Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 6655 0 пікір 17 Сәуір, 2014 сағат 12:29

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ "АБАЙДЫҢ" АТЫНА АБАЙ БОЛЫП ЖҮР

«Абай» порталы – еркін ақпарат алаңы. Хат сандығымызға келіп түскен Садық Смағұловтың төмендегі мақаласына қатысты ой-пікірлер болып жатса, оны да жариялауға әзірміз.

Abai.kz

 

 

Жамбыл облысындағы Абай атындағы драмтеатрдың маңдайшасындағы Абай есімін алып тастағанына 12 жыл болды. Жоқ жерден дау іздегендер «Дайрабайдың көк сиырының емес, қазақтың маңдайына біткен ұлы Абайын» дауға айналдырды. Абайдың драмтеатрды 60 жыл иеленгені жетер деп есімін Асқар Тоқпановқа алып беруді ұйғарады. Кейін   Сүйінбайдың рухын мазалап сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының бастығы Әлібек Әмзеевті әлекке салып, Сүйінбай ақынның атын беру керек деп дау шығарады.

Рас, Сүйінбай теңдесі жоқ айтыс ақыны. Қырғыздың Қатаған ақынын жер қаптырып жеңуі не тұрады? Зәулім ескерткіш қойса да жарасады. Сатқын Сыпатайды «батыр» деп дәріптегеннен гөрі Сүйінбайдың есімі ел сүйсінерлік есім емес пе? Кенесары ханның кегін алған бірден бір адам, бірден бір ақын. Сүйінбай айтқан отты сөзді Жамбыл жырау да айта алған жоқ. Сүйінбайдың есімін жаңғыртқысы келсе, жаңа мәдени ғимарат салып алдына ескерткішін қойса, исі қазақ риза болар еді.

Қылышынан қан тамған Сталиннің заманында қазақтың ұлы ақыны Абайдың 100 жылдық мерей тойын өткізу құрметіне ЦК ВКП(Б) и СНК Каз. ССР үкіметінің 26 сәуірде қаулысы шықты. Онда Жамбыл облысының қазақ драмтеатрына Абай есімі беріледі. 1945 жылы 13 маусымда ұлы ғұлама, Абай танушы ғалым Мұхтар Әуезовтың көзінің тірісінде соғыстан шаршап шыққан Қазақ ССР-да ұлан асыр тойда өткізілді.

Бүгін «келуі оңай, ұстап тұруы қиын» тамылжыған ТӘУЕЛСІЗДІК орнаған Назарбаев заманында Жамбыл облысының әкімІ болған «тарихшы», кәдімгі қытайдың Таң дәуіріндегі классик  ақыны  Ли Боны Абайдан да мықты, Дулаттан шыққан ақын жасаймын деп іске кіріседі. «Арқа еті арша, борбай еті борша» болып сенаторлық мансабын пайдаланып, газеттен газет қоймай мақала жазған Өмірбек Байгелді қазір маңдайы тасқа тиіп тынышталған «жасампаз тарихшы» болып қалды.

Облыс әкімдері біріне бірі «Абайдың атына абай болыңдар» деген аманат қабылдағандай 28 наурыз 2002 жылы № 34-ші «мәдениет басқармасының коммуналық, мемлекеттік қазналық кәсіпорындардың атын өзгерту туралы» қаулы қабылдатады. Жамбыл облыстық Абай атындағы  қазақ драмтеатры  «коммуналдық мемлекеттік қазналық кәсіпорын болып аты өзгертілсін» делінген «Абай есімі алып тасталынсын» деген сөз жоқ. Қол  қойған әкім міндетін атқарушы А. Савченко. Бұл кездегі әкім Серік Үмбетов. Бұндай қаулыны Алматыдағы Абай атындағы Опера және Балет театры да бастан кешкен. Бірақ Абай есімі алып тасталынған жоқ. Ала бөтен жау шапқан Жамбыл облысы болып тұр. 2005 жылы № 5 қаулысымен белден басып  «заңдастырылмаған» деген желеумен Абай есімі алып тасталынады. Ұжым мүшелері Абай рухынан айырылып, есімсіз қалғанына арнап әйгілі жұрналшы САҒАТ  АРЫНҰЛЫның жазған мақалалары, К.Мәсімовке, Қ.Тоқаевқа, депутат Н.Сабелияновқа араша сұрап жазған хаттары бір кітап болды. Енді Жамбыл облысының әкімі КӘРІМ НЕСІПБЕКҰЛЫ КӨКРЕКБАЕВҚА ашық хат жазылғанын ДАТ газетінен оқып отырмыз. 60 жыл заңды болып тұрған ұлы есім, заңсыздыққа қалай ұшырады? Жамбылдықтардың ала жібін аттады ма? Неге екені жұмбақ қалпында қалып тұр. Ұлы Абайдың 150 жылдық тойында ел президенті Н.Ә. Назарбаев: «Қазақ халқыың киесі--ары мен намысы, ақылы мен жүрегі ұлы Абайдың әруағына басымды ием» деген сөзі қайда қалды? Серік Үмбетов қазақ емес пе еді, Абай әруағына басын имей ме?

Тараз қаласындағы «мәдени төңкеріс» бір бұл ғана емес. Кенен Әзірбаев атындағы кинотеатр «мейрамханаға» айналса, Шоқан Уәлиханов атындағы кең экранды кинотеатр А. Момышевтің жекеменшігіне өтіп маңдайшасындағы есімі балталап шабылып өшірілді. «Мәдени төңкеріс» осымен аяқтала ма? Жауабы табылмайтын сұрақтар жиілеп барады. Мәжіліс депутаты Нұртай Сабелияновтың Кәрім Мәсімовке жолдаған сауалнамасына қайтарған жауабнамасы сиыр құйымшақтанып жоқ болды. «Қайта шапқан жау «жақсы» демекші қайта оралған Кәрім Мәсімовке Нұртай Сабелияновтың сауалнамасы қайта жаңғырып дәйекті жауабын табар деген сенімдеміз. Абай рухы қолдаған абайшылдар не дер екен?!

  Садық  СМАҒҰЛОВ

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434