Сенбі, 27 Маусым 2026
120 0 пікір 27 Маусым, 2026 сағат 16:51

Ертісбаев Халық партиясының төрағасы лауазымынан кетті

Астанада Қазақстан Халық партиясының кезектен тыс съезі өтті. Делегаттар партияның жаңа төрағасы етіп Нұрсұлтан Шоқановты сайлады.

Партияның бұрынғы төрағасы Ермұхамет Ертісбаев съезге қатысушылар алдында сөз сөйлеп, соңғы үш жылдағы жұмысты қорытындылады. Оның айтуынша, Халық партиясы құрғақ уәдемен уақыт өткізбей, азаматтардың нақты мәселелерін шешумен айналысатын саяси күш ретінде өз позициясын нығайтты.

«Бүгінде Халық партиясы – көмек сұрап келетін орталыққа айналды. Бұл – біздің жұмысымыздың басты нәтижесі», – деп атап өтті Ертісбаев.

Ол партияның Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі бағытын жүйелі түрде қолдайтынын және елімізде жүргізіліп жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыруға бұдан былай да өз үлесін қоса беретінін қадап айтты.

Ермұхамет Ертісбаевтың мәліметінше, фракция депутаттары VIII шақырылым басталғалы бері Үкіметтің атына азаматтардың ең өзекті мәселелерін арқау еткен 591 депутаттық сауал жолдаған. Осы аралықта Қазақстан Халық партиясының қатары 43 мыңнан астам мүдделеспен толықты. Сонымен қатар партия соңғы жылдары қоғамдық және медиа кеңістіктегі ықпалын едәуір күшейтті.

«Біз тек кері байланыс беріп қоймай, күн тәртібін өзіміз қалыптастыруды үйрендік. Өзекті мәселелерді көтеріп, халықтың мұң-мұқтажы жабық есік артында қалмай, ашық айтылуына қол жеткіздік. Бүгінде қоғамның назары - мәселелерді шешуге ықпал ететін нақты құрал. Біз бұл құралды тиімді пайдаланып келеміз», - деді ол.

Ертісбаевтың айтуынша, соңғы жылдары Халық партиясы еліміздегі ең серпінді дамып келе жатқан қоғамдық-саяси медиа жүйелердің бірін құрды. Қазіргі уақытта партияның ресми цифрлық платформаларына 1,1 миллионнан астам желі қолданушысы тіркелген, жарияланымдардың жалпы қаралымы 600 миллионнан асты, ал азаматтардан түскен пікірлер мен өтініштер саны 1 миллионға жуықтады.

Бұл көрсеткіштер халықтың жоғары сенімін білдіреді және партияның қоғаммен тұрақты әрі мазмұнды диалог орнатқанын айғақтайды.

Сондай-ақ, Ертісбаев осы жылдар ішінде партия басшылығы еліміздің барлық дерлік өңірлерін аралап, тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен, қоғам белсенділерімен және жастармен жүздеген кездесу өткізгенін атап өтті. Бұл жүздесулер мен мыңдаған жаңа ниеттестерге партия билетін табыстау рәсімдері қоғамның нақты сұранысын тереңірек түсінуге және алдағы жұмыстың басымдықтарын айқындауға мүмкіндік берді.

Ертісбаев партия басшылығының ауысуына қатысты да пікірін білдірді. Ол бұл жаңару - кез келген саяси ұйымның дамуындағы заңды кезең екенін, әсіресе жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Қазақстанда жүріп жатқан ауқымды саяси өзгерістер жағдайында өте маңызды екенін шегелеп айтты.

«Дамудың кез келген кезеңі жаңаруды талап етеді. Бұл - табиғи процесс, онсыз алға жылжу мүмкін емес», - деп мәлімдеді ол.

Ертісбаевтың айтуынша, Халық партиясы меритократия, кәсіби біліктілік, жауапкершілік пен сабақтастық принциптеріне негізделген заманауи басқару мәдениетін жүйелі түрде қалыптастырып келеді. Сол себепті жаңа төрағаның үміткерлігін анықтау кезінде оның нақты жұмыс нәтижелері, басқарушылық тәжірибесі, көшбасшылық қасиеттері, команданы ұйыстыра білу және партияны одан ары дамыту қабілеті ескерілді.

Дауыс беру қорытындысы бойынша делегаттар Нұрсұлтан Шоқановты Қазақстан Халық партиясының төрағасы етіп сайлады.

Жаңа төрағаны таныстырған Ермұхамет Ертісбаев Нұрсұлтан Шоқановтың партия мүшелеріне жақсы таныс екенін, оның аймақтық құрылымдарды басқарудан бастап, партияның негізгі ұйымдастырушылық жобаларын іске асыруға дейінгі барлық негізгі сатыларынан өткенін айтты. Ол Шоқановтың ұйымның ішкі жұмысын жете білетінін, заманауи басқару тәжірибесіне ие екенін және әріптестері арасында беделі зор екенін ерекше атап өтті.

Нұрсұлтан Шоқанов 1986 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын (КИМЭП) «Қаржы» мамандығы бойынша тәмамдаған, кейіннен Швейцариядағы IMD бизнес-мектебінде Executive MBA дәрежесін алған.

Еңбек жолын «Ernst & Young» халықаралық аудиторлық компаниясында бастаған. Одан кейін «Сандриллинг» мұнай сервистік компаниясында басқарушылық лауазымдарды атқарып, корпоративтік қаржы, әкімшілік басқару, компанияларды біріктіру және қосып алу (M&A) жобаларына, сондай-ақ дағдарысқа қарсы басқару жұмыстарына жауапты болды.

2009 жылдан бастап кәсіпкерлікпен айналысады. Қоғамдық тамақтану, тағам жеткізу, ритейл, ақпараттық технологиялар, өндіріс және дистрибуция салаларында жұмыс істейтін «OMIR Group» компаниялар тобының директорлар кеңесін басқарады. Бүгінде топқа қарасты кәсіпорындар Қазақстанның 6 қаласында және 4 шет мемлекетте қызмет көрсетеді.

2021 жылдан бастап Қазақстан Халық партиясынан Алматы қалалық мәслихатының VII және VIII шақырылымдарының депутаты болып сайланып, құрылыс, сәулет, қалалық инфрақұрылым, урбанистика және жер қатынастары мәселелері жөніндегі бейінді комиссияларды басқарды.

2022 жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстан Халық партиясының Алматы қалалық, кейіннен Алматы облыстық филиалдарына жетекшілік етті.

2023 жылы Алматы қаласының «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасын басқарды, кейіннен «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқармасының мүшесі - Басқарма төрағасының орынбасары болып сайланды.

Нұрсұлтан Шоқанов сонымен қатар - Қазақстан Республикасы Альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті.

Партияның жаңа төрағасы «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және «Заңғар» медальдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметтің және Алматы қаласы мәслихатының Алғыс хаттарымен марапатталған.

Қазақстан Халық партиясы жаңа төрағаның сайлануы ұйым дамуының сабақтастыққа, институционалдық тұрақтылыққа және саяси қызметтегі заманауи тәсілдерге негізделген жаңа кезеңін бастайтынын атап өтеді. Партия қоғаммен диалогты жүйелі түрде нығайтуды, өз құзыреттерін дамытуды және мемлекеттің стратегиялық бағытын іске асыруға сындарлы үлес қосуды жалғастыра береді.

Съезд барысында делегаттар Қазақстан Халық партиясы Жарғысының жаңартылған нұсқасын және партияның жаңа брендтік стилін бекітті. Бұл өзгерістер ішкі жұмыстың тиімділігін арттыруға, партиялық тәртіпті күшейтуге және ҚХП-ның заманауи бейнесін қалыптастыруға бағытталған.

Abai.kz
0 пікір