Сәрсенбі, 3 Маусым 2026
131 0 пікір 3 Маусым, 2026 сағат 22:30

«Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы жөнінде Абзал Құспанның баяндамасы

Сурет: stan.kz сайтынан алынды

Құрметті Ерлан Жақанұлы!

Құрметті әріптестер!

Мемлекет басшысы биылғы жылдың 17 наурызында жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты кешенді қылмыстық және әкімшілік рақымшылық өткізілетінін жариялады.

Көптеген елдердің тәжірибесінде дәстүрлі атаулы күндерге орай рақымшылық жасау туралы заңдар қабылданып тұрады.

Осы жолы да біз Үкіметпен бірлесіп рақымшылық туралы заң жобасын дайындадық.

Бұл – қателік жіберген, бірақ өз ісіне өкініп, мінез-құлқымен түзелу жолына түскенін дәлелдеген адамдарға қатысты мемлекетіміз тарапынан жасалған кезекті ізгілік актісінің көрінісі.

Алдағы рақымшылықтың бұған дейін жүргізілгендерден ерекшелігі – елімізде тұңғыш рет қылмыстық рақымшылықпенқатар әкімшілік рақымшылық та жүзеге асырылады.

Қылмыстық рақымшылық шеңберінде келесі ұсынылады:

1. Осы Заң жобасы қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған қылмыстық теріс қылықтар, қауіптілігі аз қылмыстар, сондай-ақ зиян келтіруге әкеп соқпаған немесе келтірілген зиянды толық өтеген орташа ауыр қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылатын тұлғаларға қатысты қылмыстық істерді, соның ішінде соттардың қарауындағы істерді тоқтату;
2. Азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар үшін сотталғандарды, атап айтқанда, мынадай істерді жасағандарды жазадан босату:
қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар;
зиян келтіруге әкеп соқпаған немесе келтірілген зиянды толық өтеген орташа ауыр қылмыстар;
3. Орташа ауыр қылмыстар үшін (жазаның өтелмеген мерзімін 1/2 бөлікке), ауыр қылмыстар үшін және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың жазасының өтелмеген мерзімін қысқарту.

Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, рақымшылық аса қауіпті қылмыстар жасаған адамдарға, атап айтқанда: сыбайлас жемқорлық, террористік және экстремистік қылмыстар, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар, азаптаулар жасағандарға, қылмыстардың қайталануы (рецидив) кезінде, қоғамдық қауіптілігі жоғары деңгейдегі қылмыстар, жақында криминализацияланған (қылмыс қатарына жатқызылған) іс-әрекеттер жасағандарға, сондай-ақ сырттай (сырттай үкіммен) сотталған адамдарға қолданылмайды.

Осы мақсатта заң жобасында рақымшылық қолданылмайтын қылмыстардың тізбесі айқындалған (заң жобасының 3-бабы).

Қылмыстық-процестік кодекстің 476-бабының 15-тармағына сәйкес, рақымшылық жасау туралы түпкілікті шешімді әрбір сотталғанға қатысты сот жеке-жеке қабылдайтынын атап өткен жөн.

Заң жобасымен жергілікті атқарушы органдарға бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіру (қоғамға қайта кіріктіру) бойынша міндеттер жүктеледі.

Әкімшілік рақымшылық шеңберінде құқық бұзушылықтар үшін салынған әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жазадан келесі тұлғаларды толық босату ұсынылады:

Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жеке тұлғаларды;
жеке кәсіпкерлер қатарындағы кәсіпкерлік субъектілерін;
жеке нотариустарды, жеке сот орындаушыларын, адвокаттар мен заң консультанттарын.

Әкімшілік рақымшылық соттар салған айыппұлдарға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқық бұзушылықтар үшін салынған айыппұлдарға таралмайды.

Заң жобасында сонымен қатар рақымшылыққолданылмайтын әкімшілік құқық бұзушылықтардың тізбесі айқындалған (заң жобасының 8-бабы).

Заңның қабылдануы қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді және теріс экономикалық, әлеуметтік және құқықтық салдарға әкеп соқпайды.

Осылайша, заң жобасында алдағы рақымшылыққабайланысты адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделерінің теңгерімі (балансы) қамтамасыз етілген.

Қолдауларыңызды сұраймын!

Баяндама аяқталды. Назар аударғандарыңызға рақмет!

Abai.kz

0 пікір