БІРІҢ ҚАЛМАЙ КӨШІҢДЕРШІ, АҒАЙЫН!
Ассалаумалейкум, шет жайлап, қиыр қонған қимас қандастар! Айлардың сұлтаны – Рамазан айы мұқыш мұсылман миллетіне мүбәрәк болсын!
Мен осынау үшбу жазбамды өздеріңізге қарата, арнайы жазып отырмын. Мұндай қадамға баруыма асты да үсті де қазынаға мейлінше толы ұлан-байтақ еліміздегі ағайындарымыздың санының аздығы түрткі болып отыр. Осы орайда өздеріңізге айтар өтінішім, «Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!» деген қабырғалы қағиданы ұстана, біріңіз қалмай, түп-түгел Атамекенге бет қойсаңыздар екен?! «Отан оттан да ыстық!» деген ойлы сөз сіздердің де жадтарыңызда сәт сайын жаңғырып тұрады деп білемін. Ендеше, өскелең ұрпағымыздың ертеңін ойласаңыздар, ертерек елге оралғайсыздар?
Өздеріңізге де мәлім, биылғы жылы мемлекетіміз көші-қон мәселесіне ерекше көзқарас танытуда. Осы ұлық игі бастаманы 2020 жылға дейін жалғасатын «Отанға оралу» деген халықаралық іс- шараға ұластырғанымыз ләзім-дүр.
Сіздер қопарыла елге қарай көш түзер болсаңыздар, «халық қаласа, хан түйесін сояды» демекші, Нұрсұлтандай Елбасымызда өздеріңізге мүмкін болған барлық жағдайдың жасалуына пәрмен береді деп білемін. Олай болса, алтын бастарыңыз шетте қалмай ата-баба кіндік қаны тамған аяулы Атамекенге оралғайсыздар?
Барша бауырларға дұғай-дұғай сәлем!
Ізгі ниетпен: Бекен Қожамқұлов
Abai.kz