Қобызшы Жаппас Қаламбаев
Қазақтың көне тарихымен бірге жасасып келе жатқан қасиетті қобыз аспабының ел арасында кеңінен таралуына өлшеусіз үлес қосқан, Қорқыт пен Ықыластың өнерін ілгері жалғастыруға бүкіл саналы ғұмырын арнаған Жаппас Қаламбаев 1909 жылы наурыз айында қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында өмірге келеді. Тарихта бұл өңір Қоқан хандығына қараған жерлерді орыс патшалығы өзіне бағындырып алған кезде Сырдария губерниясының Түркістан уезіне енген болатын. Арқадағы Шымкент уезіне біріктірілген старшыны Баспақ Тиесовтің болыстығына тіркелген тұрғындардың тізімінде атақты қобызшы Ықылас Дүкеновтің де барлығын тарихи құжаттар дәлелдейді. Шу және Талас өзендерінің төменгі сағасын мекендеген көшпелі елдің ішінде Ықылас пен Сүгір күйшілердің ауылы аралас, қойы қоралас болып жүргенін көнекөз қарттар да әңгімелейді. Сол ұлы күйшілердің өкшесін алып, дүние есігін ашқан Жаппас Қаламбаевтың да төрт түлік малды тіршілік көзіне айналдырған дала қазақтарының тұрмыс ауанымен Бетбақдала, Сарыарқаны ен жайлап, Мойынқұм, Көкшеқұмды қыстап шығатын қалың елдің арасында балалық шағы өтеді. Жиырмасыншы ғасырдың басында Созақ ауданында құрылған Түркістан уезінің он екі болыстан тұратын елінің Үлкен Шу болысына Таманың Дәулеткелді, Қызылқұрт аталарының ұрпақтары енген.
Қазақтың көне тарихымен бірге жасасып келе жатқан қасиетті қобыз аспабының ел арасында кеңінен таралуына өлшеусіз үлес қосқан, Қорқыт пен Ықыластың өнерін ілгері жалғастыруға бүкіл саналы ғұмырын арнаған Жаппас Қаламбаев 1909 жылы наурыз айында қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында өмірге келеді. Тарихта бұл өңір Қоқан хандығына қараған жерлерді орыс патшалығы өзіне бағындырып алған кезде Сырдария губерниясының Түркістан уезіне енген болатын. Арқадағы Шымкент уезіне біріктірілген старшыны Баспақ Тиесовтің болыстығына тіркелген тұрғындардың тізімінде атақты қобызшы Ықылас Дүкеновтің де барлығын тарихи құжаттар дәлелдейді. Шу және Талас өзендерінің төменгі сағасын мекендеген көшпелі елдің ішінде Ықылас пен Сүгір күйшілердің ауылы аралас, қойы қоралас болып жүргенін көнекөз қарттар да әңгімелейді. Сол ұлы күйшілердің өкшесін алып, дүние есігін ашқан Жаппас Қаламбаевтың да төрт түлік малды тіршілік көзіне айналдырған дала қазақтарының тұрмыс ауанымен Бетбақдала, Сарыарқаны ен жайлап, Мойынқұм, Көкшеқұмды қыстап шығатын қалың елдің арасында балалық шағы өтеді. Жиырмасыншы ғасырдың басында Созақ ауданында құрылған Түркістан уезінің он екі болыстан тұратын елінің Үлкен Шу болысына Таманың Дәулеткелді, Қызылқұрт аталарының ұрпақтары енген. Олар - Бұзау, Жалпақ, Есенқара, Барақ, Жолдыбай, Өтеміс, Қойлыбай, Ерназар, Қошқарбай, Айдар-Балта, Сартама болып келеді. Кешегі шертпе күйдің шебері Сүгір де, оның шәкірттері Жаппас та, Ергентай Борсабаев та Бұзау ата ұрпақтары болып келуінің өзі бұл әулетке Қыдыр атаның қоңыр қобыз бен домбыра аспабын теліп кеткендігі туралы аңыз әңгіменің шындыққа жанасатынын байқатады. Сүгірдің түсіне Қыдыр ата еніп: "Көген аласың ба, домбыра аласың ба?" деп сұрағанда қалақтай қара домбыраны қалап алғаны, бала кезінде Қыдыр ата қобыз сыйлап кеткен Ықылас күйші де сүйек жағынан бұл әулетке ұзақ емес.
Жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп-қонып жүрген елдің ішінде қоңыртөбел тіршілігін күйттеп жүрген үлкен аталары Қаңтарбайдан - Ысқақ, Иса, Қаламбай, Жақып атты төрт ұл дүниеге келсе, Қаламбайдан да төрт ұл - Қасымбек, Аппаз, Әубәкір, Әмзе туады. Ел ішін қызыл шешек жайлаған қиын кезде Қаламбайдың өзге ұл-қыздары болған да шығар, солардың ішінде қатарға іліккендері осы балалар еді. Туабітті бауырын жерден көтергеннен жоқшылық тауқыметін көріп, талпынған жас балалардың еті тірі болып өседі. Тұңғыш ұлы қашанда ата-анасына бөлекше ыстық көрінетіні белгілі. Жаппастың төрт-бестегі кезінде әкесі Қасымбек үй іргесінде балтамен ағаш шауып жатқанын байқап: "Әке, не істеп жатырсыз?" деп сұрайды. Сонда Қасымбек: "Балам саған лайықтап домбыра шауып жатырмын!" деп жауап береді. Қасымбек баласының ән-күйге әуестігін ерте бастан сезсе керек. Шағын денелі Жаппас та өте аңғарымпаз, сергек болып өседі. Жаппас әуелі қолына домбыра алып, бұл аспапты тез меңгеріп кетеді. Әкесі өзінің қара қобызын қолына сирек алатын. Бұл қобыз бәлкім ертедегі ата-бабаларынан қалған көне мұра да болар. Кешкілік ас ішіп, бастары қосылып отырған сәттерінде қара қобыздың қылын шайырлап, еспесін нықтап, ыңырантып шалған кездері есінен кетпейді. Қорасындағы азын-аулақ ұсақ малының жайын ойлап, ел қатарлы тіршілік кешіп жүрген Қасымбектің күш-қайраты қайтпаған кезінде төтеннен кесел жабысып, төсек тартып жатып қалады. Әуелгіде ауруға дес бермей ертең, арғы күні тұрып кететіндей көрінгенмен кеселі құрғыр қыл бұрауды мықтап салса керек, күннен-күнге буын-буынды алып, еңсесін көтертпеуге айналады. Қамшының сабындай қысқа өмірінің тым ерте тұйықталып, татар дәм-тұзының таусылып келе жатқанына көзі жеткен Қасымбек буыны қатпаған бала болса да келешегінен көп үміт күтетін ұлы Жаппасты шақырып алып, соңғы сөзін айтады:
- Мына қара қобыз атамнан қалған, көзімнің тірісінде шаң жуытпай сақтап келе жатқан асыл мұраны өзіңе аманат етіп қалдырғалы отырмын. Құлыным, ата-бабамыздан қалған қылқобызды көзіңнің қарашығындай сақтап жүргейсің! Бұл қара қобыз сенің алдағы өміріңе таусылмас азық болар деп ойлаймын! - дейді қамығып.
Қара қобыздың матадан тігілген сыртқы қабын шешіп, шанағын маңдайына тигізеді де қайта салып, бір жапырақ болып мұңайып отырған ұлына ақырын ұстата берген. Ақыреттік сөзін айтып, ағайын-туыспен үнсіз жатып қоштасып, тіктеп келген ажалды қасқайып қарсы алған еді.
Қаршадайынан жетімдік тауқыметін тартқан Жаппас інісі Жарылқасын екеуі ауыл адамдарына ілесіп, 1919 жылы Түркістандағы жетім балалар үйіне келеді. Әкеден айырылып, ішер асқа, киер киімге жарымай жүрген тек бұлар ғана емес екен, жетім балалар үйінің іші-сырты толып жүрген көгенкөз жетімдер. Сонау Қызылордадан бергі жердегі, Түркістанның төңірегіндегі ауыл-аймақтан әке-шешелерінен аштықта айырылып қалып, жамағайындары тапсырып кеткен жүдеп-жадаған, құрсақтары қабысып, көздерін кіреуке шалған балалар жетерлік. Ашылғанына көп бола қоймаған жетім балалар үйінде төсек-орын, ас-ауқат да жетісе бермейді екен. Жаппас сияқты ересектері кішкентай балаларға орындарын беріп, жаз маусымында үйдің іргесіне, аулаға төсегін көтеріп келіп, жантайып жата кететін кездері де жиі кездесті.
Сабақтан босағанда ермегі ауылдан серік етіп алып шыққан әкесінің қара қобызын қолына алады. Соңынан өзі қатарлас жетім балалар шұбырып еріп, қаланың орталық көшелеріне қарай беттейді. Адам аяғы үзілмейтін орталықтағы базардың кіреберіс қақпа аузына жайғасып отырып алып, қара қобызды аңыратып шала бастайды. Қарсы алдына түгі аладақ болып түскен көнетоз ты-мағын төңкеріп қояды. Қорқыт пен Ықыластың күйлерін бірінен соң бірін толғап тартып, аңырата жөнеледі. Үлкен қақпаның аузында ырғай-ырғай күй толғап отырған қаршадай бала әрі-бері өткен жандардың ықыласын еріксіз өзіне аударады. Қобыз үні бойларын алып, қаршадай баланың қара қобызды есілтіп тартуы қызық көрінеді. Қалталарына қол салып, қойын-қонышынан түйілген ақшаларын алып, шетінен шығарып, тиын-тебен, жапырақ-жапырақ теңгелерді баланың алдындағы бас киімге тастайды. Арадағы ілкі сәт үзілісте сырттай бақылап тұрған балалар Жаппастың қасына жетіп келіп, тымақтағы ақшаны төңкеріп алып кетеді. Көне бас киімнің ішіне қанша ақшаның түскенімен Жаппастың шаруасы болмайды. Қолын суытып алып, тағы да қара қобызды шалуға кіріседі. Түскен табысты алып кеткен балалар қалың елдің арасына сіңіп жоқ болып кетіп, біраздан соң осы төңірекке қайтып жиналады. Қолдарында жапырақ-жапырақ тандыр нан, қауын-қарбыздың тіліктерін езулерінен суын сорғалата ағызған, тауықтың етін сирағынан ұстап, ашқарақтана жұлмалағанын сырттай байқап қалатын. Құрсағы тойып ас ішіп, әріп танып көзі ашылып қалғанда Түркістандағы жетім балалар үйі жабылып қалды. "Енді қайттік? Ертеңгі күніміз не болмақ?" деп аңтарылған жетім балалар көшеге шұбырып кетеді. Күзге салым базар, шайхана, темір жол бекетінің төңірегін жағалап, қара қобызын ұзақ шалып отырғанмен мардымсыз тиын-тебен түсетін болды. Өзге ашөзек жетім балаларға талғажау тауып бермек түгілі өзі де бүйірі томпайып ас ішпейтін жағдайға жетеді. Күнкөріс қиындап кеткен соң білімнің соңына түссем деген үміті көмескіленген Жаппас қайтадан елге оралады. Бұл кезде Жаппас қара қобызын жанынан бір елі тастамай жүріп, домбыраға қолы біраз суып та қалған еді. Ауыл аймаққа сыйлы Сүгір күйшінің үйге соғып, ықылас білдіргені Жаппастың көңілін өсіріп жіберді. Күйші жас баланың бойындағы ұшқынды көптен сезіп жүрген еді. Ауылдағы жиын-тойда естияр жандармен бірге жүретін Сүгір күйшінің маңайын жиі төңіректейтін болды.
- Мына Түркістаннан келген, қала көрген балаға домбыра тартқызсақ қалай болар екен? - деп көпшілікке көз қиығын тастап қоятыны бар.
- Жаппас домбыра тартушы ма еді?
- Оның қолынан қобызы түспеуші еді ғой! - деген сөздер естіліп қалады.
- Домбыраны тартса қобыз шалатындар тартсың! - деп Сүгір Жаппасты қайрай түседі.
Жиылғын ел таңырқасып, тым-тырыс болып қалғанда Жаппас та қолына домбыра алып, Сүгір күйшінің сазы көңілінде жатталған күйін шертеді.
Елдің беделді азаматтарының мал-мүлкін тәркіліп, ит арқасы қияңға жер аудару, салық түрлерін көптеп салып, наразылық білдіргендерді Созақтағы абақтыға жауып тастау сияқты шолақ белсенділердің залымдық іс-әрекеттері шегіне жетіп, халық еріксіз қолына қару алып, әділетсіздік пен зорлық-зомбылыққа қарсы шығады. 1930 жылғы ақпан айының басында бұрқ ете қалған тарихта "Созақ көтерілісі" деген атпен белгілі болған бүліншіліктің басшыларының көпшілігі де Сүгір күйші мен Жаппастың ауылдас туысқандары, Тама руларының белді азаматтары - аз күндер хан болып сайланған Шалақұлы Сұлтанбек пен бас сардары болған, атақты мерген Аралбайұлы Салықбай болатын. Халықтың бұл бас көтеруі бодандыққа, жаңа жүйенің қанды шеңгеліне қарсы шығып, бостандыққа ұмтылған жанайқайы еді. Кеуделерін кек кернеп, ашу-ызадан булыққан елдің азаматтары алдын-ала келісілген уақытта - ақпанның 7 жұлдызында таң ата бас қосып, аудан орталығы Созақ қыстағына басып кіріп, "Шаш ал десе, бас алатын" шолақ белсенділерді қолға түсіріп, жаппай сабау, кек қайтаруға қызу кірісіп кетеді. Бас көтерушілер қолына не түссе сонымен - шиті мылтық, таяқ, орақ, балта, айырмен қаруланып, кеңселерді, кооперативтерді, қамба мен дүкендерді тонайды. Абақтының есігін бұзып, қамауда жатқан адамдарды босатып алады. Көшеге шыққан көтерілісшілер маңдайларын ақ сұрыппен байлап, ақ ту көтеріп, кеңес орындарына басып кіріп, шаш қойған қызметкерлерді ұрып-соғып, көшеге алып шығып, аяусыз жазалайды. Артынша Созаққа қарай қаптаған бақайшығына дейін қаруланған қызыл әскер көтерілісшілерді аяусыз қырғынға ұшыратады. Бұдан кейінгі сахара елінің өмірі аянышты еді. Бұрын-соңды мұндай қиямет-қайымды көрмеген халық төбесінен жай түскендей ата жұртын тастап топ-топ болып, жаяу-жалпылы күнгейді бетке алып, "Кіші Октябрьдің" зардабынан тоз-тозы шыққан ел Өзбекстан мен Тәжікстанға, Түркіменстанға қарай үдере қашады.
Созақ көтерілісі басталғанда оның басшылары шыққан және кіндігі болған №12 ауылда Сүгір күйші мен Жаппас Қаламбаевтар тұрып, өмір сүргенімен олар көтеріліске қатыспай тысқары қалады. Сол жылы Сүгір күйшінің жасы 52-лерде, ал Жаппас болса 21-дегі тепсе темір үзетін, бойында күш-қайраты тасқындаған қылшылдаған жігіт кезі болатын. Көтеріліс туралы қағаз бетіне түскен тарихи деректерден, сол қанды оқиғаның басы-қасында болған көптеген көнекөз қарттарың айтқан әңгімелерінен қос өнер иесінің көтеріліске қатысқаны туралы ешбір деректі кезіктіре алмадық. Жаппас Қаламбаев өзінің ауылдасы әрі туысқаны, бәрінен де рухани жақын ұстазы Сүгірдің қас-қабағына көбірек қараған болса керек.
1934 жылы Алматыда өтетін халық таланттарының бүкілқазақстандық слетіне қатысуға оңтүстіктің шалғайындағы Созақ ауданынан да өнерлі жандар іздестіріле бастайды. Ауыл-ауылдағы өнерлі жандардың бұл тізіміне алғашқылардың қатарында Сүгір мен Жаппастың да есімдері ілінген болатын. Сүгір күйші Алматыға барып, өнер көрсетуге құмбыл болмады. "Бір ауылдан екеуміздің бірдей барғанымыз жараспас, сенің жасың кіші ғой, өзің барып бағыңды сынап қайт!" дейді Жаппасқа. Бұл оның өзінің өкшесін алып, бойындағы өнерін ұштап келе жатқан жасқа жолын бергені, тілектестік білдіргені болса, екінші жағынан кешегі Созақ көтерілісінде төңірегіндегі жақын жандарды қынадай қырып салған кеңестің солақай саясатына әбден зәрәзәп болып қарайған көңілінің қара бұлты әлі ыдырай қоймаған еді.
Бүкілқазақстандық халық таланттарының тұңғыш өтетін слетіне жер-жерден өңшең өнерпаздар бас қосады. Әуелі құдай, ата-бабаларының рухы қолдап, бойындағы өнерін ірікпестен үлкен сахнада көпшіліктің талқысына салуға жол ашылады. Сол жылдары жарық көрген газет-жорналдар астанадағы Бүкілқазақстандық халық таланттарының тұңғыш слеті күндерінен жаңалық хабарларды жамырай жазады.
"Әсіресе, Оңтүстік облысы Созақ ауданынан келген бір жас жігіттің қобыз тартқаны жұртты өте ынтықтырды. Бұл Қаламбайұлы деген жолдас. Қобызбен "Жез киік", "Аққудың атылуы", әсіресе "Қасқырдың ұлығаны" деген күйлерді тартқанда таң қалмаған адам болмады. Жаппас көркемөнерші қобызымен "Өз күйім" деген күйді тартты. Бұл "Өз күйі" өзінің қобызшылық тәжірибесіне қарап тапқан табысы болса керек, сондықтан өзі де атын "Өз күйім" деп тартып отырғаны сол көрінеді" деп жазады "Социалистік Қазақстан" газеті 1934 жылы 16 маусым күні.
Жиырма бестегі жалындаған жас жігіт Жаппас Қаламбаев үлкен сахнаға тек қобызда күй толғаймын деген оймен шығып, елдің қошамет-ілтипатына көңілі шалқыған соң өзі жақсы көретін "Жалған-ай" әнін де шырқап жіберсе керек. Қобыз үнін баяулатып, даусын қаттырақ шығарып шырқаған ән әуезі жүректен тербеп, құйқылжи естіледі. Әрі қобызға қосылып, ән шырқағаны тосын көрініп, көпшілік ел риза болып, дуылдата қол соғады. Концерттен соң ауылдан келген талантты жасты қаумалап, жөн-жосық сұрасқан жандар да көп болды. Ұлттық өнердің білгірі, оқымысты-ғалым Ахмет Жұбановпен де осы сапарында жүздесіп, тілдесуінің сәті түскен. Осы Алматыға жолы түскен өнер сапарында Қазақстанның түкпір-түкпірінен өнер жолын қуып келген сирек дарын иелері Дина Нұрпейісованы, Оқап Қабиғожинді, Лұқпан Мұхитовты, Қали Жантілеуовті, Дәулет Мықтыбаевты, Әбікен Қасеновті, Ғарифолла Құрманғалиевті алғаш көріп, тілдесудің сәті түседі. Ел арасындағы талант иелерін тауып, олардың өнерін ұштай түсу, қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған слетте ерекше көзге түскен жас өнер иелерін Алматыға алып қалып, жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан өнер ұжымдарына орналастыру да қолға алынған болатын. Ахмет Жұбановтың тікелей жетекшілігімен ұйымдастырылған Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестріне қобызшы болып жұмысқа қабылданады. "Адамды орта билейді" деген тап рас екен. Алғашқы өнерпаздардан біріктірілген ұлт аспаптар оркестрінде қызметке кіріскенде халық таланттарының қайта дайындаудан өтуіне тура келді. Көп аспаптың басын қосып, бір үнмен толғау үшін музыкалық сауаттылығы ала-құла жандарды оқытып, бағыт-бағдар беруде академик Ахмет Жұбанов бастаған білікті мамандардың көп тер төгуіне тура келді. Ахаңның басшылығымен оркестрде қылқобыз тобы ашылып, оған Жаппастың өзі жетекшілік етеді. Қобыздың оркестрге лайықталған үлгілерін жасау шеберлер Романенко мен Қамбар Қасымовқа жүктеледі. Өнерпаздардың көпшілігі оркестрде жұмыс істей жүріп, ара-арасында консерваторияда музыкалық сауат ашуға ден қояды.
1936 жылы мамыр айында Мәскеу қаласында өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің күндеріне Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің құрамында оркестрдің жеке орындаушысы және әртісі ретінде қатысқан қобызшы Жаппас Қаламбаевтың өміріндегі елеулі кезеңдердің бірі болды. Академик Ахмет Жұбановтың басқаруымен ұлт аспаптар оркестрі Құрманғазының "Сарыарқа", "Адай", "Серпер", "Көбік шашқан", "Қосалқа" күйлерін асқан шеберлікпен орындайды. Сол кездегі Одақтан шығатын газеттер: "Концертте оркестр мен әншілер ғана емес, екі тізесінің арасына қойып ысқымен ойнайтын қобыздар да ән салды" деп жазған еді.
1941 жылы тыныш жатқан елге фашистік Германия тұтқиылдан шабуыл жасағанда Отан қорғауға ұлт аспаптар оркестрінің құрамындағы біраз өнерпаз - ер азаматтар да майданға аттанады. Өнер ұжымының қатарын толықтыру мақсатында Қали Жантілеуов пен Лұқпан Мұхитовтармен бірге Жаппас Қаламбаев та ел аралауға шығып, талантты жастарды іздестіреді. Олар республика облыстары мен аудандарынан біраз жастарды алып келіп, өнерге баулиды. Жаппас Қаламбаев Алматы қаласындағы мектеп оқушыларын аралап, №38 орта мектептің көркемөнерпаздар үйірмесі мүшелерінің өнерін байқап жүріп, талантты оқушы жас Фатима Балғаеваны кезіктіреді. Жаппас Қаламбаевтың ақыл қосып, бағыт-бағдар беруімен Фатима мектеп бітірген соң Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестріне келіп, еңбек етеді. Киелі қобыз өнеріне ден қойған талантты жас оркестрде ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, кейін Қазақстанның халық әртісі, профессор атағын алады. Өзі де көптеген талантты жастарды тәрбиелеуге үлес қосады.
1944 жылы Ташкент қаласында өткен Орта Азия және Қазақстан өнер шеберлерінің онкүндігінде Жаппас Қаламбаев бастап барған шәкірттері де Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің құрамында өнер көрсетіп, көрерменін риза етеді. Сол жолы оркестр өзге республикадан келген өнер ұжымдары арасында жүлделі бірінші орынға ие болады. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің құрылғанына он жыл толу құрметіне бір топ өнер шеберлерімен бірге Жаппас Қаламбаев та Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері құрметті атағына ие болады.
Акедемик Ахмет Жұбанов өзінің "Ғасырлар пернесі" атты кітабында қылқобыздың шебері Жаппас Қаламбаев туралы жылы пікір білдіреді. Атақты Ықылас қобызшының өмірі мен шығармашылық қызметі туралы мол мағлұматты осы Жаппас Қаламбаевтан алғанын да жазады.
Белгілі қылқобыз шебері Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Жаппас Қаламбаевтың 60 жасқа және шығармашылық қызметіне 40 жыл толған мерейтойы Алматыдағы Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияның кең залында аталып өтіледі. Жаппас Қаламбаевтың қылқобызда орындаған "Жезкиік", "Қасқыр", "Мұңлық-Зарлық", домбырада орындаған "Тоғыз тарау", "Жұман", "Аққу" күйлері мен өзінің "Марш" күйі, "Кең өлке" әні, "Күй толғау" романсы қазақ музыкасының алтын қорына қосылған айтулы шығармалар болып есептеледі. Жаппас Қаламбаевтың қазақтың музыка өнеріне сіңірген еңбегінің негізі Қорқыт пен Ықылас, Сүгір күйлерін қобыз шанағына түсіріп, қайта жаңғыртып жеткізе білуінде жатыр. Қылқобыздың сиқырлы үнін ғасырлар сарынымен ұштастырып, кейінгі ұрпақтың құлағына құя білуде Жаппас Қаламбаевтың еңбегі ерекше болғанын оның соңынан қалған өнер мұрасы дәлелдесе керек. Жаппас Қаламбаевтың 60 жасқа толған мерейтойы шын мәнінде қазақтың ұлттық өнерінің мерекесі ретінде аталып өтіледі.
Қазақ халқының қайталанбас қылқобыз шебері Жаппас Қаламбаев 1969 жылы 2 желтоқсанда өмірден өтеді. Өзі 35 жыл бойы үздіксіз халқына бойындағы талантымен қызмет еткен Алматы қаласының халқы арулап, соңғы сапарға шығарып салады. Қазақтың қасиетті қобыз өнерін халқына қайтаруда өлшеусіз еңбек сіңірген сирек дарын иесінің өнер деп соққан жүрегі осылайша тоқтайды.
Жаппас Қаламбаев өмірінде екі рет үйленіп, олардан тоғыз перзент сүйеді. Алғашқы әйелі Күләштан Жұман атты ұл, Дина, Жаңыл, Тәжікүл атты қыздар көреді. Тұңғыш баласы Жұманды жақсы көргендіктен ол жастай қайтыс болғанда ұлымен аттас күй де шығарады. Екінші әйелі Гүлжәмиладан Шәмшінұр, Қуаныш, Сәуле, Құндыз, Мәлік, Бақыт атты ұл-қыз сүйеді. Ұл-қыздарының көпшілігі өнерге бейім болып өседі. Осы ұл-қыздарының ішінен ортаншы қызы Құндыз Қаламбаева әке жолын қуып, өнер жолына түседі.
Жаппас Қаламбаев сол 1969 жылы қызы Құндызды А.Жұбанов атындағы музыка мектебінің бірінші сыныбына әкеледі. "Қызым сені арнайы музыка мектебіне беріп отырмын. Бұл мектепті бітірген соң консерваторияға түсесің. Оның аспирантурасын бітірген соң ұзақ жылдар өнер саласында еңбек ететін боласың! Келешекте мен сияқты өнерге еңбегі сіңген әртіс атанасың!" деген сөзді құлағына құйып кетеді. Жеті жасар Құндыз әкесінің осы сөзін құлағына мықтап тоқып алады. Әке сөзі оның бүкіл өміріне темірқазық болып қалады. Жаппас Қаламбаев 37 жасында Қазақ КСР-нің өнеріне еңбегі сіңген әртіс атағына ие болса Құндыз да 37 жасында осындай лауазымға ие болады.
Жаппас Қаламбаевтың қызы Жаңылдың өмірлік қосағы болған Созақтың тумасы Генерал Асқаров та республикаға кеңінен танылған күйші әрі сазгер еді. Мектеп бітіріп, Алматыға оқуға түсуге келіп, Қазақстанға белгілі өнер иесі, жерлес ағасы Жаппас Қаламбаевпен танысып жүріп, қобызшының қызы Жаңылмен көңілдері жарасады. Генерал Асқаровты Жаппас Қаламбаевпен де, оның қызы Жаңылмен де табыстырған әуелі құдай, одан соң өнердің киелі жолы еді.
КСРО және Қазақстанның халық әртісі, профессор Шамғон Қажығалиев: "Жаппекең болмысынан кішіпейіл, аз сөйлейтін, адамдармен тез тіл табысатын ақжарқын жан болды. Жаппекеңмен оркестрде 30 жыл бірге қызметтес болғанда бармаған, көрмеген жеріміз жоқ. Алдымен өзіміздің Қазақстанның 19 облыс, 280 аудан орталығын, 300 колхоз-совхозды аралап, өнер көрсеттік. Барлық 15 одақтас республика орталығы, Мәскеу, Ленинград, Киев, Минск, Свердлов, Новосібір, өзге де қалаларға, көптеген шетелдерге гастрольдік сапармен бардық. 1949 жылы Кремльде Сталин, 1958 жылы Хрущев,1967 жылы Брежнев бастаған саяси бюро мүшелерінің, 1957 жылы Қытайдың астанасы Пекинде Мао Цзе Дун бастаған ел басшыларының алдында концерт бердік. Осылардың бәрінде Жаппекең домбыра мен қобызда көптеген күйлер тартты, ән де айтты.
Жаппас Қаламбаев халық арасынан шыққан өте сирек талант иесі, ХХ ғасырдың үздік музыканты. Шебер орындаушы әрі дирижер, көп қырлы, бір сырлы талант иесі бола білді" десе, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Еркеғали Рахмадиев: "1967 жылы Жамбыл атындағы мемлекеттік консерваторияға ректор болып келгенде биліктегілер қылқобызды оркестрден шығарып тастағанда Жаппекеңді осы оқу орнынан қылқобыз класын ашып, жетекшілік етуге шақырдым. Қазіргі қобызшы болып жүрген Базархан Қосбасаровтар ол кісінің алғашқы шәкірттерінің бірі еді. Жаппас ағаның жасы егде тартып қалған кезі болатын. Ол уақытта барлығы Мәскеуге бағынатын заман, Жаппекеңді аға оқытушы қызметіне қабылдадым. Консерваториядағы бұрыннан 15-20 жыл оқытушы болып істеп жүрген кейбір жандар "Ректор Рахмадиев музыкалық сауаты жоқ шалды алып келіп, аға оқытушының жалақысын төлеп отыр" деп үстімнен домалақ арыз да жазды. Ол кезде домалақ арызды Орталық комитеттен де келіп тексеретін. Ал, шындығында күйді құлағымен естіп, нотаға түсіретін Жаппекеңдей тума талант қос бірдей музыкалық жоғары оқу орнын бітіргендердің арасынан да кезікпейтін. Жаппекеңнің жаратылысы өте талантты адам болатын. Қылқобызды да, домбыраны да шебер тартады. Домбыраға арнап шығарған үздік күйлері де болатын. Осындай қиын-қыстау кездің өзінде бар күшімді салып жүріп, Жаппекеңді сақтап қалдым. Бірақ бір жылдан кейін Жаппекең қайтыс болып кетті", ал Қазақстанның халық әртісі, профессор Алдаберген Мырзабеков: "Жаппас Қаламбаевтың бойындағы тағы бір ерекшелігі тек қылқобыз тартумен бірге ұлт аспаптар оркестрінде дирижерлік жасаған кезі де болды. Арнайы мамандық түрін игерместен үлкен оркестрге дирижерлік жасау екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Осылайша қазақтың қылқобыз өнерінің жарық жұлдызы Жаппас Қаламбаев туралы қобызшымен кезінде өнер соқпағында қызметтес, дәмдес-тұздас, жақын қарым-қатынаста болған, бұл күнде жас шамалары 75-85-дердегі жандардың асқан дарынды жан туралы пікірі мен көзқарасы, ой топшылауы бір арнадан тоғысып жатады. КСРО және Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенованың ол кісіні "Жібек ата" деп тектен-текке атамағанына көзіміз жеткендей болды. Көзі тірісінде ол кісіні көрмеген, бірақ аты-жөнін қылқобызының үнімен бірге естіп, жадында қатталып қалған 50-60-тардағы азаматтардың да Жаппас Қаламбаев туралы жақсы пікірде екенін аңғарамыз. "Жаппас Қаламбаев қазақ өнерінің көгінде жанған жарық жұлдыздардың бірі ғой!" деген жылы сөздерін де естідік. Ал одан жас мөлшері төмендеген сайын 20-30-дардағы жастардың қобызшы Жаппас Қаламбаев туралы түсінік-ұғымдары ала-құла болып келеді. Ұлттық насихаттың кемшілігінен болар жалғыз Жаппас Қаламбаев емес қазақ мәдениеті тарихындағы небір жақсыларымыз бен жайсаңдарымыздың есімдерін кейінгі жас ұрпақ жетік біле бермейді. Қазақстанның халық әртісі Қаршыға Ахмедияров ағамыз айтқандай, дүние салғанына 40 жыл өткен қылқобыз шебері Жаппас Қаламбаевтың зиратының әлі күнге ескерусіз, елеусіз жатқаны көп жайттан хабар берсе керек. Тіпті, қылқобыз шебері Жаппас Қаламбаевтың туғанына бір ғасыр толған мерейтойы халқының арасында көңіл толарлық дәрежеде аталып өтілмеуі, билік орындары тарапынан ешбір ынта-ықыластың байқалмауы көңілге қаяу түсіреді. Жаппас Қаламбаевтың туып-өскен Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының шалғайындағы Шу ауылында кешегі кеңестік кезеңде есімі берілген көне орта мектеп бар. Жыл сайын ескі жайды жамап-жасқаумен ауыл балалары білім алып келеді. Көне мектепті жаз айында күрделі жөндеуден өткізуге, қажетті құрал-жабдықтармен қамтуда ауылдан түлеп ұшқан Жаппекеңнің туысы, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген Алматыдағы "ГеоСтройСервис" бірлестігінің бас директоры Сыздық Борсабаев көп еңбек сіңірді. Сыздықтың ұлы күйші Сүгір Әліұлының туғанына 125 жыл және оның шәкірті Ергентай Борсабаевтың туғанына 80 жыл толған 2007 жылы Созақ ауданының орталығында ұлан-асыр ас беріп, күй өнерін насихаттаудан республикалық байқау өткізгенін жұрт жақсы біледі.
Адам баласы ертеңгі күнге үміт артуын тоқтатпайды. Мұндайда: "Уақыт бәріне төреші. Ешкімнің еңбегі ұмытылмайды, уақыт бәрін орын-орнына қояды" деген қағиданы көңілімізге қанша тоқ санайық десек те сол сирек талант иелерінің қадір-қасиетін шын сезініп өскен, халқына сіңірген еңбегінің бағасын жетік білетін көзкөрген, жақын араласқан жандар біртіндеп өмірден өтіп бара жатқанын көріп-біліп отырып, олардың келешекте шынында да лайықты орнын алатынына күдікпен қарайтын кезің болады екен. Талант иесінің нағыз бағасын беріп, өнердегі орнын айқындап кететін оның қатар өмір сүрген замандастары, халықтық дәстүрлі өнердің қадір-қасиетін шын сезініп өскен жандар емес пе деген ойға тоқтаймыз. Әуен мен сарынның түсін ажыратып, дәмін татқан Жаппастану өнері мен ілімі телегей теңіз тұңғиық әлем іспеттес.
Авторы: Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері. «Егемен Қазақстан», 386-388 (25785) 24 ҚАРАША СЕЙСЕНБІ 2009 ЖЫЛ