Тоқаев пен Путин Бішкекте кездесті
Мемлекет басшылары нені талқылады?
Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШҰҰ) мерейтойлық саммиті аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин екіжақты кездесу өткізді.
Ақорданың хабарлауынша, тараптар екі ел арасындағы достық, тату көршілік және одақтастық қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Ресей басшысының құттықтауы және сауда-саттық қарқыны
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтады. Оның айтуынша, дауыс беру нәтижесі Қазақстан Президентінің ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға және экономиканы дамытуға бағытталған саясатын халықтың толық қолдайтынын білдіреді.
Сондай-ақ РФ Президенті гуманитарлық және білім беру саласындағы байланыстарды жоғары бағалады:
-
Ресей жоғары оқу орындарында 60 мың қазақстандық студент білім алуда;
-
Таяуда Омбы қаласында Қазақстанның жетекші оқу орнының филиалы ашылды.
Қазақстан Президентінің ұстанымы
Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау үшін ризашылығын білдіріп, елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаларға тоқталды:
«Қазақстанды жаңғырту үдерісі ұлттық мүддемізге сай жалғаса береді. Аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуге мүлдем болмайды. Ең алдымен, халқымыздың келешегін ойлауымыз қажет».
Президент мамыр айында Астанада өткен мемлекеттік сапардың тарихи маңызын айтып, қол қойылған уағдаластықтарды екі ел үкіметтері белсенді іске асырып жатқанын жеткізді. Мемлекет басшысы Ресейдің Қазақстан үшін басты сауда-инвестициялық серіктес болып қала беретінін атап өтті.
Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық серіктестікті нығайту мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасты.
Abai.kz