Жұма, 13 Қараша 2026
Бетбұрыс 101 0 пікір 13 Қараша, 2026 сағат 13:36

Әскери реформа: Қазақстан армиясы қалай өзгереді?

Суреттер: noks.kz, wikipedia.org сайттарынан алынды.

Қазақстанда ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында бекітілген ауқымды әскери реформа жоспарын жүзеге асыру басталды.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, реформа армияны басқару, әскерді даярлау, кадр саясаты мен технологиялық жарақтандыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуге бағытталады. Ұйымдастырушылық шаралар 2026 жылдың соңына дейін аяқталып, практикалық іске асыру 2027 жылдан басталады.

Осы орайда, отандық армияның жаңа келбетін айқындайтын басты бағыттарға сараптамалық шолу ұсынамыз.

САРБАЗДАРДЫ ДАЯРЛАУДЫҢ ЖАҢА 2 САТЫЛЫ МОДЕЛІ

Мерзімді әскери қызметке шақырылатын сарбаздарды дайындау жүйесі концептуалды түрде өзгереді.

6 айлық оқу орталығы: Сарбаздар бірден әскери бөлімдерге жіберілмейді. Олар алдымен 6 ай бойы оқу орталықтарында нақты әскери-есептік мамандық бойынша арнайы курстан өтеді.

Тек кәсіби дайындықтан кейін қызмет: Әскери бөлімдерге тек өз профилі бойынша тапсырмаларды орындауға толық дайын кәсіби сарбаздар келеді.

«Әлімжеттікке» (дедовщина) тосқауыл: Оқу орталықтары арқылы өту сарбаздар арасындағы бейбейімділік пен әлімжеттік сияқты жағымсыз құбылыстарды түбегейлі жоюға мүмкіндік береді.

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ СИМУЛЯЦИЯЛЫҚ ЖҮЙЕЛЕР

Армия басқарудың ескі моделінен арылып, заманауи технологияларға арқа сүйейді.

Жасанды интеллект (AI): Әскери іс-қимылдарды модельдеу және жоспарлау процестерін автоматтандыру үшін AI құралдары мен симуляциялық бағдарламалар кеңінен енгізіледі.

Шығындарды азайту және қауіпсіздік: Бұл тәсіл әскери оқу-жаттығуларға кететін бюджет қаражатын үнемдеп, жаттығу жоспарларын нақты уақыт режимінде өзгертуге және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін арттыруға жағдай жасайды.

ӘСКЕРИ КОНСУЛЬТАНТТАР МЕН ОМБУДСМЕН ИНСТИТУТЫ

Әскери қызметшілердің құқығын қорғау мен заңдылықты сақтау үшін жаңа тәуелсіз институттар құрылады:

Әскери консультанттар: Бұл мамандар әскери бөлім командирлеріне тікелей бағынбайды. Олардың басты міндеті – құқық бұзушылықтарды анықтау, сарбаздардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ сапалы тамақтану, киім-кешек және турмыстық жағдайдың сақталуын бақылау.

Әскери омбудсмен: Әскери қызметшілердің істері жөніндегі уәкілетті тұлға қызметін енгізу қарастырылуда, бұл армия ішіндегі заңдардың сақталу деңгейін арттырады.

АШЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМ

Рейтингтер мен құрғақ есептер үшін жасалатын көрсеткіштерден бас тартып, әрбір бөлінген ресурстың нақты нәтиже беруі талап етіледі.

Қорғаныс министрлігінің ақпараттық саясаты қайта қаралып, қоғаммен сенімді коммуникация жүйесі құрылады.

Әскери бөлімдерде ашық есік күндерін өткізу және жергілікті органдармен бірлесіп бастапқы әскери дайындық (БАД) жұмыстарын қайта жандандыру жоспарланған.

Сөз түйіні: Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов атап өткендей, армияның жаңартылуы тек сыртқы өзгеріс емес, мазмұндық трансформация болып табылады. Реформаның басты мақсаты – еліміздің егемендігі мен бейбітшілігін сенімді қорғай алатын заманауи, ұтқыр, жоғары технологиялық және қоғам сеніміне ие Қарулы Күштерді қалыптастыру екені әмбеге аян.

Abai.kz

0 пікір