Жексенбі, 10 Қараша 2024
Қоғам 43423 3 пікір 7 Мамыр, 2014 сағат 19:52

РЕЙХСТАГҚА ТУ ТІККЕН ҚАЗАҚ

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың назарларыңызға ұсынылып отырған бұл мақаласын батыл түрде тарихи құнды құжат деп атауға болады. Өйткені атақты Рахымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын желбіреткенін алғаш дәлелдеген осы мақала екенін біріміз білсек, біріміз білмейміз. Бұл мақала Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тіккен Рахымжан батырдың ерлiгiн паш етудің басы болатын. Бауыржан Момышұлының ұйытқы болуымен Кәкімжан Қазыбаев көп ізденіп, мақала жазумен ғана шектелмей, мәселені сол кездегі Орталық комитеттің қарауына ұсынып, Мәскеуге дейін сұрау салады.

Жалпы, К. Қазыбаевтың қолында Рахымжан батырдың Рейхстагқа алғашқы болып ту тіккендігін дәлелдейтін 100-ден астам құжат болған. Ол кісі Рахаңның ерлігі туралы алғаш “Воин Родины” атты дивизия газетiнiң 1945 жылғы мамырдың 3-iнде жарияланғанын анықтайды. Ал сол жылы мамырдың 5-інде-ақ Рахымжан Қошқарбаевқа Совет Одағының Батыры атағын беру жайлы ұсыныс қозғалғанымен, оны Мәскеу көпе-көрінеу ескермейді. Кәкең 1965 жылы ОК хатшысы Н. Жанділдинге жазған хатында мәселенің мәнісі Рахымжанның әкесі Қошқарбайдың 1937 жылы қуғынға ұшырағандығымен байланысты болғандығын ашып жазады.

Кәкең Баукең арқылы Рахаң жайлы майдандық газетке алғаш жазған майдангер-журналист Василий Субботинмен танысып, қос қаламгер «Советский воин», «Правда», «Литературная газета» «Қырым», «Новый мир», «Дружные ребята», «Жұлдыз», «Простор», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Фрунзевец» тәрізді басылымдарда Рейхстагқа алғаш ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов жайында бірнеше мақала жариялайды. Кейін сол кездегі ГДР журналисі Карл Кокошко арнайы Рахымжанды іздеп келіп, Кәкеңмен кездеседі. К.Кокошко да Берлин басылымдарында Рейхтсагқа ту тіккен Рахымжан жайында бірнеше мақала жазады. Ал 1965 жылы Жеңістің 20 жылдығына орай, Кәкең Рахымжан турасында «Кернеген кек» повесін жазып бітірсе, «Правда», «Литературная газета» басылымдарында және сол жылы жарыққа шыққан Ұлы Отан соғысы тарихының 5-томында Рейхстагты алған Рахымжан мен Григорий батырлар жайында жазады. Ал Василий Субботин өзі жүргізетін «Голубой огонек» телебағдарламасына Рахаңды арнайы шақырып, Рейхстаг түбіндегі ту жайында сыр суыртпақтайды. Сол жылы К. Кокошконың мұрындық болуымен Берлиндегі кеме зауыты бригадаларының және пионер отрядтарының біріне Р. Қошқарбаевтың аты беріледі. Бұл турасында Кәкең «Неміс достар осындай ілтипат көрсеткенімен, өзіміздегі дәмеленген қарекеттен ештеңе шықпады. Дүрілдеп ұлы Жеңістің 20 жылдығы да өте шықты, бірақ Рахымжан жөнінде Москва үндемеді», – деп қынжыла жазады. Кәкеңнің жазуынша, бұл жайға сол кездегі Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының төрағасы Жұмабай Тәшенов араласып, Рахымжанның кезінде батырлыққа ұсынылған мұрағат құжаттарын көтертіп, маршал И. Коневтің алдына мәселе қояды. Бірақ оның соңы дауға ұласып, төрелік айтады деген К. Ворошилов табандылық көрсете алмапты...

Осылайша батыр Баукеңнің мұрындық болуымен, Кәкімжан Қазыбаевтың араласуымен басталған «майданға» сол кездегі еліміздің басшысы Д. Қонаевтан бастап, басқа да қайраткерлер мен қаламгерлер үн қосады. Соның нәтижесінде 1999 жылы мамырдың 7-сінде Президент Н. Назарбаевтың Жарлығы бойынша Рахымжан Қошқарбаевқа Халық Қаһарманы атағы беріледі.

Ал Кәкімжанның жары Орынша Қарабалина-Қазыбаеваның айтуынша, Кәкең кезінде Рахымжан батырмен бірігіп Рейхстагқа ту тіккен, ұлты – башқұрт Григорий Булатовқа да қамқор болуды көздейді. Өкінішке қарай, ол өз-өзіне қол жұмсап, бақилық болып кетеді. Кейбір мәліметтерге қарағанда, марқұм Рейхстагқа тұңғыш ту тіккендер мәселесіне байланысты әділетсіздікке төзбесе керек...

Кәкімжан Қазыбаевтың жазуынша, Рахымжан батыр Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен сәуірдің 30-ын достары Рахаңның қайта туған күні деп атайды екен. Сол айтулы күн қарсаңында Кәкеңнің төмендегі мақаласын қаз-қалпында жариялауды құп көрдік.

Иә, ол күндердің ізі өше ме?! Ешқашан да өшпек емес. Майданда болғанның да, болмағанның да есінде. Қандай қиын жылдар болды, қаншама қан төгілді. Аласұрып аптыққан жаумен табаны күректей төрт жыл алыстық. Талай тарлан, небір боздақтар ел үшін, халық үшін құрбан болды. Сол күндерде бетін от-жалын шарпыған ерлердің қайсысымен әңгімелессеңіз де, жүрегіңіз елжіреп, аузынан шыққан әрбір сөзін түсіріп алмауға тырысасыз. Солардың көбі өзі туралы «мен сөйттім, мен бүйттім» деп айтпайды. Ер жолдасы, қимас қыран досы туралы сөйлейді. Рахымжан Қошқарбаевпен әңгімелескенде де, сөз жүйесі осы желіге қарай бұрылып бара жатты. Біраз тыңдағаннан кейін:

– Тоқтаңыз, Реке! Бізге өзіңіз туралы айтыңыз.

– Өзім туралы не керек, көптің бірі болып соғыстық, әйтеуір, аман қалдық, – деп күрсінді де, манадан ақжарқын отырған жігітіміз тырс үндемей қалды. Жауынгер достары есіне түсіп кетті ме, әлде бір қиын кезең, қатал көрініс көз алдынан өтті ме, кім білсін?

Қиыла тағы сұрадық. Бұлай сұрауымыздың реті де бар еді. Оған мына бір жай түрткі болған-ды.

Жақындап қалған үлкен мереке қарсаңында, Совет Армиясы мен Соғыс Теңіз Флотының 40 жылдығы алдында, кітапханада әдейі сарыла отырған бір күн. Газет, кітап, журналдардың қызығы бас көтертпейді. Ұлы Отан соғысы кезіндегі талай ерліктерге сүйсіндік. Бәрін де есте сақтағың келеді.

Мына бір мақаладағы екі-ақ ауыз сөз магнитше тартып, жібермей қойды:

«...Біздің  жауынгерлерді  қыранмен, бүркітпен теңеуді қоятын кез жетті. Қазақ жігіті Қошқарбаев менің көз алдымда өз жолдастарымен Рейхстагқа ту тікті. Жанған от ішінде, ажал аузында жүріп ерлік көрсеткен олар.

Осындай ердің образын беру үшін бөлекше теңеу, бөлек поэзия, социалистік реализм поэзиясы керек...» Бұл сөзді айтқан – көрнекті совет жазушысы, марқұм Борис Горбатов. («Литературная газетаның» 18 декабрь 1948 жылғы 101-санында).

Осы адам жөнінде жазылған не бар екен? Тағы қандай деректерді таба алар екенбіз? Бұл сұрақ кітап, газет, журнал қойнын кеңірек аштыра түсті. Міне, тағы бір дерек. 1949 жылдың 8 май күнгі нөміріндегі белгілі кинооператор Карменмен «Казахстанская правда» газеті тілшісінің әңгімесі:

«...Біз бұрынғы жауынгерлердің бүгінгі еңбектегі ерлігіне айрықша тоқталамыз. Сондай жауынгерлердің бірі Қошқарбаевпен мен тағы да кездессем, шіркін! Қайда екен ол қазір? Қаһарман жас жігітті Рейхстагқа ту тігіп жатқан кезде түсірген кинокадрларым бар еді. Бұл 1945 жылдың естен кетпес бір күні еді».

Біз қолқалап болмадық.

– Иә, ол естен кетпес күн еді. Өзің туралы айт деп қоймайсыздар, қысқа айтамын, өкпелемеңіздер, – деп бастады сөзін Рахымжан.

Аспан жанып, жер солқылдап тұр. Ұрыс Берлиннің қақ ортасында. Айнала шаң-топырақ, қою иісті түтін араласқан бірдеңе. Әр үй, әр көше, тіпті әр баспалдақ үшін қырғын соғыс. Гитлершілердің жаны мұрнының ұшына келіп, ақырғы демі тамағының астында тұр. Жан тапсырар алдындағы тұяқ серпері.

Ал біздің солдаттардың зығырданы әбден қайнаған. Бұрын да талай қырғын, қиын айқастар болды ғой. Дәл Берлиннің ішіндегі совет жауынгерлерінің ұмтылысына, екпініне теңеу табу қиын. Ауызбен айтып жеткізе алмайсың. Қандай бөгетті болса да, тып-типыл етерлік, кемерінен аса шірене тасыған мұхит толқынындай.

Ширыққан жауынгерлердің ерлігі, қимылы бірінен-бірі өтеді. Зеңбірек, миномет оқтары қарсы маңдайдан ұрса да, шегінер еш адам жоқ. Сүйем болса да, ілгері жылжу.

Немістің баскесерлері ін түбіне тығылған аңша ығысып барады. Бірақ аузын ырситып, тісін ақситып қапқысы келеді. Қасарыса қарсылық көрсетеді.

28 апрель. Біздің полк Ішкі істер министрлігінің үйін – «Гиммлердің үйі» деп аталатын үйді алуға тапсырма алды. Бұл үй бүкіл кварталға көсіліп жатыр. Таң қылаң бере біздің артиллерия оқ нөсерін құйып берді. Әлемдегі бар планета осы маңға жанып түсіп жатқандай. Айнала ұлып, күңіреніп кетті. Біз де қарақұрым болып қаптап, жан-жақтан лап қойдық. Ең алдыда – аға лейтенант, тәжік жігіті Атаевтың ротасы.

Шашы қалың, қап-қара әдемі жігіт еді. Сан ағалық ақылдары, бауырмашылдық сыпайы сөздерімен мені әбден баурап алған болатын. Көрген сайын өз ағамдай еміреніп, еркелеп тұрушы едім. Өзі де бір сымбатты, тұлғалы офицер еді. Көзім шалып қалды, жігіттерін алға ұмтылдырып, дауысы өктем шығып, ерлерінің алдында өзі кетіп бара жатыр екен.

Осы ротаның соңынан өкшелеп біз де келе жатырмыз. Үлкен айқас, қыруар шығынмен үйдің ішіне кірдік. Жау төменнен қашып, жоғарыға қарай қусырылып барады. Әр этажда, әр бөлмеде – қырғын соғыс. Ұрыстың соншама қатты болғанын қараңыз, таң қылаң бере үйге кіргеннен кешкі сағат төрт мөлшерінде төртінші этажға әрең іліктік.

– Анау Рейхстаг болар-ау, – деді қасымдағы бір жауынгер. Төртінші этаждың дал-дұл болған терезесінен тасалай келіп, қырындай қарадық. Қою түтіннің арасынан үлкен үй еміс-еміс көрінеді. Қашықтығы шамамен екі жүз, үш жүз метрдей. Үйдің қаңқасы ғана қалған. Төбесінде күмбезі бар. Ішіне  тығылып алған неміс   зеңбіректері біз тұрған үйге қарай от құсып тұр. Оның үстіне жоғары қабатқа тығылған құзғындар да жан ұшырып, айбар жасауда.

Рейхстагтың ар жағынан парк көрінді. Кейіннен білдік, Тиргартен паркі деп атайды екен. Ол парктің әрбір бұтасы, әрбір ағашы оқ атып тұрғандай. Біздің мазамызды алған да – сол төңіректен көрсетілген неміс қарсылығы. Рейхстагтың бергі аузы жап-жалаңаш, ашық алаң, оның бер жағында – канал. Каналдан өтетін көпірдің де құр тұлдыры.

Әлгі ашық алаңда трансформатордың жәрдемімен немістің өздігінен ататын зеңбірегі дүркін-дүркін біз жаққа лап қойып, лап қойып тұрды. Расчетының, адамдарының қайда екені белгісіз, көрінбейді. Неміс жендеттерінің әр үйде қаруланғаны соншама – алған этажымыздың бәрінде үйінді-үйінді фаустпатрондарды кездестірдік.

Жігіттер бұл құралды қалай атуды да дем арада біліп алыпты. Енді Рейхстаг жаққа қарай немістің өз оқтарын зулатты. Үш-төрт фаустпатронды иығыма салып атып, мен де құр қалмадым. Әлгі алаңдағы зеңбірек немістің өз оғымен істен шықты. Бірақ басқа жердегілердің аптығы әлі басылар емес. Үйдің ішінде жүрсек те, әрбір қадам қауіпті.

Терезеден, қабырғаларды тесіп оқ зу-зу етеді. Жеңіс шыңына қол созым жерде тұрып, талай тарландар өліп кетті. Қандай аянышты. Кеше ғана, тіпті жаңа ғана «жауды жеңдік қой,  енді қанша тырбаңдар дейсің, Жеңіс туын Рейхстагқа дейін апардық деп айтамыз сүйген жарға» деп тұрған жалындар жан тапсырып жатыр. Оларға деген аяныш, жауға деген ыза жүрегіңді тырнайды. Қайтесің, соғыстың аты – соғыс. Құрбандықсыз болған ба?! Тістенесің де, оқ атасың. Әрбір жауынгер бұл сәт өлім мен өмір арасындағы қыл үстінде. Күрестің отша қайнаған ортасында. Сөйтіп, қатты шайқас жүріп жатты.

...30 апрель, түс кезі.

– Батальон командирі, капитан Давыдов шақырады, – деді. Төртінші этаждан подвалға жүгіріп түстім. Терезесі Рейхстаг жаққа қараған бөлмеде тұр екен. Қасында – политрук Васильченко, тағы бір топ жігіт. Терезеден бәрі көрініп тұр. Лағынет ұрыстың өңеші өлімге әлі толмағандай. Қан иісі сынық терезеден кеп мұрныңа ұрады. Сәл толастайды да, оқ бұршағы ұлып үдеп береді. Зеңбірек зіркілдейді, снаряд ышқынады. Осы бір қасірет музыкасының ойнағанына неше күн. Әлгі біз тұрған бөлменің терезесінен тап соның алдында тұрып, біреу бүркіп тұрғандай оқ құйылады. Бұрышқа қарай ығыса түсеміз.

– Лейтенант Қошқарбаев, саған жауынгерлік тапсырма, – деді Давыдов.

– Орындауға әзірмін.

Қастарына шақырып, Васильченко екеуі ортаға алды.

– Көріп тұрсың ба анау үйді? Рейхстаг деген – сол. Ендігі қалған жау ұясы.

– Көріп тұрмын.

– Қызыл жалау апарып тігу керек! Полктен әдейі лейтенант Сорокин басқарған барлаушылар взводын жіберіпті, – деді қасындағы жігіттерді нұсқап. – Бұлар да сенімен бірге аттанады. Бүкіл батальон болып қолдаймыз.

– Құп, жолдас капитан.

Сол арада жалау да дайын болды. Ұзындығы бір жарым метрдей ағашқа (терезенің жақтауы) бір метрдей қызыл шүберекті байлап алдық. Туды ресми түрде маған Васильченко тапсырды.

«Бұл туды елден ерек маған неге тапсырады? Сондай сенімге ие боларлық көзге түсе қойдым ба? Рас, Одерден өткенде взводымның жігіттерін сол кездегі комбат – марқұм Твердохлебов мақтаған болатын. Сол арадағы ұрыс үшін «Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденін мен де алдым. Ал Берлинге кіргелі алдамыз. Бүкіл батальон, полк алда келе жатыр. Онда тұрған не бар. Әркімнің-ақ Рейхстагқа ту тіккісі келеді. Барлық жауынгерлер де бұған жұлқынып тұр. Ап десең, лап беруге әзір».

Бір сәт көз алдымнан взвод жауынгерлері өтті. Одерде ерлікпен қаза болған қайран Попов. Қыран еді-ау, шіркін. Жау бас көтертпей жатқан шақта топ бастаған серкедей жүріп беруші еді. Қазір төртінші этажда ұрыс жүргізіп жүрген Гончаренко ше. Нағыз жүректінің өзі. Жауынгерлерімнің бәрі де тізіліп өтіп жатыр. Қимаймын, бауыр басып кеткен ерлерім. Жаман айтпай жақсы жоқ, мерт болып кетсем ше? Бірақ олар «тәуекел, барыңыз, жолдас лейтенант» деп тұрғандай. Ойымды  «Аман бол, бауырым!» – деген Васильченконың батасы бөліп кетті. Бел бекем буылды. «Басқадан жаным әулие ме, тәуекел», – дедім ішімнен. Туды сабына орап, қойныма тығып алдым. Қайраттандым...

Оқ бүркесіні бөлме ішіне тағы бір сау ете қалған кезде, терезеден шыбын жанымды қолыма алып, ытқи жөнелдім. Ұмар-жұмар үйдің сыртындағы бір шұңқырға кеп құладым. Көріп қалды ма, әлде осы бір үңгірден (әлгі бөлменің терезесі) сезіктеніп әдейі атып тұр ма – оқты тағы да сеуіп жіберді. Бас көтеруге мұрша жоқ. Бір уақытта қолтығымның астынан артыма бұрылып қарасам, доп-домалақ бір жас жігіт өкшелей кеп құлапты.

– Амансыз ба, жолдас лейтенант!

– Өзің ше?

– Мен де аманмын-ау деймін. Бірақ арттағылар шыға алмай қалды.

Сәл күттік. Жау біз шыққан терезеге бұрынғыдан бетер қатты шүйілді.

– Тәуекел, жылжиық!

Тудың сабы жаңа ғана алған партбилетіме жанай бауырымда жатыр. Партияға өтерде «Рейхстагқа шабуыл жасағанда коммунист болсам» деген арызым есіме түсті. Бұл мені жігерлендірді. Айтпақшы, жаңағы жігіт – Григорий Булатов. Жастайынан полктің өзінде тәрбиеленген қолбала. Өте шапшаң, жүгіргенде құйындай ұшады.

Көп кідіруге болмайды. Алда 30 метрдей жерде үлкен бір үйінді тұр. Ең болмаса, соған жетейік. Оқ сәл толастағандай болса, біз ұша жөнелеміз. Әлгі үйіндінің түбіне де жеттік. Бірақ бұл арада ұзақ жатуға болмайды. Жау сені қазір-ақ қағып түсіреді. Жан-жағың ашық.

– Жолдас лейтенант, анау трансформаторды қалқаласақ қайтеді? – деді Булатов. Аузын жиғанша болған жоқ, бір снаряд дәл жанымыздан келіп гүрс етті. Не болса о болсын, түтін жамылып, трансформаторға қарай ұша жөнелдік. Айналаға қарасаң, жаның түршігеді. Бұл дүниеде екеніңді сезбегендейсің. Осындай әлдебір қорқыныш сезімдері билегенде, қойнымдағы ту есіме түседі де, қайта жігерленем.

Аспан от боп жанып, жер балқып тұрғанда, трансформатор қалқа болушы ма еді. Ендігі жан сақтар жер – көпірдің асты. Тағы бір толаста ыта жөнелдім. Булатов та өкшелеп келеді. Елу метр жердегі канал көпірі осы сәт елу шақырымдай болып көрінді. Әлгі трансформатордың түбінде, көпірге жете берер жерде Атаев ротасының түсі таныс жігіттері сұлап жатыр. «Еһ, бауырларым, мейірімсіз жау қыршындарыңнан қиды-ау, топырағың торқа болсын» дегеннен басқа қолымнан еш нәрсе келмеді.

Көпірдің өзіміз жақ жағасында көп отыру аса қауіпті. Өйткені бірден-бір өтер жері деп бұл нүктеге жау ерекше шүйіліп тұр. Қадалардан ұстап, жылжи-жылжи жау жақ жағасын кеп паналадық. Рейхстаг кем дегенде, жүз метрдей жерде әлі. Паналайтын ешбір бұта жоқ, жап-жалаңаш. Көрінсең болды, қағып түсіреді.

Булатов екеуміз шыға алмай отырып қалдық. Туды алып жайдық та, бұрышына полктің нөмірін, өзіміздің аты-жөнімізді сиялы қарындашпен жаздық. Кім біледі, бұл туды тіге аламыз ба, жоқ па?!

Күн батты. Кешкі сағат 7 шамасы. Бір кезде біздің артиллерия аспанды айшықтап, Рейхстагты үсті-үстіне ұрмасы бар ма. Снарядтар жігердің, айбынның айғағындай үстімізден зымырап өтіп, жаудың соңғы ұясын мылжалап жатыр.

– Григорий, ең қолайлы сәт, ал, жүгірейік!

Зытып келеміз, зытып келеміз. Бір абыройы, екеуміз қатар келе жатырмыз. Алғашқы баспалдаққа аяғымыз ілінгенде, екеуміз бірімізді-біріміз жетектеп алдық. Жоғары өрлеп келеміз. Қаңғыған оқтар жан-жағымыздан зу-зу етеді. Әлден уақытта үлкен баспалдақтың қанатына мініп алып, жоғары қарай жорғалай жылжыдым. Григорий қатарлас баспалдақпен келеді.

– Тоқта, әкел қолыңды! – Бас-аяғы бір тұтам кішкентай жігітті балаша көтеріп алдым. – Сал аяғыңды иығыма!

Ол ыршып менің иығыма шықты. Қойнымдағы жалауды суырып алып, қолына бердім:

– Іл! Байла!

Мөлшері екінші этаждың терезесі болу керек. Қараңғыда қалай желбірегенін де анық көре алмадық. Жүгірген бойы төмен қарай зыттық. Осы сәтте бір жарық ракета аспанды шарлай жөнелді. Біздің жауынгерлерге шабуылға шығуға берілген белгі екен. Ракета жарығымен өз туымыз өзімізге көрінді. Қаншама азаматтың ерлікпен төгілген қанына боялғандай қызара шалқып, шабуылға шығушыларға қол бұлғайды.

– Жарайсың, азаматтарым, біз бұрын жеттік пе десек, сендер де келіп қалған екенсіңдер ғой, – деді біреу. Жалт қарасақ, байланыс бөлімшесінің адамдары.

– Қай батальоннансыздар?

– Давыдовтың батальонынанбыз.

Әлгі лейтенанттың сол арада атын сұрау да есімізде болмапты. Ол бізге «Жарайсыңдар, ерлерім» деп бірнеше қайталады да, өздері алып келген телефонның құлағына жармасты:

– Зинченко жолдас, біз Рейхстагтан.

Бұл жігіттердің көршілес Зинченко полкінен екенін білдік. Булатов күлімсіреп маған қарайды, мен оған қараймын. Бірімізді-біріміз құшақтай алдық. Ілезде Зинченконың полкіндегі Неустроевтың батальоны да жетті. Жауынгерлердің қанша күн бойғы көрмеген ұйқысы мен тартқан азабынан көздері кілгіріп тұрса да, ар жағындағы жеңіс қуанышын аңғару қиын емес. Уралап ілгері ұмтылып барады. Рейхстагқа сүңгіп кірді де кетті.

Міне, біздің батальонның да алды көпірден асты. Мен жауынгерлік тапсырманы орындағанымызды айтуға қайтып келемін. Рейхстагқа бара жатқандар танымаса да, қолын бұлғап, күле қарайды. Дәл бағанағы бөлменің терезесінен қайта қарғып түскенде, еш нәрсе айтқызбастан Васильченко мені балаша көтеріп алды да, бетімнен сүйді.

Бұдан кейін Рахымжан 1 май күнгі болған ұрысты, Рейхстагтың ішінде өздері қолдан өткерген 2 май күнгі айқасты айтуға көшті.

– Біздің істегеніміз – үлкен Ұлы Жеңіске қосылған бір кішкене бөлшек, – деп бітірді әңгімесін.

Иә, сіз бір кішкене бөлшек дейсіз ғой. Бірақ бұл ерліктеріңіздің қандай рөл атқарғанын халық бағаласын. Марқұм Борис Горбатовтың мұндай ерлерді бүркітпен, қыранмен теңеу кезеңі өтті» деген пікірімен келіспеске болмайды. Жанған от, жарылған снаряд, аузын арандай ашқан ажал алдында қай қыран ұшып, қандай бүркіт самғай алады?! Ал бұлар жау ұясының үстіне еліміздің туын тікті. Шынында, оны суреттеу, жазу үшін бөлек шабыт, бөлек тіл, бөлек теңеу керек.

«Лениншіл жас», 20 февраль, 1958 жыл

Дереккөз: alashainasy.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1164
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2729
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2766