Сәрсенбі, 21 Қазан 2026
Күбіртке 196 0 пікір 21 Қазан, 2026 сағат 14:25

Гибридті соғыс…

Коллаж: Abai.kz / суреттер: euronews.com, bbc.com сайттарынан алынды.

Франция, Италия, Испания, Германия...Толқулар...Наразылық...Күллі әлем қазір тек осыны жазып жатыр. Әр тұста талаптар әр түрлі. Бір жерде білім беру саласында реформа жасалуды талап етсе, енді бір жерде экономикалық өзгерістерді талап етуде. Тағы бір елде үй алу бағдарламаларын жетілдіру керектігін айтуда. О баста бейбіт сипатта басталған шерулер, көп ұзамай көшедегі бұзақылыққа ұласып кетті.

Осы сәтте бірқатар сарапшылар бұл іске сыртқы күштердің қатысы барын айтуда. Еуропаға босқындар бірнеше бағыт арқылы кіреді. Бірі Жерорта теңізі арқылы. Бұл бағытта көбіне Африкадан босқындар өтеді. Олар үрлемелі қайықтар арқылы Еуропаға аттанады. Кейбірі жолда суға батады.

Тағы бір бағыт Түркия арқылы іске асты. Қазір бұл бағыт аса өзекті емес. Алайда Сириядағы соғыс қызған шақта, осы бағыт арқылы Еуропаға біраз босқын кірді. Тек Сирия емес, Ауғанстаннан да ЕО аумағына осы бағытпен барған босқындар аз емес.

Үшінші бағыт - Беларусь арқылы. Бұл таза саяси қысым, бопса жобасы деуге болады. Беларусь билігі (Ресейдің қолдауымен болса керек) Таяу Шығыстан босқындарды өз аумағына кіргізіп, кейін оны Польша мен Балтық елдеріне қарай бағыттап келеді. Осылайша ЕО-ға қысым жасап, санкцияларды алып тастауға итермелеуде. Алайда ол бопсасы әзірге нәтиже бере қоймады.

Босқындарды сыртқы күштер жиі өз мақсатына пайдаланады. Ол жағы түсінікті де. Соғыс аумағынан, аштық аймағынан қашқан халық әлеуметтік тұрғыдан да, құқықтық тұрғыдан да осал болып келеді. Кейбірі арнайы күштердің арбауына түседі. Енді бірі Еуропаға ат басын тіреген сәтте, азын-аулақ қаржы үшін түрлі ұйымдарға қосылады. Мысалы Еуропада коммунистік қозғалыстар, Ресейді жақтайтын ұйымдар, радикалды жабық қауымдастықтар бар. Өткен жылы Римге барған сәтте коммунистердің шеруін көргенмін. Кейбірі КСРО-ның, Ресейдің туын көтеріп алып, ұрандатып кетіп бара жатқан.

«Босқындарды Еуропаға жетпей тұрып арбайтын күштер де бар» дейді сарапшылар. Олар Таяу Шығыста, Африкада әрекет етеді. Қаржы төлеп, кейбірін «өз қатарына» қосқан болады. Еуропаға жеткен сәтте, әлгілермен байланысын үзбейді. Айлық та алып тұруы мүмкін. Кейін бейбіт шеру, наразылық болған сәтте, соның арасына кіріп, шерудің сипатын өзгертіп, оны бұзақылыққа айналдырады. Дүкен тонайды, ғимарат өртейді, қиратады, шағады. Бұл Еуропа билігіне қысымды арттырып, ішкі мәселеге көбірек көңіл бөлуге итермелейді. Салдарынан сыртқы саясатта кей үкіметтің белсенділігі азаюы ықтимал. Кей үкіметті тіпті осындай шерулер арқылы қызметінен кетіруі де мүмкін.

Мысалы қазіргідей жағдай жалғаса берсе, Еуропа мемлекеттерінің кейбірі Украинаны қаржылай қолдау міндеттемелерін уақытында орындай алмауы да ғажап емес. Ал бұның кімге тиімді екені бесенеден белгілі.

Жалпы босқындармен бірге лаңкестік ұйымдардың мүшелері, қылмыс әлемінің өкілдері де кіруі ықтимал. Бір мезетте мыңдаған адам шекараға топтасқан сәтте, адамдарды жіті тексеру қиынға соғады. Сондай хаосты пайдаланады.

Жалпы сырттан келетін босқын, қашқындарға аса сақ болу керек. Еңбек мигранттарын да ұдайы бақылау маңызды. Бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1130
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1563