Әшірбек Сығай: “10 миллион қазақ көргісі келетін фильм күтіп отыр”
Соңғы уақытта БАҚ-та театр және кино өнері туралы жиі көтеріліп жүр. Бұл салада дау-дамай көп, жетістігіміз де жоқ емес. Әсіресе, киномамандар қазақ қоғамының салмақты сұранысын қанағаттандыра алмай отырғаны байқалады. Осы орайда қазақ театры мен киносының қазіргі ахуалына қатысты белгілі театр сыншысы Әшірбек СЫҒАЙды әңгімеге тартқан едік.
Әшірбек СЫҒАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі театр сыншысы, «Дарабоз» журналының бас редакторы:
Соңғы уақытта БАҚ-та театр және кино өнері туралы жиі көтеріліп жүр. Бұл салада дау-дамай көп, жетістігіміз де жоқ емес. Әсіресе, киномамандар қазақ қоғамының салмақты сұранысын қанағаттандыра алмай отырғаны байқалады. Осы орайда қазақ театры мен киносының қазіргі ахуалына қатысты белгілі театр сыншысы Әшірбек СЫҒАЙды әңгімеге тартқан едік.
Әшірбек СЫҒАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі театр сыншысы, «Дарабоз» журналының бас редакторы:
- Қазіргі таңдағы қазақ театрының халі қалай?
- Бабы келмеген сәйгүлікті бәйгеге қосуға бола ма? Өнер - бәйге. Өнерде үнемі оқ бойы озық шабу міндет емес. Дегенмен де даралану керек-ақ. Дараланбаған өнер - тобыр. Өкінішке қарай, бүгінде еліміздегі әр театр дарабоз бола алмай отыр. Өйткені, олардың жұмысы қоғам мен билікке тікелей байланысты. Әртістерді киіндіру, қойылымды безендіру, декорацияны жасау, режиссерге, актерға ақша төлеу керек. Егер қомақты қаржы болмаса театр спектаклін өз дәрежесінде көрсете алмайды.
- Мемлекттік театрлар мен жеке меншік театрлардың арасында қандай айырмашылықтар бар?
- Жеке меншік театр өте аз. Болат Атабаев «Ақсарай» деген театрды ашты. Бірақ оның болашағы не болары белгісіз. Жеке залы болмағасын әр театрды паналап, жағалап жүр. Ал, «Зеркало», «Артишов» деген орыс театрлары бар. Оларды қазақ мәдениетіне, кәсіби өнеріне терең үлес қосады деп ойламаймын. Олар басқа жаққа қарап ұлиды немесе өз диаспорасы үшін қызмет етеді. Қазір теардың барлығы мемлекет қарауында. Республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегісі болсын мемлекеттің қалтасына қарап отыр.
- Театрдағы безендіру, декорация, жалпы техникалық жарақтандыру жағы қалай?
- Мәз емес. Мәселен, жақында Қарағандыда XVII театрлар фестивалі өтті, мен қазылар алқасының төрағасы болдым. 12 қазақ театры, 2 орыс, 1 кәріс театры өнер көрсетті. Сонда байқағаным, театрлардың көбінде жарық беру, көлеңке беру, жарықтандыру, нұрландыру процесі өте нашар. Бұл нені көрсетеді? Көрерменге мән бермейтіндігіміз, жарық беруші мамандар даярламайтындығымыз көрініп тұрды. Сахнада жарық арқылы жасалатын керемет айшықты көріністер жоқтың қасы.
- Еліміздегі көшбасшы театрлар ше?
- М.Әуезов атындағы драма театрдың жарығы жақсы деп айта алмаймын. Күңгірт жерде жарық болып кетеді, нағыз жарқырайтын жерде күңгірт жарық беріледі. Кеңестік дәуірдегі ескі аппаратуралар әлі күнге дейін театрда көп. Жалпы техникалық сапасы жағынан біздің сынымыз жеткілікті.
- Министрлік тарапынан өткізіліп жатқан фестивальдер нәтижесін беріп жатыр ма?
- Бұл - пайдалы. Өйткені, театрлар бір-бірін көреді, бақ сынасады, өнерін тамашалайды, бір-бірінен үйренеді, кеңеседі. Одан зиян жоқ. Егер театрлар кездесіп тұрмаса, балапан басына, тұрымтай тұсына кетіп, қазақ өнерінің бір нүктеде тоғысуы қиын болады. Бір-бірімен сайысқа түспесе, талант таныла ма? Сапа бәсекеден туады.
- Сіз бұрын орыс тіліндегі Валентин Ежовтың шығармаларын аударған едіңіз. Аударуға не себеп болды? Әлде қазақ драматургиясы бабында емес пе?
- Оны осыдан 30 жыл бұрын профессорлар Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері үшін аудартқызған. Кейін Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрының басшылығы маған қолға салғасын қайта аударып шықтым. «Мен аудармамен айналысайын, атымды шығарайын» деп аударғам жоқ, тек театрдың талабын, тапсырмасын орындау болды. Ал, аудармадан қашудың жөні жоқ. Өзгенің өнерін, мәдениетін тануға мұрындық болады. Олардың тыныс-тіршілігін, кейіпкерлерінің қазақ психологиясынан өзгешелігін байқау керек. Әйтпесе режиссерлер қалай өседі? Классика деп театрда Шекспирді, Чеховты қойып жатамыз. Осыларды аударып тұруға болады. Бірақ мұны қасақана тенденцияға айналдыруға болмайды. Біздің негізгі күшіміз ұлттық драматургияның, театрдың кәсібилігін арттыруға жұмсалуы керек.
- Қазақ драматургиясы туралы не айтасыз?
- Әйтеуір, іске татиды-ау дегендері қойылып жатыр.
- Жас мамандар, яғни драматургия жағынан жастар бар ма?
- Өте тапшы. Драматургия саласындағы жас дегеннің өзі 40 жас немесе одан да асып кетті. Ал, бұрынғы жазып жүрген майталманның көбісі дүниеден озып кетті: Оралхан Бөкей, Қалтай Мұхамеджанов, Тахауи Ахтанов, Баққожа Мұқай, Садықбек Адырбеков, Әлжаппар Әбішев, Талаптан Ахметжан. Ақселеу Сейдімбек те бірді-екілі пьеса жазған еді. Қазір драматургияның ауыр жүгін арқалап жүргендер: Дулат Исабеков, Сұлтанәлі Балғабаев, Серік Асылбеков, Иранғайып, Тынымбай Нұрмағамбетов. Бұл 4-5 адам 50 театр үшін өте аз. Ал, 25-35-тің арасында топ жарып дүркіреп келе жатқан адамды айта алмаймын. Әрине, бұл біздің кемшілігіміз. Бір-бірінің соңынан лек-легімен келе жатқан буын жоқ. Мұны сөгуге, ренжуге болмайды, бұл қиын, кертартпа жанр. Кезінде Чехов пен Әуезов ат тонын ала қашқан жанр. Әуезов сынды үлкен суреткердің бұл жанрдан жерінуі бостан-бос емес. Шекспир пьесасының өзі 35-37-ден аспаған.
- Қазақстан театр қайраткерлері одағы не атқарып жатыр?
- Басшылық ауысып жатыр, болшақта не атқаратынын көре жатармыз. Өнертанушы Еркін Жуасбектің орнына Тұңғышбай Жаманқұлов басшы болып келді. Ал, керемет жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймын.
- Сіз «Көшпенділер» фильмінің премьерасында «Қыз Жібектен» артық қазақ фильмін көрген емеспін деп едіңіз. Содан бері қанша уақыт өтті, қаншама фильм түсірілді. Осы ойыңыздан айныған жоқсыз ба?
- Ұлттық иіс, әсемділік жағынан «Қыз Жібек» бірінші орында. 1970 жылы шыққанмен бүгінге дейін құндылығын жоғалтпай отыр. Жақында «Біржан салды» көрдім. Әнімізді, жерімізді, әдемілігімізді, қыздарымызды, ұлдарымызды көріп марқаясың. Жалпы біздің киноларда қазақта болмаған дүниелерді көрсететін, ұлтымызды жағымсыз қылып танытатын нәрселер белең алып бара жатыр. Кейіпкерлердің анайы қатынасын көрсететін, әдепсіздік, тәртіпсіздікті көрсететін фильм көп. Соны көрсетіп, көрермен ықыласына бөленіп, жалт ете қалам деп ойлайтын болуы керек. Ол - тың ой емес, көргенсіздік. Қазақ сезімін терең ұстай, жұмбақтай білген халық. Көп фильмдерде қазақ қызы дарақы, жігіті жылпос, арақ ішкіш. Оның қасында «Біржан салда» қазақы иіс бар. Біз қазақты ұмытып кеттік, шетелге ұнағымыз кеп тұрады. Бұл не әдет? Франция да, жапон да бізге арнап фильм түсірмейді. Жапонда Акира Курасава деген кино өнерінің шебері болған. Оның фильмдерінің сапасы, көлемі, көркемдігі, оқиғасы да ғажап. Бәрінде жапон тағдыры, жапон әлемі атой салып тұрады. Сонымен-ақ бүкіл әлемге аты шықты. Оның сөзі бар: «Мен жапонға арнап кино түсірем, халқым түсінсе болды. Жапонның жанын түсінгісі келсе, фильмімізді көрсін, әнімізді тыңдасын», - дейді. Ал, бізде он миллион қазақтың мүддесі жайына қалады да, Канн фестивалі, Оскар жүлдесі деп лағып кете барады. Ол жақтан бір жапырақ қағаз алып келіп, мәз болып, төбемізде тайраңдайды. Ал, 10 миллион қазақ көргісі келетін фильміне қол жеткізе алмай отыр. Осы ретте «Біржан сал» жаныңа жайлы тиетін таң алдында соққан самал жел сияқты. Шұбалаңқылығы, ұзақтығы, фильмдегі қыздарды сомдаған топ ұнамады. Ішкі, сыртқы сұлулығы жағынан Біржан сал ғашық болатын қыздар емес секілді. Шын мәнінде, мүмкін солай болған шығар. Бірақ өнерде таңдаулы - «Қазақ қызы осы ма» деп таңқалатындай болуы керек. Оның үстіне өнерпаз, өнер, руханият туралы фильм болғасын әдемілік көз тартып тұрғаны жөн.
Неге режиссерлер қазақ актерлерімен жұмыс жасамайды? Ең болмағанда сидаңдаған Куно Беккер Абылай ханды ойнағанша қазақтан аумайтын Ватанабені шақырғаны жақсы еді. Қазақ режиссерлерінің көзін не қара түнек басып тұр? Ең болмағанда Абылай ханға сырт келбеті ұқсауы керек қой. Куно Беккер - ұшып-қонып жүрген бала. Оған Абылай ханды ойнатып қойғанына қайран қалам?! Қош, бұл көркем фильм, жинақталған образ болсын делік. Онда атын өзгертсін, қадірлі ханымыз Абылайда не шаруасы бар. Өкінішке қарай, қазіргі кино мамандар шамасына қарамай, Депардье, Марк де Каскас, Куно Беккер, Бейшеналиев арқылы көтеріліп, біреуді жастана жүргісі келеді.
Хәкім Абай туралы фильм әлі дұрыс түсірілген жоқ. 43 жылы бір түсірілді, одан кейін Ардақ Әмірқұлов «жас кезін түсірем» деп тағы бір асыр салды. Ақырында аты да, заты да жоқ болып шықты. «Екі серия қыламыз» деп Әзірбайжан Мәмбетов түсірді. Бұл да мәз емес. Бір сөзбен айтқанда қазақ руханиятына елеулі оқиға болып қосылмады. Бізде телесериал жоқ. Қазақ әдебиетінде идея көл-көсір. Ахтанов, Әлімжанов, Нұрпейісов, Нұршайықов, Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаевтардың кез кезген шығармасынан телесериал түсіруге болады. Өкінішке қарай, ол шығармаларды кино мамандары оқымайды. Мәскеуде оқып келген орыс тілді режиссерлер қазақ әдебиетін білмейді. Ойыңды қорытып, жүрегіңді жарып шықпағасын идея бола ма? Қысқасы, қазақ киносы әлі бітеу жара.
- Жалпы сіздің осы сыныңыздан нәтиже шығып жатыр ма?
- Тыңдап та жатқан ешкім жоқ. Себебі, біздің кино жасаушылардың көбісін қазақ тағдыры ойландырмайды. Қазақ киносында қазақтың бет-бейнесі жоқ. Содан болар, сол баяғы «Қыз Жібекті», «Атаманның ақырын», «Менің атым - Қожаны» айтамыз да отырамыз. Өйткені, онда қазақтың жаны бар: қазақ жүрегінің лүпілі, қазақ даласының иісі жатыр. Бұл киноларды күні бүгінге дейін кез келген буынның өкілі жалықпай, тоймай қарайды. Ал, «Келінді» көріп түңілдім. Ондағы ешкі сүйреген балаға қарап, намыстан өліп кете жаздадым. «Келін» фестивальге бара жатыр. Оны көрген өзге жұртта «қазақ бағып отырған малымен осылай жасайды» екен деген көзғарас қалады. «Келін» сияқты былықты сыртқа алып шығуға бола ма? Былық барлық халықта да бар. Қайсысы өз былығын көрсетіп жатыр? Ең әдемі жерін, өнерге нысана болатын жерін ғана көрсетеді. Міне, француз мәдениеті, махаббаты, жері деп елеп-екшеп француздар әлемге таныстырады. Француз зұлымдығының өзін сәл-пәл әдемілікке орап береді. Біздің фильмдерде шешініп тастау, жалаңаштану тенденцияға айналып бара жатыр.
- Қазақ театрында «көрермен жоқ» деген проблема бар ма?
- Жоқ. Қазір кешке театрға барсаң, М.Әуезов театрына кіруге билет таба алмай қаласың. Алматыдағы қазақ театрының залдарында ине шаншар орын жоқ. Адам лық толады. Көрермен табу проблемасы 1990 жылдары болды. Ал, қазір ондай мәселе көтерілмейді.
- Өзіңізден кейін театр саласында сын айтып, көзге көрініп жүрген жас сыншылар бар ма?
- Сыншы, өнертанушы, профессор Бағыбек Құндақбаев менен 21 жас үлкен. Содан кейін сыншы болып танылып мен шықтым. Менен кейін де осындай жыл аралықтар керек сияқты.
Сұхбаттасқан:
Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ
"Үш қиян" газеті