«Құрметтіміз» Кемеровада кемдік көріп жүр
Ауыр атлетикадан аяқталған Кореяның Гоянг қаласындағы әлем біріншілігінде құрамамыз бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті. Бірақ, дені Қытай мен Ресейден көшіп келген спортшылар еді жүлдені жиып берген. Ал, осыдан 5 жыл бұрынғы Афины Олимпиадасында ел қоржынына тұңғыш күміс медальды салған өз тумамыз, зілтемірші Сергей Филимонов нәпақасын Ресейдің Кемерово қаласында көлік айдап тауып жүр.
Ауыр атлетикадан аяқталған Кореяның Гоянг қаласындағы әлем біріншілігінде құрамамыз бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті. Бірақ, дені Қытай мен Ресейден көшіп келген спортшылар еді жүлдені жиып берген. Ал, осыдан 5 жыл бұрынғы Афины Олимпиадасында ел қоржынына тұңғыш күміс медальды салған өз тумамыз, зілтемірші Сергей Филимонов нәпақасын Ресейдің Кемерово қаласында көлік айдап тауып жүр.
Эллиндер елінің астанасындағы додада 77 келі салмақта бағын сынаған Сергей ойынның алтыншы күнінде күмісті жеңіп алды. Өз өміріндегі үшінші Олимпиадасында биіктен көрінген қазақ елінің атлеті - 1994 жылдан бері құрама тізгінін уысынан шығармаған Алексей Ни үкілеп қосқандардың ішіндегі үмітті ақтаған жалғыз спортшы еді. Атлантада 6-орын алып, Сиднейде қолаға сынық сүйем жетпеген Сергей Афиныда тек түріктің жас жұлдызы Тагир Санерден асып түсе алмады. Елге келген соң Әлем рекордшысы Олег Перепеченовты артқа тастап, Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Джан Хуганға да шаң қаптырған Филимоновқа көрсетілген құрметте шек болмап еді.. Елбасының жарлығымен «Құрмет» орденінің иегері атанып, сый-сияпаттан бас көтере алмады. Әрине, өте орынды! Олимпте жүлде жеңіп алу кез-келгеннің еншісіне бұйырмайтын бақыт. Әлем көз тіккен бәсекеде байрағымызды желбіреткен жанға қандай құрмет те лайық! ...Кенет, күміс жүлдегердің өмірінде қайғылы оқиға орын алды. 2005 жылдың жазында «Мерседес» автокөлігінің тізгінінде болған Сергей Филимонов абайсызда адам қағып кетті. Оның үстіне, ішімдік ішкені де анықталды. Қарсы машинадан түскен жарыққа көзі шағылысқан ол алдындағы жаяу жүргіншіні байқамағанын айтады. Қайтыс болған жігіттің отбасы Сергейге кешірім берген, тиісінше ол да бүкіл шығынды мойнымен көтерді. Осыдан соң ұлттық құрамаға қабылданудың қиын екені айдан анық.. Ал, Алексей Ни азаматтық жасап, дайындығын жалғастыруға рұқсат бергенмен, Энвер Түркелери шамадан тыс салмақты көтеруді міндеттеп, онсыз да істі болған жанды әуреге салған көрінеді. Отбасының да шырқы бұзылып, өмірден баз кешкен Филимонов ақыры Ресейге кетіп қалған. Мұнда ол біраз түзелгенге ұқсайды, шаруасы шатқаяқтап кеткен отбасын қалпына келтірмек ниетте екен. Ішімдіктен бой тартқанына да бірталай уақыт болыпты. Мұның бәріне сонау жаздағы оқиға сабақ болғанын мойындаған алет туған жерінің туын әлі де болса көтеруге дайын екенін айтады. Тек мүмкіндік берсе болғаны...
Біз адам өліміне себепкер болған Сергей Филимоновты ақтап алуды мақсат тұтып отырған жоқпыз. Бар болғаны бір кездері батырдан кем құрметтелмеген спортшының қазіргі халін жеткіздік. «Сүрінбейтін тұяқ жоқ». Алда кімді не күтіп тұрғанын болжау біз бітіретін іс емес. Ал, Сергейдің басындағы жағдай күні ертең кез-келгенге кездесуі мүмкін. Бірақ, кез-келген адам Олимпиадада топ жара алмайды ғой... Кешірім мен құрметке жерлестерімізідің арасында, міне, осындай адамдар ғана лайық болса керек деп түйіндегім келеді ойымды.
Айна Керім, «Абай-ақпарат»