ЕО үміткер елдерді қабылдау тәртібін өзгертеді
Еуроодақ қилы кезеңге тап келсе де, қатарын көбейтіп, құрамын ұлғайтуға әзір. Брюссель келіссөздердің аралық кезеңдерін жылдамдатуды және үміткер елдерді ұйымның кейбір бағдарламаларына ертерек қосуды көздейді, деп хабарлайды 24KZ.
Қазіргі тәртіпке сәйкес Еуроодақ кеңейгісі келсе, 27 мемлекеттің барлығының келісімін алуы қажет. Ұйымға мүшелікке үміткер ел шамамен 150 кезеңнен тұратын тексеруден өтеді. Еурокомиссия талаптардың бір бөлігін жеңілдетіп, шешімді көпшілік дауыспен жылдам қабылдау тәртібін ұсынып отыр.
Жаңа ережеде Еуропалық Одақ құрамына кіріп алып, демократия стандарттарынан ауытқитындарға қарсы тетіктер де қарастырылған. Себебі Венгриямен құқық үстемдігі және еуропалық құндылықтар төңірегіндегі ұзаққа созылған келіспеушіліктер ұйымға елеулі сабақ болды. Брюссель болашақта мемлекеттердің осындай әрекеттеріне тосқауыл қоюды қалайды.
Марта Кос, Еурокомиссияның кеңею жөніндегі комиссары:
– Еуроодақтың жаңа мүшелері үшін 15 жылдық бақылау кезеңін енгізуді көздеп отырмыз. Осы уақыт аралығында ауыр заң бұзушылықтар анықталса, қолданыстағы тәртіпке қарағанда жылдамырақ шара қабылдауға мүмкіндігіміз болады. Мұндай тетік Еуроодақтың бұрынғы тәжірибелері негізінде әзірленіп отыр.
Яғни осы уақыт аралығында құқық үстемдігі, демократия немесе адал ынтымақтастық қағидаларын бұзған елдің Еуроодақтан алатын қаржысы қысқаруы мүмкін. Кей жағдайда оның дауыс беру құқығына шектеу қойылады. Еуропарламент депутаттары кеңею үдерісін жеделдету идеясын қолдайды. Алайда бұл – талаптардың жеңілдеуіне әкелмеуі тиіс.
Тонино Пицула, еуропарламент депутаты:
– Еуроодақтың кеңеюі бұрынғыдай нақты ережелерге, демократиялық қағидаларға, құқық үстемдігіне және одақтың негізгі құндылықтарын қорғауға негізделуі керек. Егер жаңа елдерге бақылау күшейтілетін болса, бұрынғы мүшелерге де дәл сондай талаптар қойылсын.
Енді Еурокомиссия ұсынысын Еуроодақ елдері қолдауы керек. Бұл мәселе 15-16 қазанда мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін саммитте талқыланады. Ал 28 қазанда Брюссель ұйымға кіруге үміткер: Черногория, Албания, Молдова және Украинаның Еуроодаққа қосылу жолындағы келесі қадамдарын айқындайтын жеке жоспарларын таныстырады.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы
Abai.kz