Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6991 0 пікір 5 Мамыр, 2014 сағат 11:21

«ЖАҚСЫ СӨЗІМ – ЖАНЫ ИГІ ХАЛҚЫМ ҮШІН»

(Халқымыздың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың

жыр жинағы Германияда неміс тілінде жарық көрді)

 

Уақыт баяу жылжып, заман келбетінің елеулі өзгеріске ұшырауы тым ұзаққа созылған бұрынғы дәуірлермен салыстырғанда, әрбір жылға қадам басқаның, өте шығар қас-қағым қазіргі кезеңде жаһан тұрғындарын қандай да бір материалдық, тіпті саяси немесе мәдени саладағы жаңалықтармен таң қалдыру қиындап бара жатқаны аян. Десек те, замандар легіне, уақыт тегеурініне төтеп беріп, жаратылыс заңымен қатар, үндесе өмір сүретін, ешқашан тозбайтын, қайта мерзім сайын үздіксіз жасарып, жаңарып отыратын құндылықтар бар болса, оның бірі де бірегейі – тіл екендігі хақ. Елбасымыздың өзі терең көрегендікпен қасиетті ана тілімізді – мәңгілік тіл деп бағалауының мәні де сонда жатса керек. Ал, тілдің тірілігі мен құдыретін, қасиеті мен ұлылығын танытатын, хәкім Абай айтқандай, «өлең - сөздің патшасы» ұғымына ешкімнің таласы болмаса керек.

Ендеше, «қиыннан қиыстырар ер данасы, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келер айналасы» деген кемеңгердің қатаң талабының үдесінен шыға білген қазақ поэзиясының мәңгілік сипаты, адамзатқа ортақ құндылығын тағы бір дәлелдеген жарқын оқиға жөнінде қалың оқырманға қуана жеткізбекпіз.

Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен жиырмасыншы ғасырдағы қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, ұлтымыздың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың неміс тілінде “Berge sind Legende” (ауд.Таулар – бұл аңыз. «Аққулар ұйықтағанда» жинағы) жыр жинағы жарық көрді. Аталған жинаққа біртуар ақынның әйгілі туындылары: «Көгершіндер», «Мен сені сағынғанда», «Майгүл», «Өмір» және басқа да бірқатар өлеңдері мен «Моцарт. Жан азасы», «Мавр» поэмалары енгізілді. Кітаптың тұсаукесер салтанаты Қазақстанның Германиядағы Мәдени және бизнес орталығындағы «Қазақ кітапханасы жобасы аясында өткізілді. Екі мемлекеттің әсіресе, кейінгі жылдары кең көлемде, әрі жан-жақты мазмұнды сипатымен көрініп келе жатқан мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастары саласындағы осынау ұлағатты іс-шараға Германия тарапынан мәртебелі қонақтар: Бундестаг депутаттары, осы елдің Сыртқы істер министрлігінің лауазымды өкілдері, Қазақ-неміс қоғамы, Берлиндегі Гумбольд университетіндегі Қазақ тілі лектораты, сондай-ақ жергілікті мәдени және ғылыми топтар, Алмания жеріндегі қандастарымыз қатысты.

Салтанатты шараны ашқан Қазақстанның Германиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов жиналған қонақтарға Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы қысқаша баяндап өтіп, қазақтың қайталанбас ұлы ақынының неміс оқырмандарына өздерінің ана тілінде сөйлеуінің айрықша мәніне тоқталды. Бұл рәсім Берлиндегі «Қазақ кітапханасы» жобасы аясында қолға алынып келе жатқан игі дәстүрдің жалғасы. Осы орайда аталған жоба жөнінде айта кетудің жөні бар. Елшіліктің тікелей бастамашылығы мен қолдауының нәтижесінде 2007 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Германиядағы Мәдени және бизнес орталығындағы «Қазақ кітапханасы жобасының мақсаты - қазақ авторларының кітаптарын неміс тілінде және бірыңғай безендірілген арнайы мұқабада шығарып, ұлттық әдебиетімізді шетелдерде насихаттау, демек еліміздің әлемдік мәдениет пен ғылым саласындағы мүдделерін ілгерілету міндеттерін жүзеге асыруды көздейді. Осы мерзім ішінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы», «Еуразия жүрегінде» кітаптары, Абайдың «Қара сөздері», М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының бірінші томы, сондай-ақ І.Есенберлин, Ә.Кекілбаев, Ә.Нұрпейісов, Г.Бельгер, О.Сүлейменов, Ф.Оңғарсынова және өзге де қазақ әдебиеті классиктерінің шығармалары германиялық баспалармен ынтымақтастық арқылы неміс тілінде жарық көрген. Осылайша, қазіргі заманғы жаһандық қауымдастықтың ықпалды мүшесі, Еуропадағы экономикалық қуаты мықты, әрі тұрғындар саны ең көп еңселі Германияда ұлттық мәдениетімізді ұлықтау арқылы, жалпы Еуропа құрылығына тарату жолымен, Қазақстанның оң келбетін жан-жақты насихаттау қадамына бағытталған.

 «Ақын деген бірауыз сөзге симайтын, бірақ нағыз ақын болғандықтан да, жүрегінің кеңдігі, ақыл-ойының тереңдігі, бабалар мұрасынан сусындаған қайсар рухының мықтылығымен ұлтына, нәсіліне, тіпті жасына қарамастан, әлемдегі барша адам баласына тән сезім сырларын, қайғысы мен қуанышын, арман-мүддесін әсерлі де тұнық жырлап өткен, демек адамзаттық ауқымды қамтитындықтан да, Мұқағали Мақатаев сынды қазақ ақыны бүгінде әлемнің бейбіт, рухани Елшісіне айналуы әбден заңды», - деген дипломаттың мағыналы сөздерін тыңдаушылар зор қанағатпен, ашық ризашылықпен қабыл алды.

Өз кезегінде неміс әріптестер қазақстандық дипломатиялық өкілдіктің екі елдің саяси ықпалдастығын, сауда-экономикалық қарым-қатынастарын арттырудағы қарқынды қызметін жоғары бағалай келе, соның ішінде неміс-қазақ халықтарының өзара мәдени, рухани жалғастығын нығайту жолындағы жан-жақты жұмыстарына алғыстарын білдірісті.

Алғашқы минуттарда халықаралық хаттама талаптарына сай ресми нышанда бастау алған іс-шара қатысушылар өз қолдарындағы Мұқағали жырларына көз жіберген сәттен былай, мүлде өзгеріп сала бергендей. Бұдан кейінгі ашық-жарқын әңгіме-сұхбаттар мен еркін пікір алмасулар әлем тілдерінде еркін сөйлеп кеткен Мұқағалидың өшпес жырларының қуатты рухы, кеудесінде сәулесі бар әрбір адам жанын жадыратып жіберетін ыстық жалынының шуағына, ізгілік нұрына бөленіп тұрғандай әсер қалдырды.

Иә, жаны сүттей ақ, парасат биігіне шығып тұрып, бүкіл адамзатты бауыры санаған  ақиық ақын:

 

«Біз деген, досым,

Тағдыры қызық халықпыз.

Халқының өзі қорғасын құяр қалыппыз

Екінің бірі бармайтын жерге барып біз,

Жанбайтын жерде жаныппыз»,

 

- деп, құдыретті болмысына тән сәуегейлікпен екінің бірі бармайтын жерге баратындығын анық айтып еді.  Сол сенімі қапысыз шындыққа айналып, өзі «шекпен кигізген қазақтың қара өлеңі» Еуропа төріне шығып, кәрі құрылық жұрты Алаш ақынының үніне құлақ түрмек. Ал, оның өршіл үнінде сайын даланың самал желі, жауыны мен дауылы, асқар шыңдарының ұшар басында шаңқылдаған қыранның қанатының сусылы, айдынында жүзген аққудың қиқуы, құрағының тербелісі, кәусар бұлағының сылдыры – бәрі, бәрі ап-айқын құлаққа кіріп, бойды алатыны мәлім. 

Өз елінде туған халқының теңдессіз махаббатына бөленген жыр әулиесінің бүгінде ән жазылмаған өлеңі жоқ, сірә. Олай болса, әлемдік әйдік астаналардың жарқыраған салтанатты сарайларының төрінен тартып, кең байтақ қазақ даласының ең шалғай түкпіріндегі қараша ауылдағы ең қарапайым шаңырақғының астында төгілетін сол әндер тұтас атамекенімізді әрі тербетіп, әрі дамыл-дамыл дүр сілкінтіп оятып тұрғаны кәміл.

«Өмірде ақындардың бәрі жалғыз»-ды айтқан Мұқаң, оларға ықылас пен құрметтің де жеке, дара, кейде тәтті, кейде тым ащы болатындығын да ұқтырған екен. Қаламынан соңғы өлеңі туған сәті алыстаған сайын, халқының Мұқағалиға деген құштарлығының сембей, қайта жыл өткен сайын жаңғырып, жалындай түсуінің құбылысы әлі де көпшілікке жұбақ. Суреткер шығармашылығын талдап саралаудан айнымай келе жатқан мұрагер ізбасарлары мен білікті зерттеуші мамандар ақынның сонау бір кездері жалаң аяқ жүгірген Қарасаздай туған ауылының топырағынан тамыр алып, барша атамекенін, ана тілін, алаш жұртын, алып Отанын жан-тәнімен, бүтін болмысымен шексіз сүйгендігін алға тартады. Расында, жырларына арқа сүйесек:

 

«Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем.

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,

Мен оның қасиетті тілін сүйем,

Мен оның құдыретті үнін сүйем...

Отан!

Отан!

Бәрінен биік екен,

Мен оны мәңілікке сүйіп өтем...», - деген поэзия дауылпазының еліне деген махаббаты баршамызға сөнбейтін от, өшпейтін үміт, жасымайтын жігер береді. Ақынның асқақ арман-үні айна қатесіз орындалып, бүгінгі ұрпақ тәуелсіз Қазақстанның дүниежүзілік қоғамдастықтағы түпқазығын нығайта түсу мұратында еңбек етуде. Бұл ұлы істе Абай, Әлихан, Мұхтар, Мағжан, Мұқағали сынды ұлттың келбетіне, рәмізіне айналған ұлы тұлғалардың мәңгілік мұрасы бізді әрдайым биік жеңістерге жетелей бермек.

 

Мұхтар Кәрібай

 Абай-ақпарат

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2062