Қымызмұрындық: Ұлы Даланың рухани жады...
Қазақстанда ата-баба мұрасын дәріптейтін «Қымызмұрындық – 2026» халықаралық фестивалі кең көлемде ұйымдастырылды. Бұл дәстүрдің тамыры көне түркі дәуірі мен Ұлы Дала өркениетіне дейін тереңдейді. Археологиялық және тарихи деректер Еуразия даласын мекендеген көшпелі халықтардың бие сүтін ашытып, қымыз дайындағанын дәлелдейді.
Қымыз – қазақ, қырғыз, башқұрт, моңғол және өзге де көптеген дала халықтарына ортақ мәдени мұра. Алайда алғашқы қымыздың дайын болуын үлкен мереке ретінде атап өтетін Қымызмұрындық дәстүрі қазақ халқына тән ерекше мәдени құндылық ретінде танылады.
Алматы облысының көркем Қарқара жайлауында өткен биылғы фестиваль аясында 250-ге жуық киіз үй тігіліп, мерекеге 35 мыңға жуық адам қатысты. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтармен қатар Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Қытай, Түрікменстан, Өзбекстан және Қарақалпақстан Республикасынан келген делегациялар да мерекенің құрметті қонағы болды.
Фестивальге қатысқан Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Малик Нұржанұлы өз сөзінде:
«Қазақ даласындағы әрбір салт-дәстүр – халқымыздың болмысын айқындайтын баға жетпес құндылық. Ата-бабамыздан жеткен осы мәдени мұраны сақтау, заман талабына сай дамыту және әлемге таныту – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Бүгінде біз ұлттық құндылықтарымызды жаңаша дамытып келеміз. Қымыз өндірісінде жаңа технологиялар қолданылып, өнімді өңдеу, сақтау және нарыққа шығару бағытында елеулі жетістіктерге қол жеткізілуде. Бұл – дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімді тоғысқанының айқын дәлелі. Қымызмұрындық сияқты тағылымды фестивальдер халқымыздың ұлттық рухын нығайтып, ұлттық сананы қалыптастырып, Қазақстанның мәдени байлығын әлемге кеңінен таныта береді», – деді.
Қымызмұрындық дәстүрінің негізін құрайтын қазақ жылқышыларының көктемгі дәстүрлі рәсімдері ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраның репрезентативтік тізіміне енгізілгенімен, Қымызмұрындық фестивалінің өзі әзірге жеке мәдени мұра элементі ретінде тіркелмеген. Соған қарамастан, бұл мереке ғасырлар бойы үзілмей жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүрдің маңызды нышандарының бірі болып қала береді.
Қымызмұрындық – жай ғана фестиваль емес. Ол – Ұлы Даланың ғасырлар бойы сақталған рухани жады. Оның басты құндылығы халықаралық тізімдерге енуінде емес, халықтың ұжымдық жадында ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан өміршең дәстүр болуында. Сондықтан бұл мереке өткенді еске алумен ғана шектелмей, көшпелі өркениеттің өміршеңдігі мен сабақтастығын айқындайтын мәдени көпір қызметін атқарады.
Қарқара жайлауын дүбірге бөлеген республикалық бәйге
Фестивальдің ең әсерлі бөліктерінің бірі республикалық ат бәйгесі болды. Ұлы дала мәдениеті мен ұлттық спортты ұлықтаған айтулы додаға Қазақстанның әр өңірінен және Қырғыз Республикасынан келген шабандоздар қатысты. Жалпы саны 190-нан астам тұлпар үш қашықтық бойынша бақ сынап, көрермендерге ұлттық бәйгенің шынайы сән-салтанатын паш етті.
Бәйге құнан (9 шақырым), топ (20 шақырым) және аламан (32 шақырым) болып үш кезеңде ұйымдастырылды. Барлық жарыста жүйріктердің дайындығы мен шабандоздардың шеберлігі жоғары деңгейде көрініс тапты. Жарыстың жалпы жүлде қоры 10 миллион теңгені құрап, әр бәйгенің бас жүлдесіне автокөліктер тігілді.
Қарқара жайлауындағы республикалық бәйге тек спорттық жарыс қана емес, ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, жылқы мәдениетін дәріптеген маңызды мәдени оқиғаға айналды. Бұл дүбірлі дода қазақтың атбегілік дәстүрінің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеп, ұлттық спорттың өрісін кеңейте түсті.
Ұлттық құндылық – ұлттық қолөнерден басталады
Бәйгемен қатар ұйымдастырылған этноауыл фестивальдің ең көп қызығушылық тудырған алаңдарының бірі болды. Қарқара жайлауында тігілген жүздеген киіз үй көшпелі өркениеттің болмысын айшықтап, қонақтарды қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен және бай мәдени мұрасымен таныстырды.
Этноауылда қолөнер және қолданбалы өнер көрмелері ұйымдастырылып, ұлттық киімдер, зергерлік бұйымдар, ағаш және тері шеберлерінің туындылары, ер-тұрман, ат әбзелдері мен тұрмыстық бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды. Шеберлер өз өнерін көрсетіп, ұлттық қолөнердің қыр-сырын паш етті.
Сонымен қатар ұлттық тағамдар көрмесі өтіп, қонақтарға қымыздың сан алуан түрі мен қазақтың дәстүрлі ас мәзірі ұсынылды. Фестиваль барысында қазақ күресі, садақ ату, асық ату, арқан тарту, теңге ілу, аударыспақ секілді ұлттық спорт түрлері ұйымдастырылып, этнофольклорлық ансамбльдердің концерттік бағдарламалары мерекенің сәнін келтірді.
Осылайша көрме мен этномәдени бағдарламалар Қымызмұрындық мерекесінің мазмұнын байытып, Ұлы Дала өркениетінің рухани құндылықтарын, жылқы мәдениетін және ата-баба мұрасын кеңінен насихаттайтын маңызды мәдени алаңға айналды.
Биыл төртінші рет ұйымдастырылған Қымызмұрындық фестиваліне шетелдік туристердің қызығушылығы ерекше болды. Бүгінде бұл мереке Қазақстанның ғана емес, тұтас түркі әлемінің көшпелі мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттайтын маңызды этномәдени платформаға айналып келеді.
Қымызмұрындық – өткеннің сарқыншағы емес, жас ұрпақты ұлттық тамырымен қайта қауыштыратын маңызды мәдени мұра. Ұлы Даланың қонақжайлығы мен жылқы мәдениетін дәріптейтін бұл фестиваль ұлттық бірегейлікті нығайтып қана қоймай, ұмыт бола бастаған дәстүрлердің қайта жаңғыруына жол ашады. Осындай игі шаралар арқылы ата-баба мұрасы келер ұрпаққа аманат болып жетіп, қазақ халқының бай мәдениеті әлем жұртшылығына кеңінен таныла беретіні анық.
Аида Қожамбетова,
Алматы облысы, Қарқара жайлауы
Abai.kz