Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6143 0 пікір 17 Сәуір, 2009 сағат 06:00

«ЭКСПО БАҒЫНДА» 70 ТҮП АЛМА АҒАШЫ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Ақмола облысы, Аршалы ауданына қарасты Арнасай елді мекенінде 5 мамыр күні ерекше іс-шара өтті. Ауылдағы «Вячеслав» орта мектебі «Астана ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесіне орай өзгелерге үлгі боларлық айтулы шараны қолға алыпты.

Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғаш болып 2017 жылы, «болашақтың энергиясы» деген тақырыппен «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізетіні белгілі. Осыған орай елімізде ауқымды шаралар қолға алынып, қолдау, насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Солардың қатарында - «Вячеслав» мектебінің өз ауласында «Экспо бағын» орнатуы. Бұл шараның тағы бір ерекшелігі; оның Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығына орайластырып, мектеп аумағында жетпіс түп алма ағашы отырғызылуы. Шара Мемлекеттік Әнұранымен басталып, әскери бөлім жауынгерлері соғыста қаза болған жауынгерлердің құрметіне арнап оқ ату рәсімін орындады.

         Шараны ұйымдастырушылар - «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы, «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі, G-GLOBAL Халықаралық хатшылығы, «Ақбота» қоғамдық қоры және «Тұрақты даму» Жер қоры.

Аталған білім ордасында осындай іс-шараның өтуі тегін емес. Өйткені мектеп оқушыларын бірінші сыныптан бастап отанды сүю, табиғатты аялау қасиеттеріне баулиды. Олар қоршаған ортаға зиянсыз энергия көзін пайдалануды сөз жүзінде ғана емес, нақты істерімен дәлелдеуде. Айталық, мектеп ауласындағы шағын жер телімінде оқушылардың өздері өсіретін жылыжайлар орналасқан. Оны күтіп-баптау үшін озық технологиялар пайдаланылады. Мәселен, суды жылытуға күн батереяларын және жарық иодты жарықтандыруды, сондай-ақ жылыту мақсатында пиролиздік пешті қолданады. Бүгінде жылыжайда тамшылатып суару әдісі мен су себуге арналған жаңбырлатқыш саптамаларды қолданысқа енгізіп отыр.

«ЭКСПО бағына» жетпіс түп алма ағашын отырғызу акциясына Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары: Серік Нөгербеков, Айгүл Соловьева, Серік Оспанов, Надежда Нестерова, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэролин Браун, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының Басқарушы директоры Салтанат Рақымбекова және жергілікті тыл ардагерлері, ауыл жұртшылығы, жастар ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Акция барысында сөз алған сенатор С.Нөгербеков «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің маңызы мен мәнін айтып, бүгінгі іс-шараға ризашылығын жеткізді. Жетпіс түп алма ағашының келешекте үлкен аумақты алатын жетпіс мың түп алма ағашы бар алып баққа айналуына тілектестігін білдірді. Ұлттық компанияның Басқарушы директоры Салтанат Рақымбекова осы акцияны өткізуге қолдау көрсеткен мектеп ұжымына алғыс айтты. Сондай-ақ, білім ордасының еліміздегі басқа мектептерге үлгі болатынына сенім артты.

Іс-шара кезінде Вячеслав мектебінің оқушыларына «Экспо бағын сақтаушы» деген сертификат салтанатты түрде табыс етілді. Жиын соңы мерекелік концертпен аяқталды.

Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036