Баспана, медициналық көмек және жеңілдіктер: мәдениет саласындағы әлеуметтік қолдау тетіктері
Елімізде мәдениет саласы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бағытындағы шаралар кезең-кезеңімен күшейтіліп жатыр. Аталған бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында іске асырылып келеді. Президент өз сөзінде мәдениетті ұлттық бірегейлікті нығайтудың, рухани құндылықтарды дәріптеудің және қоғамдық келісімді бекемдеудің маңызды тетігі ретінде үнемі атайды.
Мәдениет саласы қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету – саладағы маңызды бағыттардың бірі. 2024 жылы Мемлекет басшысының қолдауымен Астана қаласында еңбек ететін мәдениет саласы қызметкерлеріне 200 пәтер кілті табысталды. Ал 2026 жылы бұл бастама жалғасын тауып, Алматы қаласындағы мәдениет ұйымдарының тағы 60 қызметкері жаңа баспанаға қол жеткізді.
Сонымен қатар мәдениет қызметкерлері еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде көзделген барлық әлеуметтік кепілдікті пайдалана алады. Атап айтқанда, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында медициналық қызметтерге жүгіну мүмкіндігі қарастырылған.
Мәдениет пен өнер саласының жекелеген қызметкерлеріне қосымша әлеуметтік жеңілдіктер беріледі. Атап айтқанда, жоғары мемлекеттік атақ мен марапаттары бар азаматтар тегін медициналық көмек алу құқығына ие.
Сондай-ақ аталған санаттағы азаматтар мен олардың жұбайларына жылына бір рет еліміздегі шипажайларда тегін ем алып, сауықтыру демалысын өткізу мүмкіндігі ұсынылады. Ал олардың балаларына емдік-сауықтыру қызметтерін 50 пайыз жеңілдікпен пайдалану қарастырылған.
Ерекше еңбек жағдайында қызмет ететін өнер өкілдеріне де айрықша қолдау көрсетіледі. Елімізде кәсіби еңбек өтілі кемінде 20 жылды құрайтын және зейнет жасына жеткенге дейін еңбек жолын аяқтаған балет әртістеріне арнайы ай сайынғы төлем беріледі. Бүгінде мұндай төлемді республика бойынша 56 өнер қызметкері алып отыр.
2024 жылдың қаңтар айынан бастап мемлекеттік мәдениет ұйымдарында еңбек ететін халық биі өнерінің әртістеріне де арнайы әлеуметтік төлем енгізілді. Бұл қолдау түрі 55 жасқа толған және кейінгі жеті жыл ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары тұрақты аударылған азаматтарға беріледі.
Abai.kz