Тағы да Желтоқсан туралы...
Қазақ халқының өткен тарихы бір жағынан бабаларымыздың жанқияр ерлігіне, екінші жағынан қайғы мен қасіретке толы екені қай-қайсымызға да белгілі. Мың өліп, мың тірілген қазақ деп аталарымыз бекер айтып кеткен жоқ. Бір жағынан жоңғармен, екінші жағынан қоқанмен, солтүстіктен орыстармен, оңтүстіктен қытаймен арпалысып жүріп, білектің күшімен, найзаның ұшымен ұланғайыр жерімізді сақтап, бүгінгі ұрпақтары - бізге жеткізген бабаларымыз үшін қалай мақтансақ та, оларды қалай ұлықтасақ та, жарасады. Әрине бұл біздің өткен тарихымыз. Ал біздің бүгінгі әңгімемізге арқау болатын нәрсе, ол халқымыздың жадысынан әлі кете қоймаған, жанға түскен жарасы әлі жазылмаған, ақтаңдағы көп, айтылғанынан айтылмағаны басым, Желтоқсан мен Қаңтардың мәселесі. Нақтылап айтсақ негізінен Желтоқсанның мәселесіне тоқталамыз, ал Қаңтар туралы тек салыстырмалы түрде ғана, Желтоқсанға параллель ретінде қарастыратын боламыз. Өйткені, Қаңтар мәселесі бүгінгі күні әзір күн тәртібінен түскен жоқ. Ол елімізде, қоғамда барлық деңгейде талқыланып, зерттеліп жатыр. Құқық қорғау органдарының тарапынан тергеу және сот жұмыстары да әлі күнге дейін біте қоймаған сыңайлы. Егер Президентіміздің «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» туралы бастамалары жай сөз емес, нақты істермен дәлелденіп жатса, Қаңтардың ақиқатына толық болмаса да, бірсыпырасына көзіміз жетер деген үмітіміз бар.
Ал Желтоқсанның жағдайы басқаша. Бүгінгі күні Желтоқсан Қаңтардың көлеңкесінде қалып, бірте-бірте ұмытылып бара жатқандай әсер қалдырады. Сондықтан да бүгін Желтоқсан мәселесіне тағы да оралуды жөн көріп отырмын. Тағы да дейтін себебім, мен бұл мәселені бұрын да әрдайым көтеріп, баспасөз бетінде тиісті органдардың, қоғамның назарын Желтоқсан мәселесінің көлеңкелі тұстарына аударып келемін. Бұған дейін әртүрлі баспасөз құралдарында «Желтоқсан боздақтарының ерлігі ұмытылып бара жатқан жоқ па?» және «Желтоқсан құрбандарының алдындағы қарыздарымызды қашан өтейміз?» атты мақалаларым жарық көрген болатын. Ал бүгінгі Желтоқсан тақырыбына қайта оралуыма себеп болған қазақтың біртуар азаматы Әркен Уақтың «1986 жылғы желтоқсандағы қазақ халқына қарсы Назарбаев ұйымдастырған геноцид туралы құжаттар» атты мақаласы болатын. Өздеріңізге белгілі Әркен Уақ сол Желтоқсан оқиғасының қаҺармандарының бірі, сол кезде Алматы архитектура-құрылыс институтының кафедра меңгерушісі болып қызмет істеген, геология ғылымдарының кандидаты. Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін және оны ұйымдастырушы ретінде сот шешімімен 8 жылға сотталып, жазасын Колымада өтеген. Өзін жазықсыз деп есептеген ол тіпті кейін жағдай өзгерген кезде кешірім бойынша (амнистияға) шығуға мүмкіндігі бола тұрып, екі рет одан бас тартқан. Әркен Уақ тек сегіз жылдан кейін ғана толық ақталған. Түрмеден босап шыққан ол қалған өмірін сол Желтоқсанның ашылмай қалған құпияларын, айтылмай қалған ақиқаттарын ашып, халықтың назарына жеткізуге арнаған. Сол мақсатта ол өзінің барлық жиған-терген қаражаттарын әр түрлі құқық қорғау органдарының Желтоқсанға байланысты құпия құжаттарын іздеп, тауып жариялауға жұмсаған. Жинақталған құжаттардың негізінде Әркен Уақ 2000 жылы жоғарыда аталған көлемді мақаласын жарыққа шығарған. Бірақ Мәскеуде жеке баспаханада шығарылған ол кітап Алматыға жетпей, жол-жөнекей жоғалып кеткен. Авторда бар мәліметке сәйкес ол құқық қорғау органдарының арнайы қызметі тарапынан жолда тәркіленіп, кейін жойылып жіберген. Бірақ ол кітапты оқығысы келген кез-келген адам ғаламтордан іздеп табуына болады. Аталған кітапта сол 86-жылғы қазақ халқының жүрегіне жазылмас жара салған Желтоқсан оқиғасының толық хранологиясы берілген. Автордың өзінің бір сұхбатында айтқандай кітаптың алғысөзінен басқасының бәрі негізінен ресми құжаттардан тұрады. Демек кітапта ойдан шығарылған ешнәрсе жоқ. Нақтылайтын болсақ кітаптың негізгі бөлегі Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шахановтың 1989 жылғы Совет Одағының Халық депутаттары съезінің мінбесіне М. Горбачевті Аралдың проблемасын көтеремін деп алдап шығып сөйлеген әйгілі сөзінен кейін құрылған Қазақ республикасының Жоғарғы Кеңесі президиумы комиссиясының қабылдаған құжаттарынан тұрады. Аталған комиссияның сұранысы бойынша берілген республикалық партия, кеңес, қоғамдық органдарының, құқық қорғау мекемелерінің, қорғаныс министрлігінің құжаттары, қамауға алынған оқиға қатысушыларының тергеу хаттамалары, куәлардың айғақтары, бәрі сол күйінде ешқандай өзгеріссіз алынған. Әркен ағамыздың бұл мақаласында көрсетілген барлық фактылер Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» атты кітабында толық қуатталған. Жоғарыда аталған комиссия Орталықтың (Мәскеу) және сол кездегі Қазақстандағы билік басындағылардың, құқық қорғау органдары тарапынан болған айтарлықтай қысымдарына қарамастан, сол Желтоқсан көтерілісінің себебі мен салдарын анықтауға байланысты орасан зор жұмыс атқарғаннын автор айрықша атап өткен. Комиссияның қорытындысы Жоғарғы Кеңес президиумының отырысында қаралып, ешкімді міндеттемейтін формальды түрдегі қаулы қабылдаумен шектелген және қаулы да, комиссияның жүргізген зерттеу құжаттары да биліктің кейінгі назарынан мүлдем тыс қалған. Мұхтар ағамыз бен Әркен Уақ секілді желтоқсан қатысушыларының, басқа да ұлт жанашырларының, әлсін-әлсін мәселені әр түрлі деңгейде көтеріп, билік басындағылар менен жалпы қоғамды сілкіндіргісі келген әрекеттері тарс жабылған есіктерге соғылып, жаңғырық ретінде олардың өздеріне қарсы қысым көрсетумен аяқталған. Өйткені ол кезде билік басында Назарбаевтан бастап, Желтоқсанға байланысты репрессияға тікелей қатысқан барлық жоғарғы шенді тұлғалар отырды. Бұл мәселені көтеруге сол кезде елімізде толық тиым салынғанымен, демократия қағидасымен өмір сүретін батыс елдерінде, туысқан Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, тіпті көршіміз Ресейдің өзінде қазақ жастарының тоталитарлық жүйеге қарсы бас көтеруі үлкен қолдау тапқанын атап өткен жөн. Осының бір мысалы ретінде сол кезеңде демократиялық көзқарастағы Ресейдің белгілі тұлғалары: академик Сахаровтың, Анатолий Собчактың, Борис Ельциннің, Расул Ғамзатовтың, Давид Кугультиновтың Мұхтар ағамызға орасан зор қолдау көрсетіп, қасынан табылуын айтсақ та жеткілікті. Сол уақыттан бері бүгінгі күнге дейін Желтоқсан тақырыбына табу жарияланып, ол туралы сөз қозғаудың өзі қауіпті болатын. Тек соңғы уақытта ғана, нақтылай айтсақ Назарбаев тағынан түсіп, билікке Қ-Ж.К. Тоқаев келгеннен бері, әсіресе Қаңтар қасыретінен кейін, осы қазақ халқы үшін жүрегіндегі жазылмайтын жара болып тұрған мәселенің ашылмаған ақиқаттарына көзіміз жете ме деген үміт оянған болатын. Бірақ өкінішке орай әзір ол мәселенің анық-қанығына жеткісі келіп, білегін түріп кірісетін тұлғалар билік басындағылардан да, халық қалаулылары-депутаттар арасынан да ешкім болмай тұр. Тіпті еліміздің тәуелсіз ақпарат кеңістігінің белді медиа серкелері – Гүлжан Ерғалиева, Самал Ибраева, Вадим Борейколардың өзі Желтоқсан мәселесіне келгенде түсініксіз дәрменсіздік танытуда. Бәріміз де Қаңтар мәселесімен айналысқымыз келеді, депутаттар да, журналистер де, блогерлер де. Ал Желтоқсан мәселесі сол Қаңтардың көлеңкесінде қалып, ұмытылып бара жатқан сияқты. Бұл жерде мен Қаңтардың қайғысын, оның бүгінгі күнгі қоғамымыз үшін маңыздылығын төмендеткім келіп отырған жоқ. Тек менің айтайын дегенім, біздің тарихымызда орын алған барлық қайғылы оқиғалар ұмытылып, жабулы қазан жабулы күйінде қалмауы тиіс. Егер біз бүгін Желтоқсанды жауып тастасақ, ертең Қаңтар да сондай күйге түсуі мүмкін. Және де бір айта кететін нәрсе, ол Қаңтар оқиғасы кеше ғана көз алдымызда болған, оның көп жағдайлары белгілі. Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандардың саны белгілі, аттары аталған, түстері түстелген. Олардың денелері туыстарына берілген, ақ жуып жерленген. Ал Желтоқсан қыршындарының саны да осы күнге дейін, кезінде Г. Колбин айтып кеткен, ресми деректегі үш-төрт адамнан басқасы, белгісіз. Әркен Уақтың мәліметі бойынша жоғарыда аталған комиссияның қорытындысының 14 тарауында көрсетілгендей, Кеңестер одағы Ішкі істер министрлігінің Орта Азия мен Қазақстан бойынша ішкі әскерлер басқармасының жедел (оперативтік) бөлімінің бастығы полковник Н.М. Щербатов 21 желтоқсан күні болған жиында барлығы 168 адамның қаза болғанын жария еткен. Бұл мәлімет сол жиынның хаттамасында көрсетілген. Сонымен қатар, комиссияның зерттеу жұмысы кезінде жүргізілген тексеру барысында Алматы қаласының «Западный» қорымында Желтоқсан оқиғасынан кейін Ішкі істер министрлігінің арнайы қызметтері 58 аты-жөндері белгісіз мүрделерді жерлегені белгілі болған. Ал комиссия мүшелері жауап алған ішкі істер әскерлері мен ерікті халық жасақтарының мүшелерінің хаттама арқылы ресімделген түсіндірмелерінде сол Желтоқсан күндері Брежнев атындағы алаңды демонстранттардан тазартудан кейін жүзден аса адамның денелері қалғанын, олардың бәрін сыртқы киімдерін шешіп, жүк машиналарына тиеп, қаланың сыртына апарып, тұрмыстық қоқыс жинауға арналып қазылған орға тасталғаны айтылған. Ал жоғарыда аталған Западный қорымында жерленген 58 адам, ол шамасы алаңнан тірі кетіп құқық қорғау органдарының изоляторларына жеткізілген және көшеден жазықсыз ұсталған, тергеу кезінде ұрып-соғудан қаза болған адамдар болуы мүмкін.
Айта берсек Желтоқсанның қаны сорғалап тұрған мәселелері жеткілікті. Желтоқсан оқиғасына аз уақыттан кейін 40 жыл толады, ал еліміздің тәуелсіздік алғанына да 35 жыл толыпты. Зұлымдық империясы (Империя зла) аталған Кеңестер одағы да тарихтың еншісіне кетті, ал біздің елдегі сол империяның бір тірегі Назарбаев та жоқ бүгінде билікте. Бірақ Желтоқсан ақиқатына әлі көзіміз жетпей келеді. Қанша боздақтарымыз аттары аталмай, түстері түстелмей, ақ жуылып көмілмей, құран оқылмай «братской могилада» жатыр. Көзі тірісінде қаншама шырылдап, Желтоқсанның ақиқатына біздің көзімізде жеткіземін деген Әркен мен Мұхтар ағаларымыз, жандары жаннатта болсын, қазір арамызда жоқ.
Осыдан үш жыл бұрын бір шаруалармен Әзірбайжан астанасы Баку қаласында болдым. Үш-төрт күн қалада болғанымды пайдаланып, қаланың көрнекті жерлерін араладым. Негізі әзірбайжан халқы біз сияқты мәңгүрттікке салынбаған, ешкімге жалтақтамайтын халық қой. Өткенін, тарихын, тілін, дінін қатты силайтын, оларды лайықты деңгейде ұлықтап жүрген халық. Бакудің сондай көрнекті жерлерінің бірі «Шаһидтер аллеясы» деген жер екен. Бакудің ең бір әдемі жерінде, біздің Алматыдағы Көктөбе сияқты таудың бөктерінде орналасқан, жалпы аумағы бес-алты гектардай жерді алып жатыр екен. Сол жерде Әзірбайжанның тәуелсіздігі үшін жанын берген боздақтарға арналған, әр кезеңге жеке-жеке жасалған аллеялар бар. Большевиктердің репрессиясы кезіндегі құрбандар, екінші дүние соғысында жан бергендер, кейінгі 1990 жылғы Бакудегі, 1992 жылғы Хожалы қырғындарының құрбандарының әрқайсысына арнайы мәрмәр тақта қойылып, онда олардың суреттері, аты-жөндері, туған, қаза болған жылдары және қандай жағдайда қаза болғаны туралы мәліметтер көрсетілген. Бакудің тұрғындары мен қонақтары келіп, оларға тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып кетіп жатыр. Аллеяның жанында әп-әдемі шағын мешіт салынған. Кіріп, сол жерде жатқан аруақтарға құран бағыштап шықтық. Міне тәуелсіз мемлекет деген осындай болуы керек. Осыдан кейін бір жағынан Әзірбайжан халқының, олардың билік басындағыларының, елінің өткен тарихына осындай тамаша көзқарасына шын ризашылығымызды білдірсек, екінші жағынан сондай бір қызғаныш сезімі пайда болады. Неге әзірбайжан халқының қолынан келеді осындай істер, ал біз еліміздің тәуелсіздігі үшін жанын пида еткен боздақтарды тек қана 16-17 желтоқсан жақындағанда ғана еске аламыз. Онда да жалпылама жағдайда ғана.
Біздің қоғамда орын алған бір жағымсыз әдет бар. Ол өткен кезеңдеріміздегі, тарихымыздағы қасіретті, қанды жағдайларды зерттеп, лайықты бағасын бермей, жылы жауып қоя салу. Сонау ашаршылықтан бастап, большевиктердің саяси репрессиясы, осы әңгімемізге арқау болып отырға Желтоқсан көтерілісі, Жаңаөзен қырғыны, Арқанкерген оқиғасы, кешегі ғана болған қаны сорғалап тұрған қаңтар, осылардың бәрі көптеген адам опат болған, шындығы ашылмаған қанды оқиғалар. Қазақта «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қанатты сөз бар. Елімізде бүгінгі күні сыбайлас жемқорлықтың шегіне жетуі, бар байлығымыздың игілігін дұрыстап көре алмай, қарызға белшемізден батып отыруымыз, тіпті осы Қаңтар мен Жаңаөзендегі қырғындар да мүмкін осы қыршын жастардың аруақтарының риза болмай жатқанынан шығар. Елімізде соңғы жылдары көптеген өзгерістер болып жатыр. Саяси, әлеуметтік, экономика және де басқа салаларда болып жатқан айтарлықтай жағымды жаңалықтарға куә болып жатырмыз. Ескі Қазақстанның кезінде шешімін таппаған көптеген жауыр болған мәселелер шешіліп бастағанын көріп отырмыз. Бұл өзгерістер бізге, ұлт жанашырларының көкірегіне үміт отын шашқандай әсер беріп отыр.
Егер жоғарыда айтылған Желтоқсан қасіретіне қайта оралсақ, бұл мәселені жаңадан құрылған Парламентіміз, Құрылтай деңгейінде қайта көтеріп, депутаттық комиссия құрып, бар шындықтың бетін ашып, сол еліміздің тәуелсіздігі үшін жандарын берген жастардың алдындағы қарыздарымыз бен парыздарымызды өтейтін уақыт келген сияқты.
Сәмет Байқоңыров, зейнеткер
Abai.kz