Дүйсенбі, 21 Қыркүйек 2026
Әне, көрдің бе? 242 0 пікір 21 Қыркүйек, 2026 сағат 13:21

Таяу Шығыстың тағдырын өзгерткен күндер

Сурет: kommersant.ru сайтынан алынды.

Тарихтың ең ауыр сабақтарының көбі кейде — бейбітшіліктің қадірін соғыс басталғаннан кейін ғана түсіну. 1973 жылғы қазан айында Таяу Шығыста тұтанған Йом-Киппур соғысы осы ащы ақиқаттың айқын дәлелі болды. Екі аптаға созылған қанды қақтығыс Израиль, Мысыр және Сирия арасындағы текетіресті жаңа деңгейге шығарып қана қоймай, бүкіл әлемнің саяси және экономикалық ахуалына әсер етті.

1973 жылдың 6 қазаны. Израиль халқы үшін қасиетті күн — Йом-Киппур, яғни Күнәдан арылу күні. Бұл күні елде өмір әдеттегіден де баяулап, адамдар құлшылық пен ойға шомуға бет аударатын. Алайда дәл осы сәтте Таяу Шығыстың саяси көкжиегін қара бұлт торлады. Мысыр мен Сирия күтпеген жерден Израильге қарсы кең ауқымды шабуыл бастады.

Бұл соғыс кездейсоқ тұтанған жоқ. Оның тамыры 1967 жылғы Алты күндік соғысқа барып тіреледі. Сол соғыста Израиль Синай түбегін, Газа секторын, Батыс жағалауды, Шығыс Иерусалимді және Голан жоталарын бақылауына алды. Араб мемлекеттері бұл аумақтардың жоғалуын ауыр жеңіліс ретінде қабылдады. Әсіресе Мысыр үшін Синай түбегінің тағдыры ұлттық намысқа айналды. Сирия да Голан жоталарын қайтаруды мақсат етті.

Алты жыл бойы дипломатиялық келіссөздер нәтижелі болмады. Майдан шебіндегі шиеленіс кейде бәсеңдеп, кейде қайта өршіп отырды. Мысыр президенті Анвар Садат Израиль басып алған Синайды қайтаруды жоспарлады. Сирия президенті Хафез Асад та Голан жоталарын азат ету ниетінен кетәрі емес еді. Сөйтіп, 1973 жылдың күзіне қарай соғыс қаупі айқын сезіле бастады.

Алайда Израиль басшылығы араб елдерінің толыққанды соғысқа дайындалып жатқанын дер кезінде бағалай алмады. Елдің әскери барлау жүйесі Мысыр мен Сирияның шабуыл жасауға әзірлігі туралы мәліметтер алғанымен, жоғары басшылық осы ақпаратты жеткілікті деңгейде қабылдамады. Израиль өзін әскери тұрғыдан үстем мемлекет ретінде сезінді. 1967 жылғы жеңіс оның әскери сенімін күшейткен еді.

6 қазан күні түстен кейін араб әскерлері бір мезгілде екі бағытта шабуылға көшті. Мысыр армиясы Суэц каналынан өтіп, Израиль әскерлері салған қорғаныс шебін бұзуға кірісті. Сирия әскері Голан жоталары бағытында алға жылжыды. Израиль үшін бұл шабуыл күтпеген соққы болды.

Мысырлық сарбаздар Суэц каналынан өту кезінде ерекше инженерлік тәсілдерді пайдаланды. Израиль салған құм бөгеттерін су атқыш құрылғылардың көмегімен бұзып, әскер мен техниканы арғы бетке өткізді. Алғашқы күндері Мысыр армиясы едәуір аумақты бақылауына алып, Израильдің қорғаныс шебін шайқалтты.

Солтүстік майдандағы жағдай Израиль үшін одан да күрделі еді. Сирия әскері Голан жоталарында жылдам шабуыл жасап, Израиль қорғанысын бұзуға тырысты. Израиль армиясы бірнеше күн бойы ауыр қысымға тап болды. Елдің әскери-саяси басшылығы резервтегі әскерлерді жедел жұмылдыруға мәжбүр болды.

Соғыстың алғашқы күндері араб мемлекеттері айтарлықтай табысқа жеткенімен, майдандағы жағдай көп ұзамай өзгере бастады. Израиль армиясы резервтік күштерін жинап, қарсы шабуылға көшті. Сирия майданында Израиль әскерлері шабуылды тоқтатып қана қоймай, қарсы жақтың аумағына қарай ілгеріледі. Ал Мысыр майданында да шайқастардың сипаты өзгерді.

Соғыстың екінші кезеңінде Израиль Суэц каналынан батысқа қарай өтіп, Мысыр аумағына ене бастады. Израиль армиясының бөлімдері Каирге апаратын жолдарға жақындай түсті. Бұл жағдай Мысыр үшін өте қауіпті еді. Сирияның да әскери жағдайы күрделене түсті.

Осы тұста соғысқа екі алпауыт державаның — Америка Құрама Штаттары мен Кеңес Одағының араласуы айқын сезілді. Қырғи-қабақ соғыс кезеңінде Израильді АҚШ қолдаса, Мысыр мен Сирия Кеңес Одағымен тығыз әскери-саяси байланыста болды. Екі держава да өз одақтастарына қару-жарақ пен әскери техника жеткізді. Сондықтан Таяу Шығыстағы қақтығыс бір сәтте әлемдік державалардың тікелей текетіресіне ұласып кету қаупін туғызды.

Соғыс барысындағы ең қауіпті кезеңдердің бірі — ядролық текетірес қаупінің күшеюі еді. Кеңес Одағы араб мемлекеттерінің жағдайына алаңдаса, АҚШ Израильдің әскери басымдығын сақтауға тырысты. Халықаралық қауымдастық қақтығыстың кеңейіп кетуінен қауіптенді.

БҰҰ арағайындық жасауға кірісті. Ақыры 1973 жылдың 22 қазанында Қауіпсіздік Кеңесі атысты тоқтатуды талап ететін қарар қабылдады. Бірақ майдандағы қақтығыстар бірден тоқтай қойған жоқ. Бірнеше күннен кейін тараптар атысты тоқтатуға келісті.

Йом-Киппур соғысы әскери тұрғыдан айқын жеңімпазсыз аяқталғанымен, оның саяси нәтижесі аса маңызды болды. Араб мемлекеттері 1967 жылғы жеңілістен кейін өздерінің әскери қабілетін қайта көрсетті. Израиль болса, өзінің қорғаныс жүйесіне тым сеніп, қарсыластың мүмкіндігін төмен бағалаудың қаншалықты қауіпті екенін түсінді.

Соғыс Израиль қоғамына да ауыр әсер етті. Мыңдаған адамның қаза болуы мен жаралануы елде үлкен қайғы туғызды. Үкімет пен әскери басшылықтың соғысқа дайындық деңгейі сынға алынды. Кейін Израильдің саяси басшылығында елеулі өзгерістер орын алды.

Ал Мысыр үшін соғыс саяси тұрғыдан маңызды жетістікке айналды. Президент Анвар Садат араб әлемінде беделін нығайтып, Израильмен келіссөздер жүргізуге жаңа мүмкіндік алды. Бірнеше жылдан кейін бұл үрдіс тарихи оқиғаға ұласты: Мысыр мен Израиль бейбітшілік келісіміне жақындады. 1978 жылы АҚШ президенті Джимми Картердің арағайындығымен Кэмп-Дэвид келісімдері жасалып, 1979 жылы Мысыр мен Израиль арасында бейбітшілік шартына қол қойылды. Соның нәтижесінде Синай түбегі кезең-кезеңімен Мысырға қайтарылды.

Йом-Киппур соғысының салдары Таяу Шығыстан әлдеқайда асып түсті. Араб мұнай экспорттаушы елдері Израильді қолдаған мемлекеттерге мұнай жеткізуді шектеді. Мұнай бағасы күрт өсті. Бұл жағдай Батыс елдерінде энергетикалық дағдарыс туғызып, әлем экономикасына ауыр соққы болды. Осылайша Таяу Шығыстағы бір соғыс жаһандық экономикалық өзгерістердің катализаторына айналды.

Бүгінгі күні 1973 жылғы соғысқа ондаған жылдар өтсе де, оның тарихи сабағы маңызын жоғалтқан жоқ. Йом-Киппур соғысы әскери күштің өзі тұрақты бейбітшілікке кепіл бола алмайтынын көрсетті. Қарулы жеңіс саяси жағдайды түбегейлі шеше алмайды. Керісінше, шешілмеген дау уақыт өте келе жаңа қақтығыстың тұтануына себеп болуы мүмкін.

Бұл соғыс сондай-ақ барлау ақпаратына, саяси шешімдердің сапасына және қарсыласты дұрыс бағалауға қатысты маңызды сабақ қалдырды. 1967 жылғы жеңістің әсерімен Израиль басшылығы өз қауіпсіздігіне шамадан тыс сенім артты. Ал бірнеше жыл өткен соң күтпеген шабуыл осы сенімнің қаншалықты осал екенін көрсетті.

Йом-Киппур соғысын тек Таяу Шығыстағы кезекті әскери қақтығыс деп қарау — оның тарихи маңызын тарылту болар еді. Бұл соғыс халықаралық саясаттың күрделілігін, геосаяси мүдделердің қақтығысын, энергетикалық ресурстардың әлемдік экономикадағы орнын және бейбіт келіссөздердің құндылығын айқын танытты.

Тарих кейде оқиғаларды жылдармен емес, адамдардың тағдырындағы іздерімен өлшейді. 1973 жылдың қазаны да сондай кезеңдердің бірі. Айтсақ бірнеше күн ішінде мыңдаған отбасы қара жамылды, тұтас мемлекеттер өз қауіпсіздігіне жаңаша қарауға мәжбүр болды, ал әлем экономикасы күтпеген дағдарысқа тап болды.

Йом-Киппур соғысының ең басты сабағы — соғыс басталған кезде оның қай жерде тоқтайтынын ешкім нақты білмейді. Сондықтан адамзат үшін ең үлкен жеңіс — қарсыласын жеңу емес, соғыстың алдын алу. Таяу Шығыстың қанға боялған тарихы осы қарапайым, бірақ аса қымбат ақиқатты қайта-қайта еске салады.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1355
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2934
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 1007
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 945