Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 8564 0 пікір 29 Сәуір, 2014 сағат 13:05

КӨШІ-ҚОН АГЕНТТІГІ ҚҰРЫЛСА...

2011 жылы 22 шілдеде түбегейлі өзгерген «Халықтың көші-қоны туралы» заңын Елбасымыздың түбегейлі саясатының түп қазығы етіп  жүзеге асыра берсе, бұл керемет заң еді. Өкінішке қарай сол күні ҚР-ның азаматығына байланысты заңға енгізлген өзгерістерге қазақ көшіне қарсы біреулер «Өздері тұрған елдерінен азаматтықтан шыққанны туралы анықтама» алып келсін дегенді қосты да жіберді. Бір жыл шуылдап, ақыры, 2012 жылы мамыр айында бұл жағдай Елбасымызға жетіп, түсініксіз талаптың күші жойылды. Бірақ та Мемлекет басшысына  жетпей жолда желкесі қиылып қалатын  ақпараттардың қыры мен сырын өздерінің игілігіне еппен жарата беретін кейбіреулер  бұл қағидаға да мән бермей, өз делдалдары арқылы әрекет еткен оралмандарға «анықтамасыз-ақ» азаматтық беруді жалғастырды.  2013 жылы 13 маусымда заңға өзгеріс енгізіліп, оралмандар ғана емес, жалпы халықтың көші-қон үрдісіне байланысты «тағдырлар толғауы» жергілікті облыс әкімдігінің құзырына берілді. Яғни, өзі басқарып отырған облыстың шекарасына кімдер кірді, оның қайсысы қонақтар, тұрақты келгендер кімдер, қазақ еліне қандай көзқараспен енді, нендей мақсат-мүддесі бар осының бәрін халықтың иесі, көзі болған ауыл әкімдері, полицейлер арқылы біліп отыру облыс әкімінің құзырына берілген еді. Заң бойынша енді облыс аумағына келіп кеткен, қалып қалғандары мен жергілікті халықтың ішкі көші-қонын, заңсыз көші-қон үрдістерін, еңбек көші-қоны, бизнес көші-қоны мәселесі бойынша күнделікті жұмысты ұйымдастырып жүйелі басқарумен  министрліктер емес, әкімдер айналысатын болды. Министрліктер өз құзыреті шегінде ереже, қағидалар нормативтік актілер, заңды жүзеге асыратын тетіктерін бекітіп, көрсетілетін көмектерді айқындап, жол ғана көрсетпек. Ал облыс әкімі Үкіметке статистикалық есептер беріп отыруды да өз қолына алатын болды. Бұл енді көш басталғалы санына нақты жетпеген, қай елді-мекенде қанша оралман тұратындығының есебін оң жолға қоюдың түйіні шешілді деуге болатын жаңалық. Өйткені өз ауылындағы адам есебін, кімдер тұрып, кімдер келіп-кетіп жатқанын ауыл әкімдерінен артық кім білер дейсіз.

   Өткен жылдың соңында Көші-қон заңына тағы аяқ асты Еңбек көші-қонына байланысты өзгерістер енгізіліп, «Отаныма тұрақты тұрамын Қазақ елінің азаматы боламын» деп келген ағайындарды жұмыс іздеп, еңбек етіп нәпақа табу мақсатымен келгендер арасына енгізді де жіберді. Бұл мәселені қазақи қанды, халқын сүйетін ұлтжанды жандар Елбасына нақты дәйектерімен дер кезінде жеткізбегенде оның  соңы қандай күйге ұласып кетер еді...

    Міне, соның арқасында   мемлекеттің де, жеке адамның да мүддесін Елбасына  жеткізе алатын зиялы,   ұлтының қамы үшін отқа да суға да түсе алатын жандарға және қашанда ұлт жанашырларының ұлағатты ісін бағалай білген Мемлекет басшысына  Қазақ еліне келіп алған оралмандар мен шеттегі 5 миллионнан астам (бейресми деректер бойынша 8 миллионға жуық) қандастарымыз өз алғысын білдіріп, ақ баталарын беруде. Бұл – өмір шындығы!

   Көші-қон мемлекеттік мекемесі жеке дара шаңырақ көтеріп, халыққа қызмет етпейінше, көші-қон заңы және Президенттің осы тұрғыдағы саяси  бағдарламасы жүйелі жүзеге аса қоймасын өмір көрсетті. Өз ұлтына жанашырлық танытқан Израиль, Польша, Ресей, Германия сияқты  елдердің үздік тәжірибесі де осыны дәлелдеп берді. Әуелі Жапония елі тірісін қойып, баяғыда соғыста жат жұртта қалғандарының сүйектерін еліне әкеліп жерлеуге ынта танытып отыр. Ұлтын сүю, құрметтеудің киелілігі осында жатса керек.               

Сөз соңында көші-қон мәселесіне байланысты төмендегі ұсыныстарды да қоса айтқым келеді:

1. Көші-қон үрдісін  бір жүйеде басқаратын министрлік немесе агенттік құрылса; (оның құрамында көші-қон комитеті және көші-қон полициясы комитеті енгізілсе).

2 . Облыс, қалалардағы жеке басқармалар жергілікті атқарушы органның басқаруында болып, облыс әкімінің штатына берілсе ( себебі ауыл, кент, қалаға кімді қалай орналастыру мүмкіндігін сол елді басқарған әкім шешуі өте маңызды. Ал ауыл әкімінің қазіргі жүйедегі көші-қон бөліміне бағына қоюы оңды шешім емес деп ойлаймыз).

3. Халықтың көші-қонына байланысты Үкіметтің арнайы көмегіне зәру жандарды орналастырып, жүйелеу Қазақстан Республикасының азаматтарына ғана белгіленсе.

Құрметбек САНСЫЗБАЙҰЛЫ, Алматы облысы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052