Жұма, 13 Қараша 2026
Әдебиет 80 0 пікір 13 Қараша, 2026 сағат 13:50

Құрдастар диалогы

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Мақсат Тәж-Мұрат ағаны еске алу хақында...

– Ей, сен қайда жүрсің қазір?

– Ей деп аттарға айтады!

– Не сенен хабар жоқ, не қара қағаз жоқ... Қалайсың өзің?

– Бір әнші қарындасымыз айтпақшы, қаліміз өте жаман емес...

– Сен осы қаңғудан әлі жалыққан жоқсың ба әлі?

– Мен қаңғып жүрген жоқпын, қызмет бабымен жүрмін.

– Ол соншама не қызмет? Сені бізден басқа ешкім танымайды!

– Сен танымасаң, танитын адамдар бар.

– 40-жылдыққа келмедің, енді 45-жылдыққа кел, жұрт көрсін, біздің осындай қаңғыбас кластасымыз бар екенін!

– Сағынып қалдың ба?

– Сені сағынып не қылам, ауыл сағынады ғой сені...

– Оны кім айтты?

– Бәрі қақсайды, ауылымыздан шыққан бір жарық жұлдызымыз ғой деп...

– Дәл солай айта ма?

– Дәмесінің зорын... Өзім қосып айтып тұрмын ғой, өзімше сені мақтап...

– Өтірікші. Дым өзгермейсің сен. Алпысқа келгенше сақалыңмен өтірік айтып...

– Мен сақалыммен атамын ғой, сен сияқты жаспын деп жүрген жоқпын.

– Қартайыпсың ғой, қасқа бала!

– Әрине, біз енді ана жаққа дайындалып жатырмыз....

– Ол жақта сендерді күтіп жатқан біреу бар ма екен?

– Бар. Бірақ мен кетсем молама сенің келіп жылайтыныңды білем ғой!

– Армандапсың! Сен кетсең біреудің бірдеңесі қисаяр ма екен?

– Қисаяды.

– Сен ана жаққа кеткенде біреудің бірдеңесі кетеді деймісің, сен кетсең ел қараң қалмайды, бәріміз баратын жерге кетті дейміз ғой...

– Сенен бұрын сол жаққа барып орналаса берейін, мүмкін сосын саған көмегім тиіп қалар...

– Ол жақта ешкімнен ешкімге көмектің қажеті жоқ!

– Сен оны қайдан білесің, сол жаққа барып көргендей...

– Ол жаққа асықпа. Тізімде барсың, автобусың келгенде отырып-ақ кете бересің...

– Аман-есен тұрғанда кетіп қалған да жақсы біреуге масыл болмай...

– Қартайғаныңды мойындай бастапсың ғой?

– Қайдан білейін, бізден де жастар кетіп қалып жатқанда, ойланасың...

– Ол өмір заңы. Бірақ та, құдайға да жақсы адамдар керек....

– Сосын ғой ойланып, саған телефон соққаным. Жүрегім бірдеңені сезеді.

– Сен бұрын да сабақ үстінде екі алатыныңды да алдын-ала сезінетінсің...

– Бұл жолы басқаша сезіну. Ал сен өзің қаңғып жүріп далада қалма, қалқам...

– Мен үшін мазаланбай-ақ қой, қарғам....

– Енді сені менен басқа кім ойлайды? Не жаныңда туысқан жоқ, не жанашыр мен жоқ, жалғыз басың қайқаңдап жүрсің....

– Қорықпа, далада қалмаспын. Сен оданша ана ауылға дайындығыңды жасай бер.

– Әй, сен осы жүрісіңмен тек менің қырқыма бір-ақ келерсің-ау...

– Мүмкін. Бірақ, сен қорықпа ол жақтан. Қазір «бетінде ұяты бар, ары бар адамдар жайлап қана елеусіз жоқ болып жатыр. «Анайылық» деген сөздің мағынасын білетін жандар, бөлмеге әйел адам кірген кезде түрегелетіндер, өлеңнің бірінші жолын айтсаң, екінші жолын жалғастыра алатындар, дауласқанда, қарсы жақтың сөзін бөлмей тыңдайтындар, оқыған кітабы жайында сөйлесіп отырып өзінің аялдамасын өткізіп алатындар, ақша, дүние-мүліктің жайына келгенде сөзінің жорғасынан жаңылып, мұзға түскен тағасыз аттай түйткілденетіндер, жасы ұлғайған шағында өмір бойғы жиған ішкі сұлулығымен өңді, әдемі қалпынан айнымайтындар» әп сәтте өмірден өтіп кетіп жатыр... Оның қасында біздер кетсек, көп қиналатын адамдар аз шығар...

– Баяғыда бір пақыр айтыпты ғой, ешкінің құйыршығы тіп-тік боп үнемі арты ашық жүреді. Оны ешкім сөкпейді. Солай болуға тиіс деп ойлайды. Ал, қойдың құйыршығы бір мәрте солай көтеріліп, жалғыз рет арты ашылсыншы, бәрі шулап қоя береді. Сондықтан мен кетіп қалсам, менің артымды сен ойла, жұрт соңымнан күліп жүрмесін...

– Осыны айтты да, менің кластасым бөксесін артына, қарнын алдына тастап, ана елдегі өз кәбинетіне қарай кетіп бара жатты.... Осылай демекшісің ғой, сонда?

– Негізі менің айналамдағы адамдардың шетінен тілді-ауызды мінездері шатақ, жүйкелері жұқарған адамдар екенін білесің... Бөтен адамдарға өлердей өш болып келеді. Қит етсе салғыласып, ұрысса кетуге даяр тұрады. Кластастардың да түрі анау, мінездері де оңып тұрған жоқ. Сәл бірдеме десең, түтіп жеуге даяр тұрады. Олар керек десең, бастықты да, басқаны да пысқырмайды. Сондықтан, менің соңғы жұмысымды бөтен біреуге тапсырма, өзің айналыс.

– Сен менен бұрын кететініңе сенімдісің ғой. Ана жақтағы кісімен келісіп алғансың ба өзі?

– Жоқ, әрине... Тек кеше ауланың жанынан өтіп бара жатқан біздің кластас қисық Гүлсім маған қарап: қасқа, дымың қалмапты ғой, құлап қалма дейді.

– Сосын сен не дедің?

– Мен ішімнен - шшсс деп тістеніп...., «ауламнан енді өтпе»,- дедім.

– Жақсы болыпты! Ойнап айтқан болар.

– Ойнап айтса да ойындағын айтқаны..

– Қой, біз екеуміз осы тақырыпты алдын-ала қозғамайық. «Өз отыңды ерте өшірме» - дейді ғой...

– Онда ауылға кел. Сөйлесейік. Ертең арманда кетесің...

– Келем. Күт.

Жалғас Әділбаев

Abai.kz

0 пікір