САҚ БОЛЫҢЫЗ! ЖАН-ЖАҒЫҢЫЗ НАШАҚОР...
Президенттің саламатты өмір салтын орнықтыру жөніндегі тапсырмасында Қазақстан халқының есірткімен әуестенуін 2015 жылға дейін 15 пайызға азайту жүктелген. Осы тапсырманы орындаймыз деп үкімет 2012-2016 жылдарға арналған есірткі және есірткі бизнесімен күрес жөніндегі бағдарлама қабылдаған болатын.
Мемлекет Басшысының осы нәубетке алаңдаушылық білдіруінің салмақты себептері бар. Өйткені, есірткі тұтынушылық қазір біздің еліміздегі әлеуметтік маңызы бар проблеманың біріне айналып отыр. Бас прокуратураның мәліметтеріне қарағанда Қазақстандағы нашақорлар саны 50 мың адамның төңірегінде екен. Алайда бұл сандардың толық еместігін прокуратураның өзі мойындап отыр, өйткені кем дегенде әрбір үшінші нашақор есепке тұрудан қашады. Ал 2001 жылы Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі нашақорлар саны 250 мың адамнан артық екенін жариялаған. Бірақ кейбір ғылыми сараптарға қарағанда олардың саны сол кездерде 500 мың адамға жетіпті.
Міне, осы мәліметтерге назар аудара отырып, Мәжіліс депутаты Талғат Ерғалиев Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады. Жоғарыдағы мәліметтерден басқа депутат өзінің сауалында 2013 жылдың қорытындысы бойынша Бас прокуратура есірткі және оның айналысына қатысты жасалған ауыр қылмыстар саны 4215 болғанын және оның жартысынан артығын жас адамдар жасады деп хабарлағанын жазады. Т.Ерғалиев есірткі тұтынушылардың жас шамасы мектеп оқушыларының деңгейіне дейін түсіп кеткені тіпті алаңдатарлық жәйт екенін айта келіп, осының өзі ұлттың саулығына келтіретін зор қатер деп атап көрсетті.
Өзінің осы проблеманы терең зерттегенін көрсеткен Талғат Ерғалиев одан әрі біздегі есірткі құмарлыққа тосқауыл қоятын шаралардың дәрменсіздігін, қолданылатын әдістердің тиімсіздігін де айтты. Өйткені, біріншіден, нашақорлықтың алдын алу шаралары жүйелі түрде және жаппай жүргізілмейді. Соның кесірінен нашақорлық науқастың өзінің және оның отбасының ғана жеке проблемасы болып қала береді. Екіншіден, нашақорлықтан әлеуметтік сауықтандыру жүйесі тиісті деңгейде емес. Нашақордың өзі жұртқа жарияланып қаламын ба деп арнаулы көмек орындарына қаралуға қорқады. Сонымен қатар қаралуға ақшасы да бола бермейді. Үшіншіден, мемлекет те, қоғам да есірткі құмарлықты өсіруге ұланғайыр қаржылық шығын жұмсап, оның таралуына лобби жасайтын күштердің қауіптілігіне назар аудармайды. Төртіншіден, есірткіге қарсы күресте қоғамның азаматтық ынтымақтастығы төмен. Бесіншіден, Қазақстанның географиялық орналасу жағдайы Ауғанстаннан шыққан есірткінің Еуропа мен Ресейге өту жолының үстінде. Міне, осы жағдайлар біздегі нашақорлықтың үдеуіне әкеліп отыр, дей келіп депутат өзінің сауалының негізгі мәселесіне ойысты.
Жағдай осындай болып тұрғандықтан нашақорлыққа қарсы күресті үдету керек деп санаймын. 2014 жылдың республикалық бюджетінде нашақорлықпен күреске 142 млн. 529 мың теңге қарастырылған. Соның 14 млн. 398 мың теңгесі Денсаулық сақтау министрлігіне бөлінді. Бұл қаражатты министрлік нашақорлықты анықтайтын психологиялық тест жасаудың компьютерлік бағдарламасын әзірлеуге және балалар мен жасөспірімдер арасындағы есірткі құмарлықтың алдын алу шараларын жүргізуге жұмсайтынын көрсетіпті. Біздіңше, нашақорлыққа қарсы күресте мұндай шаралар мүлде аздық етеді. Бұл есірткі құмарлықтың ұлттық қатерге айналып бара жатқанын ұқпаудың көрінісі, дей келіп депутат Премьер-Министрден осынау нәубетке қарсы қосымша шаралар ұйымдастыруды және оған қаржылық қолдау жасауды сұрайды. Соның ішінде жасөспірімдерді әскер қатарына шақырғанда, студенттер мен оқушыларды медициналық комиссиялардан өткізгенде олардың бойында есірткі дақтары бар-жоғын анықтап отыру керектігін айтады. Әрине, бүкіл елімізге қасіретін тигізетін бұл нәубетке қарсы күресті тиімді жүргізу керектігін үкімет басшысы да ұғатын шығар деп ойлаймыз.
Жақсылық ҚУАНДЫҚ
Abai.kz