Сәрсенбі, 21 Қазан 2026
Әдебиет 338 0 пікір 21 Қазан, 2026 сағат 14:43

Арманы орындалған алып ақын

Сурет: inbusiness.kz сайтынан алынды.

Биыл көрнекті шығарма, әлемдік деңгейдегі жалғыз дастанымыз шахнаманың жазылғанына 90 жыл. Теңдесі жоқ бұл дастан Тұрмағамбет Ізтілеуұлының Фердауси дастанын қазақшаға аударылып, әуелі әріден жырланып, хиссалар негізделіп келіп, Иран мен Тұран елінің арасындағы ерлікті жырлайды. Жырлағанда да Мұхтар Әуезовше айтқанда жаңа дүние жарқ ете қалады. Қазірде Шахнама дастаны әлем елдері назар аударып, зерттеп, қадірлеп отырған аз ғана дастандардың бірі.

Әлемдік деңгейдегі хисса дастандар көп емес, соның бірі болып әлемді шарлап жүрген бұл дүниені қазақтың алыбы ғана жаза алды. Әлемді аралап, ғалам ғалымдарын тамсантқа шығарма ақынның өзі айтқандай әлемді арлап жүр. Назым шығармасында ақын былай деген еді:

Дүниеден өмірім бітіп, өтсем де өзім,

Аралап жердің жүзін жүрер сөзім!

«Көре алмай кейінгіні кеттім-ау!» – деп,

Арманда болмай-ақ қой, екі көзім! Иа, Тұрмағамбет Ізтілеуовты көрген, алым демеске шараң бар ма? Қайран тау тұлғалы Тұрекең деп жерлестері бағалағандай сол тау алыстаған сайын биіктей түсуде. Осы дастанға алғы сөз жазбыруға барғанда Мұхтар алып:

– Бұл еңбекті Фердаусидің «Шаһнамасынан» тікелей жасалған аударма демейміз, сол Фердауси үлгісімен халық ақыны Тұрмағамбеттің өзі өлең етіп жазған Рүстем жөніндегі дастанының қазақша варианты дейміз, - деген екен.

Мұхтар Әуезовтің бұл бағасы Тұрмағамбет Ізтілеуұлының «Шаһнамасына» берілген ең дәл әдеби мінездемелердің бірі. Мұнда ұлы жазушы аударманың сыртқы ұқсастығын емес, оның ішкі табиғатын айтып отыр. Яғни Тұрмағамбет Фердаусидің сөзін қазақшаға ғана көшірген жоқ. Ол Фердаусидің эпикалық әлемін қазақтың жыршылық дәстүрімен қайта сөйлетті.

Бұл ұлы дүниенің жазылуына не себеп болды деген сұраққа ел ішінде 1937 жылы келетін Ұлы Октябрьдің 20 жылдығына тарту ретінде жазылған деген жаңсақ пікір бар. Алайда 1936 жылы жазылып біткен бұл шығарма Парсы ақыны Әбілқасым Фирдоусидің (940-1020) 1000 жылдық мерейтойына байланысты жазылған.

Бұл шығарманы аударуға ешкімнің тісі батпаған. Сонда атақты ақын Садриддин Айни мұндай ғаламат шығарманы тек Тұрмағамбет ғана жаза алады деп сілтепті. Осылайша Темірбек Жүргенов ұстазына барып қолқа салады.

Айни оны аудара алатын тіл білгірі ретінде таныды. Әуезов оны өз алдына көркем шығарма жасайтын халық ақыны ретінде бағалады. Екеуінің пікірі бірін-бірі толықтырады.

Ал 1936 жылдан бері тоқсан жыл өткенде, біз Тұрмағамбеттің «Шаһнамасына» қайта қарағанда, ең алдымен осы екі өлшемді қатар ұстауымыз керек. Фердаусидің «Шаһнамасы»: бір халықтың емес, адамзаттың эпосы. Иа, Әбілқасым Фердаусидің «Шаһнамасы» – парсы әдебиетінің ғана ұлы ескерткіші емес. Ол – Иранның көне тарихын, мифін, аңызын, мемлекеттілік туралы түсінігін, адамдық мінез бен билік табиғатын, ерлік пен сатқындықты, әке мен бала арасындағы трагедияны, тағдыр мен таңдау мәселесін бір арнаға тоғыстырған әлемдік эпос.

Фердауси бұл ұлы туындысын шамамен отыз бес жыл бойы жазды. Ал Тұрмағамбет оның желісіндегі негізгі дүниені қазақ тілінде он айдан аса уақыт ішінде 40 мың жолға жуық өлеңмен қайта жырлады. Сандардың өзінен-ақ істің ауқымы көрінеді.

Бірақ мәселе 40 мың жолды қанша уақытта жазғанында ғана емес. Мәселе – парсы эпосының алып құрылымын қазақтың поэтикалық санасына қалай сыйғызғанында. Бұл жерде Тұрмағамбетті қарапайым аудармашы ретінде қарастыру жеткіліксіз. Ол – екі үлкен дәстүрдің тоғысында тұрған суреткер. Бір жағында – Фердаусидің классикалық шығыс эпосы. Екінші жағында – қазақтың жыраулық, қиссашылық, жыршылық дәстүрі. Тұрмағамбет осы екі арнаны бір-біріне қарсы қоймай, бір арнаға құйды. Сондықтан оның «Шаһнамасын» оқығанда парсы топырағында туған Рүстем бірте-бірте қазақтың эпикалық кейіпкеріне айналып шыға келеді.

Айни неге Тұрмағамбетті таңдады?

Бұл жерде кездейсоқтық жоқ. Тұрмағамбеттің Фердауси әлеміне жолы 1936 жылы ғана ашылған жоқ. Оның шығыс әдебиетімен таныстығы Бұхарадағы Көкелташ медресесінде оқып жүрген кезінен басталған. Ақын араб, парсы, түркі, шағатай әдебиетін жақсы меңгерді. Шығыс дастандары оның шығармашылық мектебіне айналды. Демек, Тұрмағамбетке «Шаһнама» сырттан келген жат мәтін емес еді.

Ол Фердауси әлемінің тілін де, сюжетін де, поэтикалық табиғатын да бұрыннан білетін.

Сондықтан Жүргеновтің тапсырмасы ақын үшін мүлде тосын шаруа болмаған. Айнидің ұсынысын осы тұрғыдан түсінген жөн. Айни Тұрмағамбетті жай ғана «парсы тілін білетін қазақ» ретінде емес, шығыс классикасын қазақтың дәстүрлі поэзиясымен жалғай алатын шығармашылық тұлға ретінде таныған.

Бұл сөзімнің тарихи маңызы зор. Өйткені кез келген тілді білетін адам ұлы эпосты аудара алмайды. Ал ұлы эпосты ұлттық әдебиеттің табиғатына сіңіріп жіберу үшін аудармашыға екі түрлі мәдениеттің ішкі заңдылығын қатар білу керек. Тұрмағамбеттің ерекшелігі де осында. «Аударма» деген сөздің аясына сыймай бұл шығарма. Ақын  Тұрмағамбет «Шаһнамасының» әдеби тағдырын түсінудегі ең үлкен қателіктің бірі – оны сөзбе-сөз аударма өлшемімен бағалау. Сондықтан мұны аударма деп айтуға болмайды. Бұл ұлы еңбек. Әуезовтің жоғарыдағы пікірі осы жерде маңызды. Алайда ғалым «аударма емес» дегенде Тұрмағамбет Фердаусиден мүлде алшақтап кетті дегенді айтпайды.

Керісінше, ол шығарманың Фердауси үлгісінен туындағанын, бірақ қазақ ақынының өз шығармашылық лабораториясынан өтіп, дербес көркем нұсқаға айналғанын меңзейді.

Бұл – әдебиеттанудағы аса күрделі мәселе. Аударманың екі жолы бар. Біріншісі – түпнұсқаның сөзін, құрылымын, оқиғасын барынша дәл сақтау. Екіншісі – түпнұсқаның рухын, көркемдік қуатын, негізгі идеясын басқа тілдің табиғи заңдылықтарымен қайта жасау. Тұрмағамбет екінші жолды таңдаған.

Сондықтан оның «Шаһнамасы» – мағыналық әрі шығармашылық тәржіма.

Зерттеулерде де Тұрмағамбеттің Фердауси сюжетіндегі кейбір эпизодтарды ықшамдап, кейбірін қайта қорытып, қазақ оқырманына түсінікті көркемдік жүйеге салған. Осының нәтижесінде «Шаһнама» қазақтың бұрыннан келе жатқан қисса-дастан дәстүріне жақындады.

Рүстем неге қазаққа жақын?

Тұрмағамбеттің ұлы шеберлігі әсіресе Рүстем образынан байқалады. Фердаусидің Рүстемі – парсы эпосының қаһарманы. Ал Тұрмағамбеттің Рүстемі – қазақтың жыршылық дүниетанымына жақын батыр. Бұл сол кезде берілген баға. Қараңызшы, Тұран мен Иран соғысып жауласқан елдер. Шығармада мүлде бөлек сипат алды. Өйткені ұлы ақын оның тұлғасынан қазақ эпосындағы Алпамыс, Қобыланды, Қамбар секілді батырлардың сарынын сезілдірді. Бірақ бұл ұқсастық сыртқы сипатта ғана емес.

Қазақтың эпикалық дәстүрінде батыр – елдің қорғаны. Оның жеке басының ерлігі ел тағдырымен өлшенеді. Тұрмағамбет Рүстемді осы дүниетанымға жақындатады. Сондықтан Рүстемнің әрбір жорығы, әрбір айқасы қазақ жырының интонациясымен қабылданады. Шеберліктің шыңы сол, Рүстемді бүгінгі тұрандықтар жақсы көріп, балаларының есімін Рүстем деп қойып жатты.

Мысалы, Тұрмағамбеттің жырындағы батырлық пафостың табиғатын мынадай жолдар аңғартады:

Көргенде қарсы келген дұшпан қалмас,

Жүректе қорқыныштың ізі қалмас.

Мұндай жыр сазы қазақтың батырлық эпосына жат емес. Түпкі негізі шығыстық болғанымен, айтылу мәнері қазақы. Міне, Тұрмағамбет аудармасының басты құпиясы осында. Қазақы ұғымға түскен парсы әлемі Тұрмағамбет Фердауси кейіпкерлерін қазақша сөйлеткенде тек сөздерді алмастырмайды. Ол дүниені қабылдау тәсілін де өзгертеді.

Шығыс әдебиетіндегі патша, уәзір, баһадүр, сарай, жорық, тәңірлік ұғымдар қазақтың билер сөзіне, батырлық жырына, шешендік дәстүріне жақын тілдік өрнектермен беріледі.

Сондықтан шығармада қазақтың мақал-мәтелдері, тұрақты тіркестері, салт-дәстүрге қатысты ұғымдары мол кездеседі. Зерттеушілер мұны Тұрмағамбет нұсқасының ұлттық сипатының басты белгілерінің бірі ретінде атап көрсетеді.

Мұнда бір қарағанда парадокс бар. Парсы эпосын қазақыландыру түпнұсқадан алыстату сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ әдеби аударманың табиғаты басқаша. Егер шығарма жаңа тілде сол тілдің табиғи тынысымен сөйлей алмаса, ол оқырманға жат болып қалады.

Тұрмағамбет осы қауіптен құтылды. Бір сөзбен айтқанда ғұламамыз Фердаусиді қазақшаға «аударған» жоқ. Фердаусиді қазақтың әдеби жадында қайта дүниеге әкелді. «Шаһнаманың» қазақ әдебиетіндегі арғы тарихы Тұрмағамбетке дейін қазақ даласында Фердауси шығармасына қызығушылық болмаған деу – тарихи шындыққа сәйкес келмейді.

«Шаһнаманың» жекелеген тарауларын қазақ оқырманына жеткізуге талпыныстар болған. Ораз молда, Мұхамеджан Сералин, Мәжит Дәулетбаев секілді қаламгерлер әр кезеңде оның кейбір желілерін тәржімалаған. Алайда Тұрмағамбеттің жұмысы ауқымы мен көркемдік сипаты жағынан мүлде бөлек деңгейге көтерілді. Ол бір-екі сюжетті ғана аударған жоқ. Ол «Шаһнаманың» негізгі арнасын алып, оны қазақтың кең тынысты дастан дәстүріне түсірді. Сондықтан Тұрмағамбет еңбегін қазақ-парсы әдеби байланысының бір кезеңі ғана деп қарау аздық етеді.

Бұл – қазақ әдебиетінің әлемдік эпикалық мұраны игеру тарихындағы ірі белес.

Он айдың артындағы он жылдық дайындық демек те болады. Тұрмағамбеттің «Шаһнаманы» он ай шамасында аяқтауы кейде ғажайып еңбек ретінде ғана айтылады.

Бірақ бұл жерде бір нәрсені ұмытпауымыз керек: он айлық еңбек – он жылдық, тіпті өмірлік дайындықтың нәтижесі дер едім.

Себебі, ақын шығыстық сюжеттермен ерте танысты. Мысалы 1906–1908 жылдары «Самұрық», «Дарап-нама» секілді шығармаларды Шаһнама сюжеттері негізінде жырлады. Кейінгі «Әшкебус», «Төрт дос» тәрізді дүниелер де оның үлкен эпикалық шығармаға қарай жасаған шығармашылық қадамдары болды.  Демек, 1936 жылы Тұрмағамбет алдына Фердаусидің мәтіні келген кезде, оның ішінде дайын тұрған бір үлкен қазына, іліммен теңселген мектеп бар еді. Ол мектеп – шығыс классикасы. Ол мектеп – қазақтың ауызша поэзиясы. Ол – өз басынан өткен тарихи-әлеуметтік тәжірибе. Осы үшеуі қосылған жерде «Шаһнаманың» қазақша нұсқасы дүниеге келді.

Дастанның трагедиялық тағдыры

Алайда «Шаһнаманың» қазақша тарихы оның жазылуымен аяқталған жоқ. Керісінше, Тұрмағамбет тағдырының ең қасіретті кезеңі осыдан кейін басталды. 1937–1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін ақынды да айналып өтпеді. Оның қолжазбаларының тағдыры да ауыр болды. Тұрмағамбеттің 40 мың жолдық еңбегін сақтап қалуға отбасы мүшелері мен кейінгі жинаушылардың еңбегі себеп болды. Ақынның өзіне бұл шығарманың толық жарияланғанын көру жазбады.

«Шаһнаманың» «Рүстем-Дастан» аталатын бөлігі ғана 1961 жылы жарық көрді. Ал толықтырылған екі томдық «Шаһнама. Рүстем-Дастан» 2004 жылы оқырманға жетті. Бұл кітапты мен өзгенің қолынан оқып, қызығып ғана қойып ем. Бірде Алматыдағы кітапханадан бірнеше бетін ақтарып, мен де Иран мен Тұранның арасын аралаған болатынмын. Жақсы жауһардың қолыңда болғанына не жетсін.

Сұрағаның алдыңнан, тілемей-ақ табылар демекші Үнді еліндегі ғалымдардың Шахнаманы аса құрметтегенін көріп, елге клген соң алтынның сынығындай болған ұрпақтарының Шахнамаға 90 жыл толуына орай өткізгелі жатқан шарасына араластым. Сөйтіп Сыр еліне, ақынның табанының ізі қалған өлкеде жүріп, аңсағанымды таптым. Құдай берейін десе сол ғой, Марал бабаны зерттеген Сәден атамыздың ұрпағы, қоғам қайраткері Ырзақұл Нұртаевтың шаңырағында осы кітап қолыма тиді. Жауһарджы арқалап қайтқаныма айдың жүзі болды, нұрын шашқан әр парағына ыждағаттылықпен үңіліп, маржанын теріп жатырмын.

Әдеби мұраның тағдыры туралы үлкен мәселе бар. Егер шығарма жазылған сәтте халыққа толық жетпесе, оның авторы әдебиет тарихында қаншалықты өмір сүре алады? Тұрмағамбет мысалы бұл сұраққа анық жауап береді. Шынайы шығарма уақытша саяси жүйеден ұзақ өмір сүреді. Тұрмағамбет және қазақ аудармасының жаңа моделі

Бүгінгі аударматану тұрғысынан қарағанда, Тұрмағамбет тәжірибесінің құндылығы бұрынғыдан да арта түседі.

Қазір әлем әдебиетін қазақшаға аудару мәселесі қайтадан маңызды болып отыр. Шетелдік классиканы қазақ оқырманына жеткізудің екі талабы қатар қойылады: түпнұсқаға адалдық және қазақ тілінің табиғилығы. Осы екі талаптың арасындағы тепе-теңдікті табу оңай емес. Тұрмағамбет осы мәселені тоқсан жыл бұрын өзінше шешіп кеткен. Тағы да қайталап айтайыншы, ақын Фердаусиге сюжет жағынан сүйенді. Бірақ тілде, ырғақта, бейнелеуде, ұлттық дүниетанымда қазақтың поэтикалық мүмкіндігін іске қосты.

Сондықтан «Шаһнаманың» Тұрмағамбет нұсқасын қазіргі әдеби ұғыммен көркем интерпретация деп те бағалауға болады. Яғни бұл – бір тілдегі мәтінді екінші тілге көшіру ғана емес, бір мәдени кеңістіктегі эпосты екінші мәдени кеңістіктің рухани жүйесінде қайта жасау. Тұрмағамбет феноменінің тағы бір қыры Тұрмағамбет тек Фердаусиді қазақша сөйлеткен ақын емес. Ол қазақ әдебиетінің шығыстық арнасын жаңа деңгейге көтерген тұлға. Оның шығармашылығында қазақтың ауызша дәстүрі мен шығыс жазба әдебиетінің синтезі анық байқалады. Зерттеушілер ақынның аралық сөздері, дастандары, мысалдары, термелері мен хикаяларынан осы екі дәстүрдің тоғысын көреді. Сондықтан Тұрмағамбетті бір ғана «аудармашы» ұғымына сыйғызу оның әдеби тұлғасын тарылтып жіберер еді.

Ол – ақын.

Ол – шайыр.

Ол – жыршы.

Ол – аудармашы.

Бірақ ең бастысы – осы қасиеттердің бәрін бір арнаға тоғыстырған әдеби құбылыс.

Фердауси мен Тұрмағамбет: екі ақын, екі мыңжылдық. Фердауси «Шаһнамада» мемлекеттің, халықтың, ерліктің, адамдықтың мәселесін көтерді. Тұрмағамбет сол идеяларды қазақтың тарихи-мәдени санасына жақын поэтикалық тілмен қайта жеткізді.

Олардың арасында бірнеше ғасырлық уақыт жатыр. Бірақ ұлы әдебиеттің табиғаты уақытты жеңеді. Фердаусидің Рүстемі мен Тұрмағамбеттің Рүстемі екі түрлі әдеби кеңістікте өмірге келгенімен, екеуінің түпкі болмысында ортақ бір мұрат бар: елді қорғау, арды сақтау, адамдықты жоғалтпау. Бұл – эпостың мәңгілік өзегі.

Сондықтан Тұрмағамбеттің «Шаһнамасы» бүгін де оқылады әрі мәңгілік шығарма болып қала бермек. Өйткені оның құндылығы тек Фердауси мәтінін қазақшаға жеткізгенінде емес. Оның ең үлкен жетістігі – қазақ оқырманына: «Әлемдік классика бізден алыс емес. Оның ұлы кейіпкерлері біздің де рухани әлемімізге ене алады» дегенді дәлелдеуі.

Тоқсан жылдан кейінгі міндет

Тұрмағамбеттің «Шаһнамасына» тоқсан жыл толуы – өткенді еске алатын ғана дата емес.

Бұл – шығарманы қайта оқитын уақыт. Оны тек ақынның өмірбаянындағы бір кезең ретінде емес, қазақ әдебиетінің әлем әдебиетімен байланысын көрсететін аса маңызды көркем тәжірибе ретінде қарастыратын уақыт. Оныалтыға бөліп қарастырайықшы.

Біріншіден, Тұрмағамбет мәтінінің академиялық, толық нұсқасын қалыптастыру қажет.

Екіншіден, Фердаусидің түпнұсқасымен жолма-жол және көркемдік-салыстырмалы зерттеу керек.

Үшіншіден, Тұрмағамбеттің қандай тұста түпнұсқаны сақтағанын, қандай тұста қысқартқанын, қай жерде қазақ фольклорының элементтерін енгізгенін арнайы зерттеу қажет.

Төртіншіден, оның тілін қазіргі қазақ оқырманына жақындату үшін ғылыми түсініктемелер мен сөздік жасалса құба-құп.

Бесіншіден, «Шаһнаманы» мектеп пен жоғары оқу орындарындағы әлем әдебиеті, аударматану, қазақ әдебиеті тарихы курстарымен байланыстыра оқыту қажет.

Өйткені бұл шығарма – бір ақынның ғана мұрасы емес. Бұл – қазақ тілінің әлемдік эпикалық кеңістікті игере алатынын дәлелдеген әдеби ескерткіш.

Алтыншыдан келер жылы ақын 145-ке толады. Сондықтан Тұрмағамбет және Шахнама оқулығын ұйымдастырған дұрыс.

Садриддин Айни Тұрмағамбетке сенім артқанда, оның тіл білетінін ғана емес, үлкен мәдениеттерді жалғай алатын ақын екенін таныды. Мұхтар Әуезов оның еңбегін бағалағанда, «аударма» деген тар ұғымнан жоғары қойып, оны қазақша қайта туған шығарма ретінде таныды. Ал тоқсан жыл өткен соң біз осы екі бағаналы бағалаудың арасына өз қорытындымызды қоса аламыз:

Фердауси «Шаһнаманы» жазды. Тұрмағамбет оған қазақша тіл бітірді. Сол себепті Тұрмағамбеттің «Шаһнамасы» қазақ әдебиетінің тарихында аударма ретінде ғана емес, екі ұлы поэтикалық дәстүрдің кездескен жеріндегі көркем құбылыс ретінде бағалануға тиіс. Ақынның өзі айтқан:

Дүниеден өмір өтіп, өтсем де өзім,

Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.

Көре алмай кейінгіні кеттім-ау деп,

Арманда болмай ақ қой екі көзім.

деген жолдары да бүгінгі күнге жетіп отыр. Тұрмағамбеттің арманы орындалды. Ол кейінгілерді көре алмады. Бірақ оның сөзі кейінгілерге жетті. Ал сол сөздің ең биік күмбездерінің бірі – тоқсан жыл бұрын қазақ даласында қайта туған «Шаһнама».

Самат Жұматай,

PhD, Қазақстан және Орталық Азия тарихын зерттеу институтының бас директоры

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1131
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1565