Жұма, 27 Желтоқсан 2024
46 - сөз 6382 0 пікір 14 Сәуір, 2014 сағат 10:05

... МЕН ОДАН ДА ЖАС ЕДІМ

Дина Төлекова. 20 жыл бұрын ОЛ жас еді. МЕН одан да жас едім

1994 жылдың сәуір айы... Үйден шықтым. Бағытым - Талдықорған облыстық телерадиокомпаниясы. "Өзім заңгермін. Менен тілші қайдан шықсын? Кеше үйге келген ағамның жолдасы "телевидениеге барып, бағыңды сынап көр, бас редакторымен сөйлесіп қойдым" дегенге, келісімімді бере салғаным қай сасқаным? Жергілікті газетке анау-мынау дүниелерімді жариялап тұрғаным болмаса, шын журналист болу қайда маған? Қазір әлгі редактор кабинетінен қуып шықса қайтем? Өзім біреу бірдеңе дей қалса, бетім қызарып кетуші еді. Егер жұмысқа алып жатса, ұялмай-қызармай телевизордан қалай шықпақпын? Менен тележурналист шығу қайда? Әй, мен де, қолымнан келмейтін дүниеге кірісіп "- деп сан мың ойға батып, дір-дір етіп келе жатқаным кеше сияқты еді... Содан бері аттай 20 жыл өте шығыпты. Одан бері көп өзгеріппін... Мінезім, болмысым, өмірлік көзқарасым, тіпті жан-дүнием де мүлдем бөлек. Иә, иә... Мені өмір өзгертіпті. Бір рет постқа астарлап былай деп жазғаным есімде: "20 жыл бұрын ОЛ жас еді. МЕН одан да жас едім. ОЛ маған "айт, айта түс" дейтін. Ол кезде менің айтарым аз болатын. 20 жыл өткесін, МЕНІҢ айтарым көбейді. МЕН айта түстім. ОЛ аузымды жаба түсті. МЕН қаба түстім. ОЛ маған қара күйе жаға түсті деп". Бұған басқадай пікір қосу артық шығар...
Өзге үшін емес әрине, өзім үшін еңбек жолымдағы 20 жылым айтулы дата. Өзіңе-өзің есеп беретін кезең. Шынымды айтсам, өзім шыққан белгілі бір белесті аса керемет көңіл-күйде қарсы алғам жоқ: "Неменеге журналистиканы таңдадым. Түк бітіргем жоқ. Осы жылдарда мың-миллион жаңалық түзіп, сараптама жасаған шығармын. Ал соның іргелісі қайсысы? Зая кеткен уақытым-ай",- дегендей ойлардың жаңбырының астында қалдым. Ал енді кешелі бері менің тағдырыма алаңдаушылық білдіріп жатқан сан мың ағайынды көріп, райымнан қайттым. Патша көңіл көрермендерімнің ыстық ықыласынан, ілтипатынан артық не бар? Сетінемеген сенімдері ше? Бұл - бір сәттік эфир үшін күн ұйықтамай, түн ұйықтамай, кейде асырып айтып, енді бірде жасырып айтып, тек сіздерге шынайы ақпарды жеткізуге шама-шарқымша барымды салған менің және осы қызметте менімен жүрген барша ұжымның еңбегінің ақталғаны деп білем... Зу етіп өте шықанымен эфир көп ойлағандай оңай дүние емес. Ол асқан жауапкершілік. Ол төзім. Ол жанкешті еңбек. Сол бір 1-2 минуттық немесе жарты сағаттық сюжеттің артында сандаған адамның сан күндік маңдай тері мен еңбегі бар... Айтпағым, қазақтың бір қара қызына алаңдап қана қоймай, жылы сөздеріңізбен қуат берген сіздерге мың алғыс!

Facebook.com Жеке парақашасынан алынды

ABAI.KZ

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052