«Соғысқымыз келмейді»: Ресейге неге бардыңдар, жігіттер?
Кешелі-бері Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде Ресейге күзетші болып жұмыс істеуге барған Қазақстан азаматтары елге қайтуға көмектесуді сұрап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасағаны туралы ақпарат пен бейне жазба тарады.
Бейне жазбаға назар аударсақ, қазақ жігіттері әуелде күзетші болып жұмыс істеуге барған. Кейін оларды «алдап, құжатқа қол қойдырып», соғысқа жіберген. Қазір ұшқызсыз ұшақтарды басқару пунктінде жүрген көрінеді.
Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі осы мәселе бойынша Ресей СІМ-іне дипломатиялық нота жолдаған.
Бейне жазбадағы жігіттердің бірі: «Біз үш дос болып келдік. Алғашында «осы жерде жұмыс істейсіңдер» деді. Қол қойдық. Кейін «болды, сендер соғысқа кетесіңдер» деп айтты. Біз қорқып қалдық. Қазір елге қайтудың жолын іздеп жүрміз», - дейді (дереккөзі: qaz365.kz).
ҚР СІМ-І НЕ ДЕЙДІ?
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайдан хабардар екендігін мәлімдеп: «Осы мәселе бойынша Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық нота жолданды. Ресей тарапымен тиісті жұмыс жалғасып жатыр. Жұмысымыздың нәтижесі туралы қосымша хабарлаймыз», - дейді.
Тақырыпқа тұздық:
«Ресейге алданып бардық, күзетші болып жұмысқа барғанбыз», - дейді бір топ қазақ балалар. «Бізді түрмемен қорқытып, соғысқа салуда», - дейді және. Енді Қазақстаннан араша сұрауда!
Айналайындар-ау!
Ресей - соғысып жатқан ел. Ол соғысты бастаған да Ресейдің өзі. Біреу келіп, Ресейдің жеріне кірген жоқ. Біреудің жеріне кірген - Ресей! Сол үшін де жұртқа жексұрын...
«Бір сом беріп жырлатып, он сом беріп қойдыра алмаптының» кебін киіп отырған да сол Ресей. Енді сол соғысқа адам таппай сандалып жүрген де сол Ресей! Түрмелерден «батыр» іздеді, тапты, тауысты. Солтүстік Корейден адам алдырды. Қара жұмысқа барған, оқуға барған шетелдіктерге пұл ұсынып, соғысқа шақырды. Мұның бәрі кеше-бүгін ғана болып жатқан жоқ. Бірнеше жыл болды. Ресейдегі жағдай солай...
Ресей деген әрісі - 2014 жылдан соғысуда. Берісі - 2022 жылдан бері соғысушы, соғыс бастаушы ел!
Ақылы бар, ақпарат оқи алатын адам ол жақта «ат басындай алтын бар» десе де бармайды. Ол жақтағы күзетшілік бұл жақта да табылар еді?!
Ресей деген - Оңтүстік Корей, Еуропа немесе АҚШ емес, ай сайын «миллиондап табамыз» дейтін. Тіпті, сол өркениетті деген елдерге де барған адам - бастық болып бармайды. Қара жұмысшы, жалдамалы «құл» болып барады. Ресей де тұп-тура біз секілді қирауық одақтан (КСРО) шыққан ел. Бізден асып кеткен жері жоқ. Керісінше, көп нәрседе бізден кейін тұр...
Сөйте тұра, біздің географиялық аймақтың адамдарына төбеден қарайды. Өлейін деген шалдарына шейін ОА-лықтарды «ортаңқол адамдар» деп, «жұмысшы тап» деп қарайды. Өздерін ескі империяның мұрагерлері көреді. Сол санада қалып кеткен. Сені адам құрлы көріп, төбелеріне көтерейін деп отырған біреуі жоқ!
Өткен ғасырда болып жатқан соғыс емес. Интернеттің жылдам уақыты. Ақпарат деген толып тұр. Жұмыс тұрмақ, қыдыруға барсаң да, әуелі барар жерің жайлы бірдеңе қарап, оқып, танысып барасың. Соғысып жатқанын білесің. Сенен бұрын барған үнділер мен зәңгілер зар жылап, «бізді алып кетіңдерші» дегенін көрген де боларсың. Сенен бұрын барған «өзбек-қырғыздың» жігіттері алданып соғысқа кеткенін естіген де шығарсың. Енді не дейсің, көкем? Соғысып жатқан Ресейге неге барасың?
Енді келіп: «Өлсек те, өз елімізде өлейік», - дейсіңдер, жігіттер!
Естіп жатырмыз, Қазақстан СІМ-і нота жіберген дейді. Әлбетте, бұл жігіттерді құтқару керек. Қазақстанға аман-есен алдырту керек. Конституция соны міндеттейді. Біз үшін әрбір адамның өмірі құнды. Бірақ, бұл жігіттерді елге алдыртқан соң, жақсылап профилактика жасау керек! Бұл жүрістің қылмыстық жүріс екенін жақсылап түсіндіру керек «бөтен соғысқа қатысу» - қылмыс).
Бұл - басқаларға сабақ. Үлкен сабақ! Есі дұрыс адам тап қазір Ресейге бармайды, аш қалса да! Өз бюджетінің жыртығын жамай алмай, бар ақшасын әскери салаға жұмсап, өз халқы кедейленіп жатқан Ресей сендерге дөге-дөге ақша беретін жағдайда емес! Бар беретіні - ажалға бастарыңды байлап береді. Келісімшарт ұсынады, ай сайын әскери айлық уәде етеді. Сөйтеді де, майданда өліп қалғандарыңды тілеп отырады.
Соның дәлелі, кеше ғана Лиманда тұтқынға берілген Ресейдің 250 сарбазы. Өз сарбаздары. Өз азаматтары. Шетелдіктер емес. Ресейде туғандар. «Аш қалдық, ағаштың қабығып сорып әлдендік. Кері шегінуге мұрша бермеді. Өлейін деп қалдық», - деп өлердегі сөздерін айтып отыр!
Ойланыңдар, жігіттер! Он рет ойланыңдар!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz