Сейсенбі, 20 Қазан 2026
Әне, көрдің бе? 5507 0 пікір 19 Қазан, 2026 сағат 14:23

Әке мен баланың текетіресі: Билік кімдікі болмақ?

Сурет: gazeta.ru сайтынан алынды.

Түркіменстанның саяси сахнасында сырт көзге сездірмейтін, бірақ іштей өршіп бара жатқан үлкен текетірес жүріп жатыр.

Билік тізгінін ұлына ұстатқанымен, оны толық өз ырқында ұстағысы келген Гурбангулы Бердімұхамедов пен дербес саясаткерге айналуға ұмтылған президент Сердар Бердімұхамедовтің арасындағы қайшылық күн санап айқындала түсуде. Билікте жүргеніне төрт жыл толған Сердар әкесінің кадрларын тазалап, оның елдегі ықпалын жоюға көшті. Буын арасындағы бұл майдан Орталық Азиядағы ең жабық режимнің болашағына қалай әсер етеді?

«АРКАДАҒТЫҢ» КӨЛЕҢКЕСІНЕН ШЫҒУ...

2022 жылы Сердар Бердімұхамедов президенттік таққа отырғанда, оны көбі әкесінің айтқанынан шықпайтын, тәжірибесіз «қуыршақ басшы» ретінде қабылдағаны жасырын емес. Алайда, уақыт өте келе кіші Бердімұхамедов бұл стереотиптің қабырғасын қақырата қиратуға кірісті. Егер алғашқы жылдары ол абайлап әрекет етсе, 2026 жылға қарай ел тарихындағы ең ауқымды кадрлық тазалауды жүзеге асырды.

Сердардың бұл жолғы соққысы ең алдымен күштік құрылымдарға бағытталды:

Ұлттық қауіпсіздік министрлігі: Елдегі ең ықпалды мекеме жетекшісі, генерал-майор Назар Атағараев «сыбайлас жемқорлық» айыбымен қызметтен қуылды. Оның орнына келген Дәулетгелді Мередов кезінде әкесінің қауіпсіздігін қамтамасыз еткенімен, бұл тағайындау Сердардың күштік блокты толық өз бақылауына алуға ұмтылысы ретінде бағалануда.

Шекара қызметі: Мұнай-газ инфрақұрылымы мен ел кассасына түсетін басты кіріс көздерін бақылайтын стратегиялық орган басшысы Язгельді Нұрыев қызметінен босатылып, орнына кәсіби шекарашы Иламан Иламанов келді.

Энергетика және аймақтар: Ел экономикасының жүрегі саналатын мұнай-газ кешеніне жауапты вице-премьер Батыр Аманов қызметтен кетіп, орнына Сердардың сенімді адамы Гұванч Ағаджанов тағайындалды. Оған қоса, елдегі басты үш велаят (Мары, Балқан, Лебап) пен маңызды қалалардың әкімдері толығымен ауысты.

Бұл өзгерістердің басты ерекшелігі — жаңадан келген шенеуніктердің көбі Сердардың замандастары, яғни жас буын өкілдері. Президент өзіне ғана есеп беретін жаңа элита қалыптастыру арқылы әкесі «отырғызып кеткен» кәрі эшелонның көзін жоюды көздейді.

КЛАНДАР СОҒЫСЫ: ТУЫСТАРДЫ БИЛІКТЕН ЫСЫРУ

Текетірес тек мемлекеттік аппаратпен шектелмей, Бердімұхамедовтер отбасының ішіне де жайылды. Гурбангулының қарындасы Гүлнабат Дәулетова қызметінен қуылған соң, Сердар оның ұлы, ірі коммерциялық жылжымайтын мүлік иесі Батыр Дәулеровке шүйлікті. Тамыз айында президенттің жеке бұйрығымен Ашхабадтағы Дәулеровке тиесілі бірнеше сәулетті ғимарат сүріліп тасталды.

Сонымен бірге, Сердар өзінің туған қарындасы Огулджахан Атабаевамен де жасырын күрес жүргізіп келеді. Гурбангулы қызын «бірінші леди» роліне дайындап, шетелдік саясаткерлермен кездестіріп, саяси сахнаға шығарған еді. Бұл — егерде ұлы шу бас асаулық танытып, өз алдына тым дербес болып кетсе, орнын басатын «қосалқы нұсқа» ретінде қарастырылған жүріс болатын.

Бұған жауап ретінде Сердар Меджлис төрайымы, 36 жастағы заңгер Дүньягозель Гүлманованы алға тартты. Президент барлық халықаралық делегациялар мен дипломатиялық миссияларды қабылдауды Гүлмановаға тапсырып, қарындасының саяси салмағын нөлге теңестіруге тырысуда.

«АРКАДАҒ» ТИТУЛЫНЫҢ ҚҰНСЫЗДАНУЫ

Гурбангулы Бердімұхамедов президенттіктен кеткенде, өзі үшін «Халк Маслахаты» (Халық кеңесі) деген жоғарғы органды құрып, өзін «Ұлт көшбасшысы — Аркадағ» деп жариялаған болатын. Бұл жүйе оған сырттай билікке араласуға мүмкіндік береді деп есептелген еді.

Алайда, төрт жылдың ішінде бұл кеңес шынайы саяси салмағы жоқ, тек декоративті органға айналды.

Портреттер соғысы: Ашхабад орталығындағы Гурбангулының алып суреттері қаланың шеткі аймақтарына көшіріліп, орнына Сердардың портреттері ілінді. Шетелдік туристерге экс-президенттің суреттерін түсіруге тапсырыспен тыйым салынуда.

Халықаралық деңгейдегі мойындау: Сыртқы саяси аренада шетелдік лидерлер (АҚШ, Қытай, Орталық Азия елдері) бұрынғы «Аркадағпен» емес, ресми президент Сердармен келіссөз жүргізуге басымдық бере бастады.

Әкесінің Трамппен кездескісі келіп, Саммитке шақыру ала алмауы немесе Виндзордағы ат турнирінде Ұлыбритания королі Карл III-мен кездесуге ұмтылуы — оның саяси сахнадан кете алмай, соңғы шарасыз талпыныстар жасап жатқанының көрінісі деуімізге де болады.

Гурбангулы Бердімұхамедов билікті өз еркімен бергенімен, оның психологиялық тұрғыдан «екінші планда» қалуға дайын болмай шыққаны байқалады. Дегенмен, Сердардың саяси дербестікке ұмтылысы кері қайтарымсыз процесске айналды.

БҰЛ ЖАСЫРЫН ТЕКЕТІРЕС АШЫҚ КОНФЛИКТКЕ ҰЛАСА МА?

Бердімұхамедовтер әулетін тек бір ғана нәрсе біріктіреді — ол билік пен байлықты сақтап қалу. Егер әке мен бала арасындағы текетірес сыртқа шығып, автократтық жүйе сызат берсе, Түркіменстандағы ішкі элиталардың арасында билікке талас қайта өршуі мүмкін. Соңғы жылдары қатаң басып-нығайтылған оппозиция мен билікке наразы топтар осындай сәтті күтіп отырғаны анық. Сол себепті, Сердар мен Гурбангулы қанша жерден араз болса да, жұрт алдында «бірлікті» демонстрациялауға мәжбүр. Сондықтан бұл майдан — ашық соғыс емес, көлеңкедегі «тымырсық күрес» күйінде қала береді.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1101
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1504