Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Осы ғой енді... 5357 0 пікір 9 Шілде, 2014 сағат 11:27

"АЛАЯҚ" ДЕПУТАТТАР

Жуырда алашқа белгілі ұлтшыл екі депутаттың озбырлығы туралы хабардар болып жағамды ұстадым. Бұларды атап, халыққа жек көрінішті ету мақсат емес, халқымыз тіпті түңіліп кетер деген оймен кім екенін айтпастан болған жайды жайып салуды жөн көрдім.

Әңгіме былай.Иманға берілген бір жігіт өз ауылынан жеке мешіт салады. Оны тіркетеді. Бұл 2000 жылғы жайт болса керек. Сол кезде Қытайдың мұнай компанияларының тасы өрге домалай бастап, оған өңірдегі әкімдік те, азаматтар да қол жая бастаған кез. Содан әлгі жігіт әйгілі ұлтшыл депутатқа барып, мешітке қаржылай көмек етуді өтінеді. Бірнеше айдан соң, депутаттың көмекшісі мешіт иесіне қоңыраулатып, «келіп кетіңіз,шаруаңыз шешілгелі тұр» дейді. Алып-ұшып жетіп келіп, депутат ағаға қоңырау шалып, рұқсаттама сұрайды. Содан бұл Рұқсаттама бюросында 4 сағаттай күтеді. Ағасы да, көмекшісі де телефон алмайды. Жұмыс уақыты біте бастағанда соңғы қоңырауды алған жабырқаулы көмекші «Ағасы, мен енді бұл іске араласа алмаймын, тікелей депутат ағамен шешерсіз» деп тұтқаны қоя салады.

«Бақсақ бақа екен» демекші, жағдай былай болыпты. Мешіт иесінің келіп қалғанын білген «абзал» ағамыз көмекшісін жерден алып жерге салады, «Ол неге бұл туралы біліп қалады, неге хабарлайсың?» дегендей әңгіме болады. Қысқасы, депутат мешіт иесінің хатын желеу етіп обләкімдік арқылы қытайлардың бөлетін әлеуметтік қорынан 4 млн теңге ақша бөлдіруді шешсе керек. Бірақ ойы басқа болатын... Оның бұл ойына «ақымақ» көмекші кедергі бола жаздапты.

Ақыры мешіт қаржыны ала алмайды. Иесі індетіп бақса, депутат қытайларға өз баласы ашқан банк реквизитін беріп қаржыны соған аудартыпты. Оттасып-соттасуға жоқ иманды қазақ жыртық астауымен қала беріпті...

Тағы бір дүркін әңгіме басқа бір депутат көмекшісіне қатысты. Бұл да әйгілі ұлтшыл депутат. Көмекшісі де осал емес ұлтшыл екен. Бірақ әлгі депутатымыз сайлаушыларының хатына жауап беруге салғырт қарайды. Сайлаушылар болса, үсті-үстіне жазып, телефон соғып көмекшінің мазасын алатын әдеті. Көмекшісі шыдай алмай, қол қойылмай жатқан бірнеше айлық жауап хатты депутаттың фамилесімен тиісті органдарға тоғытуды бастайды. Біршамасының мәселесі шешіліп, депутат тарапына алғыс пен мадақ жауады. Әлгі депутат та аң-таң. Өзінің мұндай хатпен ісі жоғын да біледі. Мәселенің төркіні көмекшіден екенін білген ол қолбаласын тықсыра бастайды,бірақ не үшін екенін де айтпайды. Сөйтіп, әлгі көмекеші парламенттегі мемқызметтен кетуге мәжбүр болған...

Бұны ортаға салғандағы мақсат: біздің ұлтшыл деген кейбір, бәрі емес, аға-апаларымыздың осалдығы,алаяқтығы, өз ісіне салғыртығынан айналасы ғана емес, ұлт та жапа шегіп жүр-ау деген ойды білдіру. Кім екендерін білмей-ақ қойыңыз, оқырман.

Сырға Жөргекқызы

 Abai.kz

0 пікір