеймін.

Қазақ киносының қарлығаштары большевиктерді мадақтап, Кеңес саясатын тікелей уағыздады. 60-70-жылдары ұлттық болмысқа мойын бұра бастадық («Менің атым - Қожа», «Тақиялы періште», «Қыз-Жібек», т.б.). «Жаңа толқынмен» бірге комплекстеріміз экранға шықты. Мәселен, жыныстық қатынас - біз үшін «жабық» тақырып болып келгені рас, бұл - кеңестік цензураның, қала берді жергілікті менталитеттің талабы еді. 90-жылдары түсірілген Нарымбетовтің «Көзімнің қарасы», Қалымбетовтің «Айналайыны», Теменовтің «Қызғышқұсы»... бірі ұлттық мінез-құлықтарға ирониямен қарап, езуіңе еріксіз күлкі үйірсе, бірі «Құдай тастап кеткен жердің» уайымын, енді бірі өз үйінде өзгенің етегіне тығылуға мәжбүр сормаңдай ұланды сипаттайтын. Сонысымен де құнды ед оларі. Осы және осы іспеттес бірқатар фильмдерде жуынған қызды қызықтау, әйел мен еркек жақындығын ұрланып бақылау сияқты көріністер көп болды. Бұл - заңды құбылыс еді. Және киноны терапия деп қа былдасақ, егер, ел санасында эволюция болса, жаңа заманмен сәйкессізденіп қалған комплекстерден «емделіп» бітуіміз керек еді.

Р.S.: Ел санасы қай деңгейде болса - кино да сол шамада. Басқаша болуы мүмкін емес. Мысалы, неге сол «Тюльпан» мен сол «Келінде» айдалада, томаға-тұйық өмір сүретін малшылардың өмірі көрсетіледі? (Тіпті екі фильмде де қыз ұзататын ауыл - жалғыз үй ғой!) Қазақтың маңдайына біткен жалғыздық па бұл? Ал, енді кембағал санадан қалай ажыраймыз?..

«Дала мен қала» газеті, 26.10.2009

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5555