Бейсенбі, 22 Қазан 2026
Ақмылтық 276 0 пікір 22 Қазан, 2026 сағат 16:05

Қазақстан Тәуелсіздігін қорғай алатын мемлекетке айналады!

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Негізгі мәселе – әскери реформа жоспарының жобасы.

Мемлекет басшысы еліміздегі ауқымды өзгерістерді ескере отырып, қорғаныс саласын реформалау жөнінде ұсыныстар әзірлеуді және оны Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына енгізуді тапсырды. Президент қысқа мерзімде заманауи, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан озық армия құрудың айрықша маңызына назар аударды.

– Қарулы күштердің сапасын өзгерту міндеті қойылды. Өзгерістер басқару ісін, әскери қызметшілерді даярлауды, кадр саясатын, әскери білім беруді, қорғанысты жоспарлау мен технологиялық жарақтандыруды қамтуға тиіс. Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, әскерге басшылық ету мәдениетіне және мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша мән беру керек. Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруге тиіс. Кешенді реформа қажет. Бұл істе толыққанды шешімдер қабылданбайынша, көздеген нәтижеге жету мүмкін емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанға әскери реформаның қажеттігінің алғышарттары туралы

Қазақ елі ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігіне қол жеткізіп, мемлекеттігін жария еткен сәттен бастап мемлекет пен оның тәуелсіздігін қорғау мәселесі қатар көтерілді. Әрине, тәуелсіз республикаларда билікті қолына алған бұрынғы партократ басшылар КСРО‑ның ыдырауын қуана қарсы  алды дей алмаймыз. Сондықтан, олар КСРО‑ны басқа  форматта қалпына келтіруге күш салды – ТМД сияқты жасанды құрылымдарды өмірге келтіріп, «біз мәңгілік біргеміз»  дегендей кейіп танытты...

Мемлекеттер арасында «мәңгілік достық» деп аталатын шарттар жасалып, бұрынғы қарым қатынастар мызғымастай күй орнады. Әскери салада КСРО‑ның қару‑жарақ потенциалы бөліске түссе де, көптеген республикалар оны өздерін «КСРО‑ның заңды мұрагеріміз» деп жариялаған Ресей Федерациясына өткізп берді. Сол кездері заңсыз қару‑жарақ саудасы да өршіді...

Ал, әскери саладағы кадр мен әскери стратегиялық мәселелер өзгермеді – әскери жүзбасылар мен мыңбасыларды (офицерлерді) оқыту мен дайындау міндетін РФ әскери жоғары оқу орындары атқара берді. Ақыр соңында, бұл мәселе Қазақстанның бірінші президенті Н.Назарбаевтың үздіксіз көтеруімен, кейіннен бұл «идеяны» Путиннің іліп алып кетуімен Ресей ‑ Белоруссия ‑ Қазақстан құрған, кейін Қырғызстан, Армения, Тәжікстан кірген Кедендік одаққа, одан әрі – Еуразиялық экономикалық одаққа, одан әрі – әскери саладағы ОДКБ деген «одаққа» бірігуге алып келді... Қазір оның жақсы жағы мен келеңсіз тұстары  қоғамда ашық айтылып жатыр.

Әрине, біз кедендік одақ пен экономикалық одақтан ұтылып жатқан тұстарымыз өте көп. Оны сарапшылар анықтап, дабыл қағып жатыр. Ал, Армения болса, бұл одақтардан бас тартуға бет алды. Себебі, дәл осы жағдай қазіргі болып жатқан Ресей мен Украина арасындағы соғыс қимылдарына алып келгенін көріп отырмыз...

Міне, көрші, бұрынғы одақтас мемлекеттер арасындағы бітіспес соғыс – Қазақстанды әскери саланы жаңа бағытта қайта құруға итермелегені рас. Оның бір себебі ретінде жуырда біз жазған қазақ жастарының соғысқа тартылуы деректері болса, екіншісі – әскери жаттығулар кезінде командирлердің жіберген тактикалық қателіктері салдарынан 14 сарбаздың суға батып қаза табуы болды.

Әскери реформа қандай мақсаттарды көздейді

Қазіргі замандағы болып жатқан соғыстар  әлемдегі бұрыннан кележатқан әскери доктриналардың арасындағы қарама‑қайшылықты анық көрсетіп берді: біріншісі, екінші дүниежүзілік соғыс тактикасына негізделген КСРО әскери доктринасы болса, екіншісі, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған НАТО әскери альянс өмірге келтірген соғыс доктринасы еді.

Бұл екеуінің айырмашылығы жер мен көктей болып шықты. КСРО әскері армиясының тактикасы әскердің майдан алаңында тікелей бетпе‑бет соғысуын ескерсе, НАТО әскері қарсыласын өз жерінде, өз елінде жоюдың тактикасын қолдануды алға шығарды. Ол оны Таяу Шығыстағы локалды әскери қақтығыстарда дәлелдеді.

Осы жағдайда, әскерді дамытудың шешуші саласы болып «ауадағы шайқастың» маңыздылығы айқындалды. Ал, ол болса, әскери салада өте жоғары технологияны дамытуды, ғылыми жетістіктерді қолдануды, әскерилерді кәсібилендіруді талап ететін, өте қымбатқа түсетін бағыт еді. Сөйтіп, өзінің әскери бюджетін орасан деңгейге көтерген НАТО елдері заманауи ұшақтар мен зымырандар жасау жағынан оқ бойы алға озып кетті.

Ол, ілеспелі түрде майданда бетпе бет қолданылатын тактикалық қару‑жарақтарды да жетілдірді. Оның қолдануға жеңіл әрі шағын түрлері өмірге келді. Бұл әсіресе, ауыр техникаларға қарсы қолдануда өте тиімді болды.

Ал, ұшақ жасау саласында локалды жағдайда қолдануға тиімді «ұшқышсыз ұшақтарды» жасау – қазіргі заман әскерлерінің қуатының басты барометріне айналды десе болады.  Оны Украинада жүріп жатқан соғыс қимылдары толық дәлелдеуде...

Жаңа әскери доктринаға Қазақстанның географиялық жағдайы әсер ете ме?

Қазақстан өз территориясының үлкендігіне және әртүрлі ландшафты болуына байланысты, әлемде бұрын соңды болмаған, тек «Қазақстан үшін жасалған» әскери доктринасына ие болуы тиіс. Өйткені, біздегі климаттық және географиялық ерекшеліктер, әскери ғылым саласының даму потенциалы, әскери өндірістерді құруы, авиация мен теңіз флотының дамуы, әскери инфрақұрылымдардың жасақталуы – отыз жыл бойы өз алдына даму мүмкіндігіне ие бола алмады:

  • Біздің кадрларды дайындау бұрынғыдай РФ‑мен органикалық байланыста қалып келді, НАТО елдерінде әскерилерді дайындау оған қарағанда әлсіз болды.
  • Әсери саладағы құрылымдық жүйелер мен қарым‑қатынастар ескі қалыпта сақталды. КСРО‑дан келе жатқан «дедовщина» (әлімжеттік десек болады) – сол күйі әскери ортаға вирус боп енді.
  • Бұрынғы КСРО мемлекеттерінде орын алған, ал Қазақстанда қатты өршіген коррупция мен сыбайластық Қазақстан әскерінің аяғына салынған кісен болып шықты – қағаз жүзінде бірі «О кей» болса да, әскерилердің дайындығы төмен болғаны рас. Өйткені, қазіргі әскери технологияны бір жылда меңгеру, қару‑жарақты шебер қолдану, әскери тактиканы игеру өте қиын. Сондықтан, егер «басқа іс түссе» әскерилердің кәсіби шеберлігі, патриоттық адалдығы, әділеттік принциптері жоғары деңгейден көрінеді деп айтуға жүрексініп отырамыз...
  • Біздегі білім беру саласындағы орын алған тұрақсыздық – болашақ әскери жастардың білімінің төмен болуына тікелей ықпалын тигізуде. Оның үстіне, тілдік тұрғыдағы, бірегей ұлттық менталдік тәрбие тұрғыдағы айырмашылықтар да әскерилердің өзара қарым қатынасында зиянын тигізетінін жасыруға болмас. Оның үстіне, ондай шикіліктер олардың Отандық сезіміне де көлеңкесін түсіреді – олар Отан қорғауды «қасиетті борыш» деп емес, «өткінші міндет» деп, оған атүсті қарауы да мүмкін... Біз оны КСРО кезінде бізге «өзге ұлт өкілдері» деп қарайтын әскерден жақсы білеміз, одан сабақ алғанбыз...
  • Қазақстанда алып территорияны тиімді қорғудың ең бастапқы түрі – дрондық технологияны меңгеру болып табылады. Біздің географиялық жағдайымыз бізді осыған итермелейді. Сонымен қатар бетпе‑бет ұрыс жүргізу тактикасы да біз үшін өте маңызды. Ендеше, біз әскерилерді осы салаға бөліп, олардың арасындағы үйлесімділік болуын, оларды бір‑біріне тірек бола алуын қамтамасыз ету жағына көп көңіл бөлуге тиістіміз. Мұндағы негізгі мақсат – Отанды қорғау және жауынгерлердің өмірін сақтау идеологиясы болуы тиіс.

    Қазіргі соғыста кім жеңеді?

Қазіргі соғыста кімде  кім «әуе  соғысын» жақсы меңгерсе, заманауи әскери ұшақтары көп болса, мықты спутниктік барлау жүйесін құра алса, локалды жағдайда «партизандық соғыс» жасай алса – сол жеңеді дер едік.

Әрине, ол жағдайда мынадай шарттардың орындалуы маңызды:

  • Командир – бұйрық беруші ғана емес, командир – әрбір жауынгердің әкесі де, шешесі де болуы тиіс.
  • Жауынгерлер өз өмірінің қасындағы жауынгерге тәуелді екенін біліп, өзара достар, әріптестер, тағдырластар екендерін жан‑тәндерімен сезінулері әрі ұғынулары тиіс. Әскери сабақтарда осы жағы көбірек қамтылса – осы қатынас болашақта еліміздегі жалпы азаматтық ұстанымға айналары сөзсіз.

Сөз соңы:

Әрине, мен әскери маман емеспін. Оның мол қыр‑сырын жетік меңгерген командирлер бізде аз емес. Дегенмен, өткендегі трагедиялық оқиғалар бәріміздің жанымызды күйзелткені себепті, біз өз ойымызды, яғни, әскерге қатысты азаматтық көзқарасымызды сіздермен (әскерилермен де) бөлістік. Адами тұрғыда бұл қалыпты құбылыс – аталар мен әжелер де немерелерін ойлап, оларды сағынып қайғырады...

Ал, осы ойларды әскери ұлдарымыз одан әрі дамытып кетеді, сөйтіп, елімізге қорған болатын нағыз Әскер құрады деген сеніммен осы жазбамды аяқтадым.

Ұлдарымыз айбынды болсын, қыздарымыз абыройлы болсын!

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1145
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1594