Дүйсенбі, 16 Қараша 2026
Әне, көрдің бе? 209 0 пікір 16 Қараша, 2026 сағат 13:56

Империялық сағыныш: Ресейде Петр І мен Сталиннің «қайта тірілуі» нені білдіреді?

Коллаж: Abai.kz сайтынан алынды.

Ресейлік киноөндірістің күзгі-қысқы маусымы Кремльдің ресми тарихи тұжырымдамасымен үндесетін екі ірі жобамен ашылып отыр.

Олар — патшалық дәуірді дәріптейтін «Империяның тууы» (Рождение империи) көркем фильмі мен кеңестік кезеңді ақтауға бағытталған «Сталин» телехикаясы. Бұл туындылар кинотеатрларға шықпай жатып-ақ, ресейлік қоғам мен әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырды.

«ИМПЕРИЯНЫҢ ТУУЫ»: МЕМЛЕКЕТТІК ПРОТЕКЦИЯ ЖӘНЕ ТАРИХТЫ БҰРМАЛАУ

Режиссер Андрей Кравчук түсірген, ал продюсерлерінің қатарында билікке жақын Никита Михалков бар «Империяның тууы» фильміне бұрын-соңды болмаған әкімшілік-ақпараттық пропоганда көрсетілді.

Бюджеті 2 миллиард рубльден асатын жобаны Ресей президенті Владимир Путиннің өзі тікелей жарнамалап, Петербордағы Сарай көпіріне фильм үзінділері проекцияланды. Тіпті «Госуслуги» мемлекеттік порталы арқылы азаматтарға киноға отбасымен бару туралы хабарламалар жіберілген. Алғашқы демалыс күндері фильм 236 миллион рубль касса жинаған.

Көрермендер туындының ауқымды сахналары мен патриоттық рухын жоғары бағаласа, тәуелсіз тарихшылар мен киносыншылар фильмді «ашық насихат құралы» деп сынады.

Тарихшы һәм сыншы – Дмитрий Травин мен Михаил Эдельштейн: «Бұл фильмде тарихи шындық мүлде жоқ. Ресей империясы тек оқ-дәрі түтінінен емес, күрделі қаржылық және әкімшілік реформалардан туған еді. Ал мұндағы басты месседж:  Мемлекет — бәрінен жоғары, Батыс — жау, ал украиндер — сатқын дегеннен өзге ештеңе жоқ», - деп атап өтті.

Сарапшы Надежда Гинттің айтуынша, фильмде Петр І-дің шіркеу қоңырауларын балқыту үшін патриархтың алдында тізерлеп тұрған сәті көрсетіледі. Алайда тарихи деректер бойынша, ол кезде Ресейде патриарх мүлде болмаған (патриарх Адриан қайтыс болып, патша жаңасын тағайындамаған). Бұл — бүгінгі саяси конъюнктура мен «дәстүрлі құндылықтар» идеологиясына икемдеу үшін жасалған ашық бұрмалау.

«СТАЛИН» СЕРИАЛЫ ЖӘНЕ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ЭВОЛЮЦИЯ

Жақын күндері жарыққа шығатын 6 сериялы «Сталин» фильмі де ресейлік қоғамның қызу талқысын тудыруда. Оның режиссері — кезінде кеңестік жүйені өткір сынаған «Ит жүрегі» (Собачье сердце) фильмін түсірген, ал кейін КПРФ қатарына өтіп, радикалды-патриоттық ұстанымға көшкен 80 жастағы Владимир Бортко.

«Бүгінгі ресейлік кинотуындылардың бағытын сараласақ, екі түрлі идеологиялық жоба көзге түседі. Біріншісі — патшалық дәуірді дәріптейтін «Империяның тууы» фильмі. Мұндағы басты кейіпкер — империяның негізін қалаушы Петр І. Туындының басты идеологиялық мақсаты — күшті держава мен «сатқындыққа» қарсы күресті халық санасына сіңіру. Алайда бұл жоба қоғамда түрлі пікір тудырып, мемлекеттік қатаң жарнаманың арқасында ғана касса жинағанымен, тарихшылар тарапынан өткір сынға ұшырады.

Ал екіншісі — кеңестік кезеңді ақтауға бағытталған 6 сериялы «Сталин» жобасы. Бұл туындының басты кейіпкері — 1945–1953 жылдар аралығын қамтитын Иосиф Сталин. Авторлардың көздеген идеологиялық мақсаты — ХХ съезден кейін қалыптасқан «Сталин туралы мифті» бұзып, диктаторды қайта ақтау. Бұл ретте көрермендер мен қауымдастықтың реакциясы ерекше — әсіресе режиссердің өткен шығармашылығы мен бүгінгі түбегейлі өзгерген көзқарасы арасындағы қайшылық көпшіліктің таңданысын тудырып отыр», - дейді сарапшылар.

ГЕОСАЯСИ АСТАР: ТАРИХТЫ САЯСИ ҚАРУҒА АЙНАЛДЫРУ

Мәскеудің өнер мен кинематографияны империялық сананы жаңғыртуға жұмылдыруы халықаралық бақылаушылардың да назарынан тыс қалған жоқ. Уашиңтон мен Еуропа сарапшылары мұндай мәдени өнімдерді Кремльдің ішкі аудиторияны жұмылдыру және сыртқы саяси агрессияны ақтау стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастырады. Тарихты көркемдік тұрғыдан қайта жазу арқылы билік бүгінгі саяси шешімдеріне өткен ғасырлардан тірек іздеуде.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір