Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Осы ғой енді... 6123 0 пікір 24 Сәуір, 2014 сағат 13:04

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕНСІНБЕЙТІН МЕДИАФОРУМ

Осымен 12-нші рет өтіп жатқан Еуразиялық медиафорум бүгін Астанада өз жұмысын бастады. Әлемнің әр түкпірінен жиналған саясаттанушылар, танымал тұлғалар және БАҚ саласының майталмандары қазіргі заманғы өзекті мәселелерді талқыламақ. Қандай тілде дейсіз бе? Орыс және ағылшын тілдерінде. Міне, қараңыз, Еуразиялық медиафорумның ресми сайты орыс және ағылшын тілдерінде ғана сөйлеп тұр. Ал, осы форумға 12 жыл бойы төрінен орын беріп, асын алдына тосып, салық төлеушілердің қалтасынан түскен бюджеттің қыруар ақшасын шығындаған мемлекеттің тілі – қазақ тілі көріп берейін десеңіз де жоқ.

Бұл не сонда? Дүниенің төрт тарабынан жиналған беделді адамдардың алдында тілді менсінбеу арқылы мемлекеттің имиджін аяқасты етіп, бүтін ұлтты ұятқа қалдыру ма? Әлде туған анасын тойға ертіп баруға арланатын санасыздық пен жетесіздіктің асқан үлгісі ме?

Керек десеңіз, форумның қазақ тілін қағажуда қалдыруы 65 пайыз мемлекет құрушы халықтың – қазақтың тілдік құқын табанға салу және оның форум жұмысынан хабардар болу, сөйлеген сөздердерді тыңдау құқынан айыру. Тұтас халықтың тілдік және ақпарат алу мен тұтыну құқын бұзу – халықаралық нормалар мен құқықтардың кез келгеніне өрескел қайшы болатынын шетелден келген форум қонақтарының әрбірі өте жақсы біледі.

Атауының өзі қоғамның қатты қарсылығына тап болып отырған «Еуразиялық» деп басталатын форумда қазіргі заманғы өзекті мәселелерді орыс тілінде талқыласаңыздар, Мәскеудің төріне барып өткізгендеріңіз жөн. Себебі, біздің елде өзіміздің өзекті мәселелеріміз шаш-етектен. «Еуразиялық» та, орыс тілі де Ресейдің қазіргі саяси ұстанымына таптырмайтын тәсіл. Ал, Қазақстанға мемлекеттің қаржысына өткізе отырып, мемлекет тілді менсінбейтін форумның көк тиынға керегі жоқ. Мемлекеттің тілін менсінбей, жерігендердің жиналысына келген қонақтар да бетіңе айтпаса да жанынан түңіліп кететін шығар. Күлкі мен ұятқа қалып, масқара мен дарақылықтың үлгісін көрсететін форумдарыңыз, қазақ тіліне мінберін бермесе, онда қазақтың да оған түкіргені бар...

Abai.kz

0 пікір