«БАЛҚАРАҒАЙДА» ӨТКЕН СЕМИНАР МЕН САЙРАН
20 көкек күні «Балқарағай» демалыс маңайы астананың қым-қуыт тірлігінен қажыған біршама жұртты бір сәтке аластап, түтіннің орнына жылқы иісімен, көлік шуының орнына кісінеген айғыр дауысымен дауа болды. Қыстан қымтырылған жұртшылық Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен Наурыз мерекесін мейрамдады, ұлттық спорт мәселесін талқылады.
Алдымен таңғы 9-да семинар-кеңеске жиналып, «Ұлттық ат спорты ойындарының теориялық және методикалық мәні» деген тақырыпта бірқатар спорт мамандары мен ғалымдарға сөз беріп, спортты ғылыми көзбен қарауды,талдауды күн тәртібіне қойды.
Тағылымдаманы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан жүргізіп, ҚР Спорт және дене шынықтыру ісі жөніндегі агенттік төрағасы Тастанбек Құтжанұлы Есентаев бастан аяқ қатысып, шараны бақылады әрі қорытты.
Семинарда сөз алған ғалымдар нақты ғылыми уәж айтты деу қиындау, біреуі тарихқа үңілсе, бірі көптің ортасындағы талқыға айналған жайттарды талғажау етті. Араларында мәселені ашып, шешу жолдарын ұсынғандары да табылды.
Шарадан көңілді селт еткізген спорт журналисі, Алматы спорт-интернатының директоры Қыдырбек Рысбек «ұлттық спортты ғылымға бет бұрмай бәрі бос сөз» дегендей пайымын келтіріп, бұл үшін Ұлттық спорт ойындарының ғылыми-зерттеу орталығы керектігін басшыларға туралай айтты.
Шараның жаңалығы екеу дегіміз келеді: бірі - Баянөлгей маңғолы Баткірелдің Жамбы атудан басты бапкер болып келгендігі; екіншісі- тері илеуші кәсіпкер Максим Терновтың көкпар серкесінің орнына «муляж» жасауға кіріскендігі. Дегенмен, семинарда емес, қалтарыста маңғолға қарағанда мажарлық қыпшақтардың жамбы атудан әлдеқайда ілгері кеткендігі және бұл спортта техника мен технологиялық мәселелерді шешуде олармен көп нәрсе тындыруға болатындығын ескеру қажеттігі айтылғанын жасыра алмаймыз. Ал, көкпардың жасанды серкесін жасауға тапсырыс берілген кәсіпкер барынша тырысқан, алайда жауапсыз сауал әлі көп. Максимнің айтуынша, Алматы облысында жарты жылдан бері былғары «терілі» қылсыз «серкемен» көкпар тартуда көрінеді. Оның иленгені сондай кәдімгі серкеге ұқсап кетті дейді. Алайда, мұны зерттеп, зерделеп, сынақтан өткендігі жайында талдау ешкімнің ауызынан шыққан жоқ. Ал, жүнді серке, теңкиген ісекке көбірек ұқсайды... Қысқасы, бұл мәселе әлі де жүйесіз қолға алынуда секілді...
Жамбы ату спортының қолға алынуы қуантады, алайда бізде кәдесыйға жарайтыны болмаса, нағыз атысқа арналған садақ та, жебе де жоқ болып шықты. Кейбір мамандардың айтуынша бұған оңтүстік кәрейлер төселіп алған құсайды.
Қалай болғанда да, өңшең ұлтшыл қауым жиналған мереке ерекше өтті. Жұрт бір серпілді. Дегенмен, біз үшін бастысы – ұлттық спорттың дәйекті түрде дамуы.
Абай-ақпарат