Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6988 0 пікір 5 Қыркүйек, 2014 сағат 15:40

ЗАҢДЫ БИЛІК САҚТАМАСА, БІЗ ДЕ ЗАҢҒА ҚАЙШЫ ӘРЕКЕТ ЕТЕМІЗ

Астана қаласында бір топ қоғамдық ұйым басшылары, қоғам қайраткерлері ҚР Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдап, 4 талап қойды. Оның ішінде бірінші талап, ҚР Энергетика министрі Владимир Школьникті қызметінен алу турасында екен. Осыған орай алғашқылардың бірі болып жаңа министрдің тағайындалуына қарсылығын ашық білдірген белгілі заңгер, Қазақ Ұлттық кеңесі төрағасының орынбасары Мақсат Ілиясұлынан мән-жайды сұрап, білдік.

 

- Мақсат мырза, Владимир Школьникке алдымен шүйлігіп, оның министр болуына қарсы шыққан сіз болдыңыз-ау деймін. Министр мырза несімен ұнамай қалды? Сіздің ұлтшыл екеніңізді білеміз, сондықтан министрдің қазақ еместігі негізгі себеп емес пе?

- Оның негізгі және жалғыз себебі – Владимир Школьник мырзаның Ресей Федерациясына бүйрегі бұрып тұратындығы. Бүкіл энергетиканы, оның ішінде мұнайы бар, газы бар, атом саласы, жылу, электр бәрін жиып-теріп басқа бір елдің мүддесін қорғаушы ретінде көзге түсіп жүрген адамға беру саяси жағынан да, ұлттық қауіпсіздік мәселесінде де үлкен қателік деп санаймын.

- Нақты дәлел келтірсеңіз?

- Атап айтатын болсақ, Владимир Школьник 2009 жылы ҚР Индустрия және сауда министрі болып тұрған кезде Қазақстанға келетін шет елдік автоколіктерге салынатын кедендік салықты 30 пайызға арттырды. Ал 2010 жылы Кедендік одақ құрылғаннан кейін Ресей автокөліктеріне салынатын кедендік салық жойылды. Соның салдарынан, сапалы шет елдік автокөліктердің бағасы тым шарықтап кетіп, қазақстандық азаматтар сапасыз ресей «ладаларын» алуға мәжбүр болды. Бұл - қазақстандық автодиллерлердің экономикалық зиян шегуіне, ал, 2010 жылдан бастап ресейлік автокөліктердің сатылуы 30% артып, табысқа кенелуіне жол ашты. 2014 жылы Қазақстанда сатылған барлық автокөліктердің 41,5 % ресейлік автокөліктерді құрады. Сөйтіп, В.С.Школьник ресейлік «Автоваз» компаниясының мүддесін ашық қорғады. 

Өзіңіз білесіз, 2009-жылға дейін «Қазатомпром» Ұлттық компаниясы Жапония, Қытай, Канада, Үнді, Франция және Ресей компанияларымен тиімді байланыста жұмыс істеді. Сол кездегі «Қазатомпром» басшысы Мұхтар Жәкішев 2010-жылы Қазақстанның байытылған уранды Жапонияға еркін саудалайтынын, ол туралы Toshiba компаниясымен келісімге қол жеткізгенін мәлімдеді. Алайда, көп кешікпей М. Жәкішев істі болып, оның орнына В. Школьниктің тағайындалуымен  Қазақстанның үш бірдей ірі уран кен орыны «Росатом»  корпорациясына қарасты "Атомредметзолото" холдингіне сатылып кетті. Сөйтіп, аяқ астынан Ресей Федерациясы уран өндірісі бойынша монополияға айналды. Ал, «Атомредметзолото» компаниясының басшысы Вадим Живовтың В. Школниктің туған күйеу баласы болып шығуы– оның Ресей Федерациясына қызмет жасайды деген күдігімізді одан сайын тереңдете түсті.

В. Школьниктің 2011 жылы да Ресейдің «Еврохим» компаниясының мүддесін қорғағаны туралы Александр Трушков деген азамат Президентке ашық хат та жазған. Ашық хатта Александр Трушков  «Еврохим» компаниясына Қазақстанның «Аралтөбе», «Кесіктөбе» және «Гиммельфарб» фосфор кен орындарының В. Школьниктің арқасында қалайша заңсыз өтіп кеткені туралы ашына жазды.

Тағы бір таң қалатын мәселе, бүгінгі Қазақстан билігінің энергетика саласында қос стандартта саясат жүргізіп отырғандығы.  Бәріміз жалаулатып жүрген «Қазақстан-2050» бағдарламасына сәйкес, 2013 жылы Қазақстан Республикасында «жасыл экономиканы» дамыту мен  «жасыл экономикаға» көшу Тұжырымдамасы Президент жарлығымен бекітілді. Оған қоса 2017-жылы EXPO-2017 көрмесін өткізгелі отырмыз. Онда да «жасыл экономиканы» дамыту басты назарда  тұр.   Соған  қарамастан  екінші жағынан Ресейге атом электр станциясын салуға рұқсат етеміз. Бұл жерде де В. Школьниктің Қазақстанда АЭС салуды, ол АЭС-ті Ресей Федерациясының қолымен салуды және солардың атом реакторын қолдануды насихаттаумен келе жатқаны мәлім. Енді, ол министр болғанда бұны жүзеге асыратыны анық.

- Бұл ақпараттың бәрі қаншалықты шындыққа жанасады? Ертең министр сізді заңсыз айып тақты, ар-ожданыма нұқсан келтірді деп сотқа жүгінсе қайтесіз?

- Олай болуы да ғажап емес. Мен айтып отырған жағдайлардың бәрі осы уақытқа дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жазылған. Президенттің атына хат та жазылған. Бірақ, не Бас прокуратура, не болмаса бұрынғы Қаржы полициясы тарапынан бір де бір тексеру, анықтау шаралары болған емес. Ал егер енді Школьник мырза мені немесе Президентке хат жазған 31 заңды тұлға мен 507 жеке азаматты жала жапты деп сотқа берсе, құба-құп. Онда біз сол жағдайды пайдаланып, көп мәселенің «су бетіне» шығуына күш саламыз.

- Ал егер Школьник мырза бұл хатқа назар аудармаса, Президенттен жауап ала алмасаңыздар не істейсіздер? Президентке қаншама ашық хаттар жолданып жатыр, бірақ сол хатқа жауап беріліп, нәтиже шығып жатқан жағдай байқалмайды ғой?

- Өкінішке қарай Ақ орданың табалдырығын аттаған түрлі-түрлі сәлемдемелер мен өтініштерден хабар жоқ. Қазақтың айтулы зиялылары мен азулы азаматтары қол қойған Халық өкілдерінің Құрылтайы жолдаған хатқа да жауаптың болмағаны рас. Бірақ енді үнсіз қала беретін уақыт артта қалды. Егер Президенттің өзі, оның әкімшілігі заң талабын бұзып, бір айдың ішінде ресми жауап бермесе, біздің де заңға қайшы келетін әрекеттерге баруға моральдық құқығымыз болады деп есептеймін. Жалпы бұл шараны ұйымдастыру барысында біз Конституцияның 33-бабына сүйенгенімізді атап өткен жөн. Енді Президент мырза Конституция талаптарын аяқ асты етпейтін шығар деген үміттеміз.

- Заңға қайшы әрекеттер деп нені меңзеп отырсыз?

- ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңының 8-бабында хатқа жауап беру мерзімі анықталған. Егер Президент сол мерзімде жауап бермесе, аталған заңды бұзған болып есептеледі. Бұл жағдайда біз   «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» заң талаптарын орындай алмаймыз деп ойлаймын. Былайша айтқанда біз рұқсат етілмеген митингілерге, шерулерге, пикеттерге шығуымыз мүмкін.

- Владимир Школьниктің министр болып тағайындалуына ЕАЭО құрылуының әсері бар деп ойлайсыз ба?

- Ия, ЕАЭО құру туралы келісім шарт бойынша одаққа мүше елдердің ортақ мұнай және газ базасы жасақталуы тиіс. Сол үшін де Владимир Школьниктің дәл энергетика министрі болуына Ресей билігі күш салды деп ойлаймын.  Оның тағайындалуына жақындағы Ресей сыртқы істер ведомствасының бастығы Сергей Лавровтың Қазақстанға келуі әсер етті деуге негіз бар. Себебі сол сапарда Сергей Лавров атом электр станциясын салу туралы ведомстваралық келісімнің дайын екенін де айтқан болатын. Ал Школьник мырзаның атом станциясын салуда Ресейдің атын оздыруға мүдделі екенін айттым.

Сонымен бірге біз   2010-жылы В. Школьниктің «Қазатомпром» компаниясы есебінен 55 миллион АҚШ долларына «Бәйтерек» яхтасын жасатқаны туралы да хатта көрсеттік. Ол туралы ақпарат құралдары да жазған. Енді сол жағдайды тиісті құқық қорғау органдары тексеруі тиіс деп есептейміз. Кеше ғана Президент жемқорлықпен күресті күшейту туралы тапсырма берді. «Нұр Отан» партиясы жемқорлықты жеңеміз деп білек сыбанып отыр. Егер олардың жемқорлықпен күресу жөніндегі ниеттері түзу болса, бұл мәселеге назар аударуға міндетті деп есептеймін.

- Әңгімеңізге рахмет

Мақсат Ілиясұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407