Сәрсенбі, 11 Қараша 2026
111 0 пікір 11 Қараша, 2026 сағат 23:28

Достар, бізде жақсы жаңалық бар

Менің «PARAQTA» онлайн кітапхана платформасы туралы жазбаларды Мәдениет және ақпарат министрі Арман Оразбайұлы Қырықбаев көріп, әпкем Керім Аянқызы екеуімізді кездесуге шақырды.

Кездесуде министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамалары аясында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Бізді ерекше қуантқаны – министрліктің үйлестіруімен өтіп жатқан «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық марафонының нәтижелері. Бүгінде reading-nation.kz платформасына 1,4 миллионнан астам қатысушы тіркеліп, 842 мыңнан астам кітап оқылған. Оқырмандар кітаптан алған әсерлерімен бөлісіп, өзгелерді де оқуға шақыратын 50 мыңнан астам бейнепікір жариялаған. Осындай ауқымды бастама бізге де шабыт береді!

Арман Оразбайұлы PARAQTA қосымшасының жұмысымен танысып, оқырмандардың белсенділігіне қызығушылық білдірді. Жастарды кітап оқуға көбірек тарту үшін қандай қолдау қажет екенін сұрады.

PARAQTA – кітапты бастап қана қоймай, соңына дейін оқып шығуға көмектесетін қазақстандық платформа. Мұнда қағаз кітап оқу да есепке алынады. Бүгінге дейін платформаға 15 186 оқырман тіркеліп, 1,2 миллион бет оқылған, 10 738 кітап оқылып аяқталған. Платформа аясында 180 кітап клубы жұмыс істейді.

Жобамыздың жұмыс істеп келе жатқанына 1 жыл 2 ай болды. Алты ай бұрын сайтымыз іске қосылса, екі апта бұрын мобильді қосымшамыз App Store дүкенінде қолжетімді болды.

Қазір басты қажеттіліктеріміздің бірі – кітап қорын толықтыру. Платформада авторлық құқық мерзімі аяқталып, қоғамдық игілікке өткен 150-ге жуық кітап тегін ұсынылады. Оқырмандарымыз қосымшаның өзінде оқуға болатын кітаптар көбейсе деген тілектерін жиі білдіреді.

Министрлік кітап қорын заңды негізде толықтыруға қолдау көрсетуге уәде берді. Сондай-ақ офлайн кездесулер мен бірлескен іс-шаралар өткізуге арналған алаң қарастыру мәселесі талқыланды.

Арман Оразбайұлына және министрліктің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Амангелдіқызы Құрмановаға жылы қабылдағаны, бастамамызға қызығушылық танытқаны және қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамыз!

Кітап оқудың жастар арасында кеңінен таралып келе жатқаны қуантады. Мемлекет басшысының бастамалары, мемлекеттік қолдау мен оқырмандардың белсенділігі осы игі үрдіске серпін беріп келеді. Біздің де мақсатымыз – оған өз үлесімізді қосу.

PARAQTA-ның ғұмыры ұзақ, оқырманы көп болсын! Бірге дамып, бірге өсейік!

Abai.kz

0 пікір